Хадистер
Азан дегенде ойға бірнеше сахаба оралады. Олар азан сөздерінің қалыптасуына, айтылу мәнерінің орнығуына және Пайғамбар (с.а.с.) үйреткен үлгінің бізге жетуіне үлес қосқан. Енді сол сахабаларды жақынырақ танып көрейік.
1. Абдулла ибн Зәйд ибн Сағлаба (р.а.)
Абдулла ибн Зәйд ибн Сағлаба – Мәдинадағы Хазраж руынан шыққан ансар. Күниясы – Әбу Мұхаммед. Ақабада серт берген алғашқы мұсылмандардың бірі. Бәдірден бастап Алла елшісімен (с.а.с.) бірге барлық жорыққа қатысқан. Мекке алынғанда Бәни әл-Харис ибн әл-Хазраждың туын көтерген.
Алла елшісі (с.а.с.) сахабалармен намаз уақытын жұртқа қалай хабарлауды ақылдасқаннан кейін, Абдулла түсінде азанның қалай айтылатынын көрді. Түсін баяндағанда, Пайғамбар (с.а.с.) оның шынайы түс екенін растады. Азан сөздерін Біләлге (р.а.) үйретуді, намаз уақыты кіргенде сол сөздермен жұртты шақыруды тапсырды.
Ғалымдардың көпшілігі бұл оқиға һижраның бірінші жылы, Пайғамбар мешітінің құрылысы аяқталар тұста болған деп есептейді.
Тирмизи Абдулла ибн Зәйдтің (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) жеткізген жалғыз сахих хадисі азан туралы осы риуаят деп санаған. Ибн Хажар бұл пікірмен келіспей, оның алты-жеті хадисін бір жерге топтастырғанын айтады. Оларды дереккөздерімен бірге атап, мазмұнын қысқаша таныстырады. Абдулладан Сағид ибн әл-Мүсәйяб, Абдуррахман ибн Әбу Ләйла және ұлы Мұхаммед ибн Абдулла ибн Зәйд хадис жеткізген.
Ол һижраның 32-жылы Мәдинада 64 жасында дүние салды. Жаназа намазын Осман (р.а.) оқыды.
Азан туралы түсті Омар (р.а.) да көрген. Дегенмен оны Алла елшісіне (с.а.с.) алғаш айтып, Біләлге (р.а.) үйрету мәртебесі Абдулла ибн Зәйдке бұйырды. Омар Біләлдің азанын естігенде: «Мұны мен де түсімде көрдім», – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): فَلِلَّهِ الْحَمْدُ، فَذَاكَ أَثْبَتُ «Аллаға шүкір! Бұл оны одан әрі растай түсті», – деді.
Омардың (р.а.) да осы түсті көруі азан сөздерінің бекітілуіне үлес қосты деуге болады. Оның «Мен де түсімде көрдім» деуі Абдулла ибн Зәйд жеткізген азан сөздерінің дұрыстығын қуаттап, Алла елшісінің (с.а.с.) шешімін бекіте түсті.
2. Әбу Махзура (р.а.)
Әбу Махзура – Алла елшісі (с.а.с.) Меккеге тағайындаған азаншы. Ол азанның айтылу үлгісін Пайғамбардың (с.а.с.) өзінен үйреніп, сол қалпында кейінгі ұрпаққа жеткізді.
Әбу Махзураның есіміне қатысты деректер әртүрлі. Бір нұсқада Сәмура ибн Миъяр, енді бірінде Әус ибн Миъяр ибн Мухайриз деп аталады. Миъяр есімін Муайин деп оқығандар да бар. Өзге нұсқалар да кездеседі.
Бұхари мен Ибн Мағин оның аты Сәмура ибн Миъяр болған деген пікірді ұстанған.
Әбу Махзураның (р.а.) азаншы болып тағайындалуы және Пайғамбар (с.а.с.) үйреткен азанды өзгелерге үйретуі – Алла елшісінің кісі көңіліне қалай жол тапқанын көрсететін өнегелі оқиға. Бәйһақи «әс-Сунән әл-кубрада» Әбу Махзураның өз сөзін келтіреді: «Бір топ кісі Хунәйннен қайтар жолда Жиғранада Алла елшісіне (с.а.с.) жолықтық. Оның азаншысы азан айтқанда, біз оны келемеждеп, сөздерін қайталай бастадық. Алла елшісі (с.а.с.) дауысымызды естіп, бізді қасына шақырды.
– Құлағыма естілген дауыс қайсыңдікі? – деп сұрады. Жолдастарым мені көрсетті. Сонда ол оларға:
– Бара беріңдер, – деді де, маған бұрылып:
– Ал енді азан айт, – деді. Мен азан сөздерін білмегендіктен, үнсіз қалдым. Сол сәтте дүниеде маған Алла елшісінен жағымсыз адам, оның тапсырғанынан жеккөрінішті іс жоқтай көрінді. Басымды төмен салдым. Ол маған азан сөздерін бір-бірлеп үйретті. Содан кейін ішінде ақша бар қалташа берді. Қолын маңдайыма қойып, бетім мен кеудемді сипап:
– Алла береке берсін! – деді. Сонда батылданып:
– Уа, Алланың елшісі, мені Меккеге азаншы етіп тағайындаңызшы, – дедім. Ол:
– Сені азаншы етіп тағайындадым, – деді. Сол сәтте Алла елшісіне (с.а.с.) деген жеккөрушілігім сейіліп, орнын сүйіспеншілік басты».1
«Усд әл-ғабада» Әбу Махзураның сол күні мұсылман болғаны айтылады: «Алла елшісі оның азан сөздерін қайталап жатқанын естіп, даусын ұнатты да, өзіне шақыртты. Әбу Махзура сол күні мұсылман болды. Хунәйннен оралғанда Алла елшісі оны Меккеге азаншы етіп тағайындады. Ол осы қызметін үзбей жалғастырды».
Сол деректің жалғасына қарағанда, Меккедегі азан айту дәстүрі Алла елшісінің (с.а.с.) өзінен бастау алған. Алғаш азан үйреткен Әбу Махзураның ұлынан ұрпақ қалмаған соң, азаншылық қызмет әуелі оның бауырының ұлына, кейін сол баланың ұлына ауысқан. Олардың да ұрпағы үзілгенде, қызметті сол рудың басқа бір адамы атқарған.
Әбу Махзураның Пайғамбар (с.а.с.) үйреткен азанды жеткізудегі орнын оның ұрпағы Ибраһим ибн Абдулазиз ибн Абдулмәлик ибн Әбу Махзура риуаят еткен мына хадис айқын көрсетеді: «Әбу Махзура: “Алла елшісі (с.а.с.) мені отырғызып, азан сөздерін бір-бірлеп үйретті”, – деген».
Ибраһим: «Дәл қазір біз айтатын азан сияқты», – деген. Одан хадис жеткізген Бишр ибн Муаз былай дейді: «Оған: “Маған да қайталап айтып берші!” – дедім. Ол азанды өзінің айтылу мәнерімен айтып берді».
Риуаятқа қарағанда, Әбу Махзура сол тұста жұрттың ішіндегі ең әуезді әрі ашық дауысты кісі болған. Бірде оның азанын естіген Омар (р.а.) «есінен танып қала жаздаған» деседі.
Әбу Махзура өмірінің соңына дейін Меккеде тұрып, өзге жаққа көшпеген. Азан айтып, дінге қызмет еткен әрі талап білдірген кісілерге азан айтуды үйреткен. Ол һижраның 59-жылы Меккеде дүние салған.
Әбу Махзурадан (р.а.) Ибн Абдулмәлик, Ибн Мухайриз, Ибн Әбу Мүләйка, Ата, Абдулазиз ибн Рафиғ және басқалар хадис риуаят еткен.
3. Біләл Хабаши (р.а.)
Біләл Алла елшісінің (с.а.с.) азаншысы әрі қазынасына жауапты кісі болған. Толық аты – Біләл ибн Рабах. Күниясы – Әбу Абдулкәрим. Әбу Абдулла немесе Әбу Амр деп те аталған. Анасының аты – Хамама. Өзі Бәни Жумахтың басыбайлы құлы болған.
Біләлге Әбу Бәкір (р.а.) азаттық әперген. Ол Біләлді бес, жеті немесе тоғыз уқияға сатып алып, Алла жолында басына бостандық берген.
Біләл (р.а.) – исламды алғаш қабылдаған бақытты жандардың бірі. Сол үшін ол небір азапқа душар болды. Күн төбеге келіп, аптап қысқанда, Үмәйя ибн Халаф оны күйіп тұрған құмға жатқызып, кеудесіне зілдей диірмен тасын қоятын. Құм арқасын қариды, күн кеудесін күйдіреді. Сонда Үмәйя: «Мұхаммедтің Раббысын мойындама», – дейтін. Біләл мұның бәріне сабыр етіп: «Аллаһу ахад! Аллаһу ахад!» (Алла жалғыз), – деп жауап беретін.
Бірде Біләл азапталып жатып: «Ахад! Ахад!» – деп айғайлады. Жанынан өтіп бара жатқан Уарақа ибн Нәуфал: «Уа, Біләл! Ахад! Ахад! Аллаға ант етейін, осы күйде жан тапсырсаң, қабіріңді тілек тілейтін орын етермін», – деді.
Бәни Жумах өз құлы Біләлді үздіксіз азаптады. Тағдырдың жазуымен, кейін Бәдір шайқасында Алла тағала Үмәйя ибн Халафты Біләлдің қолымен өлтіруді нәсіп етті. Біләл исламды алғаш қабылдаған жеті адамның бірі еді. Олар – ардақты Пайғамбар, Әбу Бәкір, Хаббаб, Сухайб, Аммар, Біләл және Сүмәйя. Сол үшін Біләл ауыр азап пен қорлық көрді. Қолын артына, мойнына арқан байлап, балаларға итше жетектететін. Олар Біләлді Меккедегі Ахшабан төбелерінде сүйреп, өздері шаршағанда ғана босататын.
Біләл (р.а.) дініне берік, құлшылығына ыждағатты еді. Мүшріктер оны өз жағына тартпақ болғанда, олардың ашуы мен азабынан қаймықпай: «Алла! Алла!» – дейтін. Оның төзіміне сүйсінген Алла елшісі (с.а.с.) бір күні Әбу Бәкірді (р.а.) көргенде:
– Қолымызда қаражат болса ғой, Біләлді сатып алар едік, – деді.
Содан кейін Әбу Бәкір Аббас ибн Абдулмүттәлибке жолығып:
– Біләлді маған сатып әпер, – деді. Аббас Біләлге иелік еткен әйелге барып:
– Біләл атты құлыңды саған пайдасы барда маған сатасың ба? – деп сұрады. Әйел:
– Оны не қыласың? Нағыз залым. Ол пәлен, ол түген, – деп жамандап, сатудан бас тартты. Аббас (р.а.) кейін тағы кездесіп, ұсынысын қайталады. Бұл жолы әйел қарсы болмады. Аббас Біләлді сатып алып, Әбу Бәкірге (р.а.) жіберді.
Басқа бір риуаят бойынша, Біләл зілдей тастың астында азапталып жатқанда, оны Әбу Бәкір (р.а.) өзі сатып алған. Алла елшісі (с.а.с.) Біләлді Әбу Убәйда ибн әл-Жәррахпен (р.а.) бауырластырған. Біләл өмір бойы Алла елшісінің қасынан айырылмай, оның азаншысы болды. Пайғамбар қатысқан жорықтардың бәріне бірге шықты. Біләлге зор абырой әкелген қызмет – Алла елшісінің азаншысы болу. Исламда алғаш азан айтқан да – сол. Жоғарыда айтылғандай, Абдулла ибн Зәйд түсін жеткізгенде, Алла елшісі (с.а.с.): «Бұл сөздерді Біләлге үйрет. Солармен азан айтсын. Оның даусы сенікінен әуезді әрі ашық», – деді.
Жоғарыда келтірілген кейбір риуаяттарда таң азанына «Әс-салату хайрун минән-нәум» сөзінің қосылуына Біләлдің (р.а.) қатысы болғаны баяндалады. Бір күні ол намаз уақыты кіргенін хабарлауға келгенде, Алла елшісінің (с.а.с.) ұйықтап жатқаны айтылады. Сонда Біләл «Әс-салату хайрун минән-нәум» (намаз ұйқыдан қайырлы) деп, міндетін атқарады. Бұл сөзді құп көрген Алла елшісі оны таң намазының азанына қосуды бұйырады.
Мәдинада Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабаларға азан айтқан исламның осы алғашқы бұлбұлы Пайғамбарды жан-тәнімен сүйген жандардың бірі еді. Бұлбұл гүлге ынтық болса, Біләл де Мәдинада ашылып, жұпары қияметке дейін кетпес сол иләһи гүлге, Мұхаммед атты хақ пен ақиқатқа, Алланың гүліне ынтық еді.
Алла елшісі бақилық болғанда, Біләлдің жүрегі жараланып, қабырғасы қайысты. Ол сүйіктісінен айырылудың қайғысын көтере алмады. Мәдинаның әр тасы, әр ағашы, әр адамы, соққан желі мен сайраған құсына дейін оған сүйіктісін еске салды. Сүйгенінсіз Мәдинада қалу тым ауыр еді. Содан ол алысқа кеткісі келді. Алла жолында күресіп, басқа іспен айналысу арқылы қайғысын жеңілдетіп, сағынышын басуға бекінді. Бір күні Әбу Бәкірден (р.а.) Шамға баруға рұқсат сұрады. Ол:
– Жоқ, менің жанымда қал, – деді. Біләлдің кеткенін қаламай, рұқсат бермеді. Бірақ Біләл бір шешімге бекінген еді. Ол:
– Мені өзің үшін азат еткен болсаң, әміріңе бағынып, осында қалайын. Алла үшін азат еткен болсаң, Алла жолына жібере гөр! – деді. Біләлдің бекінгенін түсінген Әбу Бәкір (р.а.):
– Кете бер, – деп, рұқсат етті. Халифаның рұқсатын алған Біләл Шамға барып, сонда қоныстанды. Өмірінің соңына дейін сол жерде тұрды. Содан кейін азан айтпады. Гүлсіз бұлбұл сайрай ма?! Құдыс алынған тұста Омар (р.а.) Шамға келді. Оның келуіне орай Біләл (р.а.) Шамда бір рет азан айтты. Омар бастаған мұсылмандардың бәрі ағыл-тегіл жылады. Бір риуаятта Біләлдің бір күні түс көргені айтылады. Түсінде Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Біләл, неге алыстап кеттің? Бізге келіп кететін уақытың болды ғой», – дейді. Өкінішпен оянған Біләл дереу атына мініп, Мәдинаға аттанады. Қалаға жеткен бетте Алла елшісінің қабіріне келеді. Қабір басында көңілі босап, көзіне жас алады. Осы кезде қасына Хасан мен Хұсайын (р.а.) келеді. Біләл екеуін сағынышпен қайта-қайта сүйіп, құшақтайды. Таң намазының уақыты кіргенде, олар одан азан айтуын өтінеді. Біләл олардың өтінішін жерге тастамай, мешіттің төбесіне шығып, азан айтады. Мәдина халқы үшін сол таң мерекеге айналады. Біләл «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» дегенде, ел шырт ұйқыдан оянып, жер сілкінгендей болады. «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ!» дегенде, жұрт дір етіп, орындарынан тұрады. «Әшһәду әннә Мұхаммәдәр-расулуллаһ!» дегенде, әйелдер бөлмелерінен атып шығып, бүкіл ел көшеге шығады. Сол күні иығы селкілдеп, көзіне жас алмаған тірі жан қалмайды.
Мәдинада ері мен әйелі түгел осылай еңіреген күн бұрын-соңды болмаған екен.
Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) таңертең Біләлді шақыртып: «Уа, Біләл, жәннатта менен озып жүруіңе себеп болған не? Жәннатқа кірген сайын алдымнан сенің аяқ дыбысыңды естимін», – деген екен.2
Біләлдің Алла елшісімен (с.а.с.) бірге өткен өмірі жайында мұндай оқиғалар көп.
Ибн Сағдтың айтуынша, Біләл (р.а.) һижраның 20-жылы алпыстан асқан шағында Дамаскіде дүние салып, Баб әс-Сағир зиратына жерленген. Қайтыс болған жылы ретінде 17, 18, 21 және 15-жылдар да аталады. Бір риуаятта Халабта (Алеппо) дүние салып, Баб әл-Арбағин зиратына жерленгені айтылады. Кейбір деректе дүние салғанда 70 жаста болған делінеді.
Біләл (р.а.) қара нәсілді, ұзын бойлы, арық, сәл бүкірейген, жағы суалған кісі болған. Халид есімді ағасы мен Ғуфайра есімді қарындасы бар еді.
Одан көптеген сахаба мен табиғин, соның ішінде Әбу Бәкір, Омар, Усама, Абдулла ибн Омар, Кағб ибн Ужра, Бара ибн Азиб, әс-Сунабахи, Әбу Осман ән-Нәһди, Әбу Идрис әл-Хаулани, Ибн Әбу Ләйла, Тарық ибн Шиһаб және басқалар хадис жеткізген.
Азан мен қаматқа қатысты үкімдер
عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّ مُؤَذِّنًا لِعُمَرَ أَذَّنَ بِلَيْلٍ فَأَمَرَهُ أَنْ يُعِيدَ الْأَذَانَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Қазақша аудармасы
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Омардың (р.а.) бір азаншысы түнде азан айтып қойды. Омар оған азанды қайта айтуды бұйырды».1
- 1Әбу Дәуіт, «Салат» (532–533).
وَلِلتِّرْمِذِيِّ فِي أُخْرَىٰ عَنْهُ: «أَنَّ بِلَالًا أَذَّنَ قَبْلَ طُلُوعِ الْفَجْرِ فَأَمَرَهُ النَّبِيُّ ﷺ أَنْ يُنَادِي: أَلَا إِنَّ الْعَبْدَ قَدْ نَامَ».
Қазақша аудармасы
Тирмизидің Ибн Омардан (р.а.) жеткізген өзге бір риуаяты мынадай: «Біләл таң шапағы білінбей тұрып азан айтқан еді. Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Біліп қойыңдар, құл ұйықтап қалды”, – деп дауыстауды бұйырды».1
Түсіндірме
1. Тирмизи риуаятты «Түнде айтылған азан» тарауында, Әбу Дәуіт «Уақытынан бұрын айтылған азан» тарауында берген.
2. Тирмизи мен бір топ хадис ғалымы екінші риуаятты Пайғамбарға телуді жеткізушілердің бірі Хаммад ибн Сәламаның қатесі деп санаған. Олардың айтуынша, азанды уақытынан бұрын айтқан азаншыға оны қайталауды Омар (р.а.) бұйырған. Әбу Дәуіттің нұсқасында азаншының аты Мәсруһ екені анық айтылған.
Олардың пікірінше, азанды қайталау жөніндегі бұйрық мауқуф риуаятқа жатады. Омар оны Біләлге емес, Мәсруһқа айтқан. Тирмизи бұл мәселені кеңінен түсіндіреді. Риуаят мәрфуғ саналған күнде де, мауқуф саналған күнде де, бұдан шығатын үкім өзгермейді. Ғалымдар арасындағы айырмашылық көбіне риуаятты әрқалай түсіндіруден туған.
3. Алғашқы риуаятта Омар (р.а.) таң азанын ерте айтқан азаншыға намаз уақыты кіргенде азанды қайта айтқызғаны баяндалады.
Екінші хадистің мәрфуғ нұсқасы да осы мағынаны қуаттайды. Біләл Хабаши таң азанын қателесіп, уақытынан бұрын айтқан. Алла елшісі (с.а.с.) оған жұрттан кешірім сұрап, «Ұйқы жеңіп, жаңылысып, азанды ерте айтып қойдым» деген мағынада «Біліп қойыңдар, құл ұйықтап қалды» деп дауыстауды бұйырған.
Азанды уақытынан бұрын айту жөнінде ғалымдар әртүрлі үкім берген:
1. Имам Шафиғи, Мәлік, Ахмад ибн Ханбал, Әузағи мен Исхақ ибн Раһуя таң намазының азанын шынайы таң шапағы білінбей тұрып айтуға болады деген. Жәбир (р.а.) де осы пікірде. Бұл – ғалымдардың көпшілігі ұстанған көзқарас.
2. Әбу Ханифа мен имам Мұхаммед өзге намаздарға сүйеніп, таң намазының да уақыты кірмей азан айтылмайды деп үкім берген. Имам Әбу Юсуф алғашында Әбу Ханифаның пікірін ұстанған. Кейін риуаяттардағы үлгіге сүйеніп: «Таң азанын уақытынан бұрын айтуда айып жоқ», – деген.
3. Кей хадис ғалымдары мешітте екі азаншы болса, таң намазының азанын ерте айтуға болады деген. Олар мұны былай түсіндіреді: «Алла елшісінің (с.а.с.) басында Біләл Хабаши (р.а.) атты бір ғана азаншысы болған. Ол кезде азан таң намазының уақыты кіргенде айтылатын. Ибн Үммі Мәктум (р.а.) екінші азаншы болып тағайындалғаннан кейін, Біләл азанды ерте айта бастады. Сахих риуаяттарда Алла елшісі (с.а.с.): إِنَّ بِلَالًا يُؤَذِّنُ بِلَيْلٍ، فَكُلُوا وَاشْرَبُوا حَتَّىٰ يُؤَذِّنَ ابْنُ أُمِّ مَكْتُومٍ “Біләл түнде азан айтады. Ибн Үммі Мәктум азан айтқанға дейін ішіп-жеңдер”2, – деп ескерткен. Демек, ерте айтылған азанды қайталауды бұйырған № 2465 риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) бір ғана азаншысы болған кезіне қатысты. Мұны Ибн Омардың риуаяты да қуаттайды».
Бұл пікірді ұстанғандар ерте айтылған таң азанын жеткілікті санамайды. Намаз уақыты кіргенде екінші рет азан айту керек дейді.
- 1Тирмизи, «Салат» (203), тараудағы түсіндірме. Әбу Дәуіт, «Салат» (532), осы нұсқа.
- 2Бұхари, «Азан» (617, 622). Мүслим, «Сиям» (1092), мағыналас нұсқалар.
وَعَنْ بِلَالٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: لَا تُؤَذِّنْ حَتَّى يَسْتَبِينَ لَكَ الْفَجْرُ هَكَذَا، وَمَدَّ يَدَيْهِ عَرْضًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Қазақша аудармасы
Біләлден (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) екі қолын екі жаққа жайып: «Таң шапағы саған осылай анық көрінбейінше, азан айтпа», – деді.1
Түсіндірме
Бұл риуаят бойынша, таң шапағы білінбей тұрып азан айтуға болмайды. Алайда риуаят мунқатиғ, яғни жеткізу тізбегі үзік. Жоғарыда келтірілген Бұхари хадисі Біләлдің (р.а.) таң шапағы білінбей, ораза ұстайтын адамдарға ішіп-жеуге әлі рұқсат болған кезде азан айтқанын көрсетеді. Сахих хадис бар жерде әлсіз хадиске сүйеніп амал етілмейтіні белгілі.
- 1Әбу Дәуіт, «Салат» (534). Әбу Дәуіт бұл риуаяттың жеткізу тізбегі үзік екенін көрсеткен.
وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ سَائِلًا سَأَلَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنْ وَقْتِ الصُّبْحِ فَأَمَرَ بِلَالًا فَأَذَّنَ حِينَ طَلَعَ الْفَجْرُ، فَلَمَّا كَانَ مِنَ الْغَدِ أَخَّرَ الْفَجْرَ حَتَّى أَسْفَرَ. ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ فَصَلَّىٰ. ثُمَّ قَالَ: هَذَا وَقْتُ الصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.
Қазақша аудармасы
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.) таң намазының уақытын сұрады. Ол Біләлге азан айтуды бұйырды. Біләл таң шапағы білінгенде азан айтты. Келесі күні ол таң әбден ағарғанша күтті. Содан соң Біләлге қамат айтқызып, намаз оқыды. Одан кейін әлгі кісіге: “Намаздың уақыты – осы”, – деді».1
- 1Нәсәи, «Азан» (642), «Таң намазының азаны» тарауы.
وَعَنْ زِيَادٍ بْنِ الْحَارِثِ الصُّدَائِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا كَانَ أَوَّلُ أَذَانِ الصُّبْحِ أَمَرَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَأَذَّنْتُ فَجَعَلْتُ أَقُولُ: أُقِيمُ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ فَجَعَلَ يَنْظُرُ إِلَىٰ نَاحِيَةِ الْمَشْرِقِ إِلَىٰ الْفَجْرِ فَيَقُولُ: لَا. حَتَّى إِذَا طَلَعَ الْفَجْرُ نَزَلَ فَبَرَزَ. ثُمَّ انْصَرَفَ إِلَيَّ، وَقَدْ تَلَاحَقَ أَصْحَابُهُ فَتَوَضَّأَ، فَأَرَادَ بِلَالٌ أَنْ يُقِيمَ. فَقَالَ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ أَخَا صُدَاءَ أَذَّنَ، وَمَنْ أَذَّنَ فَهُوَ يُقِيمُ. قَالَ: فَأَقَمْتُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَاللَّفْظُ لِأَبِي دَاوُدَ.
Қазақша аудармасы
Зияд ибн әл-Харис әс-Судаи (р.а.) былай дейді: «Таңның алғашқы азанын айтар кезде Алла елшісі (с.а.с.) маған азан айтуды бұйырды. Азан айтқан соң: “Уа, Алланың елшісі, қамат айтайын ба?” – деп сұрай бердім. Ол шығысқа, таң шапағы білінетін жаққа қарап: “Жоқ”, – дей берді. Таң шапағы білінгенде, көлігінен түсіп, оңаша барып келді. Содан кейін маған қарай бет алды. Бұл кезде сахабалары да келіп үлгерген еді. Алла елшісі дәрет алды. Біләл қамат айтпақ болғанда, ол: “Суда руының бауырымыз азан айтты. Азанды кім айтса, қаматты сол айтады”, – деді. Содан соң қаматты мен айттым».1
Түсіндірме
1. Суда – Йемендегі Сана қаласынан қырық екі шақырым жердегі мекен. Оның атауы сол жерде тұрған рудың атынан шыққан.
2. Хадисте азан айтқан адамның қамат айтатыны көрсетілген.
Бұл риуаятты басқа хадистермен қатар қарастырған ғалымдар әртүрлі тұжырым жасаған.
Тирмизидің жазуынша, ғалымдардың көпшілігі: «Азанды кім айтса, қаматты сол айтсын», – деген.
Хафыз әл-Хазими «Китаб әл-иътибарда» былай дейді: «Бір кісінің азан, екінші кісінің қамат айтуына рұқсат екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен. Алайда екеуін бір кісінің айтқаны абзал ма, әлде екі кісінің айтқаны ма деген мәселеде пікірлері әртүрлі. Көпшілік екеуінің арасында айырма көрмей, жеңілдікке орын беруді және рұқсатты негізге алған. Имам Мәлік, Әбу Ханифа, Хижаз бен Куфа ғалымдарының көпшілігі осы пікірді ұстанған».
Имам Шафиғи мен Ахмад ибн Ханбалдың азан мен қаматты екі бөлек адамның айтуын мәкрүһ санағаны риуаят етілген.
- 1Әбу Дәуіт, «Салат» (514). Тирмизи, «Салат» (199).
وَعَنْ سِمَاكِ بْنِ حَرْبٍ قَالَ: «كَانَ بِلَالٌ يُؤَذِّنُ إِذَا دَحَضَتِ الشَّمْسُ فَلَا يُقِيمُ حَتَّى يَخْرُجَ النَّبِيُّ ﷺ. فَإِذَا خَرَجَ أَقَامَ الصَّلَاةَ حِينَ يَرَاهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَاللَّفْظُ لَهُ، وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Қазақша аудармасы
Симак ибн Харбтың жеткізуінше, Біләл күн тас төбеден ауғанда азан айтатын. Алла елшісі (с.а.с.) үйінен шыққанша қамат айтпайтын. Ол шыққанда, көрген бойда қамат айтатын.1
- 1Мүслим, «Мәсәжид» (606). Әбу Дәуіт, «Салат» (537). Тирмизи, «Салат» (202).
وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ مُؤَذِّنَانِ، بِلَالٌ وَابْنُ أُمِّ مَكْتُومٍ الْأَعْمَىٰ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.
Қазақша аудармасы
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) екі азаншысы бар еді. Бірі – Біләл, екіншісі – көзі көрмейтін Ибн Үммі Мәктум».1
Түсіндірме
1. Хадис бір мешітке екі азаншы тағайындауға болатынын көрсетеді. Мешіттің, жамағаттың жағдайы мен қажетін ескеріп, азаншы санын көбейтуге де болады. Мәселен, қажеттілік артқанда Осман (р.а.) төрт азаншы тағайындаған.
Шафиғи мәзһабы бойынша, бір азаншы Біләл (р.а.) секілді таң ағармай тұрып, екіншісі Ибн Үммі Мәктум секілді таң ағарған соң азан айтады.
Нәуауидің пікірінше, азаншы бірнешеу болса, азанды әрқайсысының жеке айтқаны абзал. Мешіт үлкен болса, олар әр бұрышта айта алады. Кіші мешітте бірге айтуына болады. Уақыт жетсе, кезекпен айтқаны мұстахаб. Бірге айтуды жамағат құп көрмесе, біреуі ғана айтады. Келісе алмаса, жеребе тартады.
Қаматты азаншылардың біреуі айтады. Бұл құқық азанды бірінші айтқан адамға тиесілі. Азанды бәрі бірге айтса да, қаматты біреуі айтады. Келіспеушілік туса, қамат айтатын адам жеребемен анықталады. Мешіт үлкен болып, қажеттілік туса, екі азаншы қаматты бірге айта алады. Бұл үкім шафиғи және ханафи мәзһабтарына ортақ. Арнайы тағайындалған азаншы болса, қаматты бірінші кезекте сол айтуға құқылы. Жамағаттың бірі одан бұрын қамат айтып қойса, сол да жеткілікті.
2. Ибн Үммі Мәктумның көзі көрмеген. Демек, көзі көрмейтін кісі де азаншы бола алады.
3. Айша (р.а.) Ибн Үммі Мәктумды «көзі көрмейтін кісі» деп сипаттаған. Ғалымдар осыған сүйеніп, «Біреуді таныту қажет болғанда, оның бойындағы кемшілікті де атауға болады» деген. Мұндай сипаттама тыйым салынған ғайбатқа жатпайды.
- 1Мүслим, «Салат» (380а), Ибн Омардан. Әбу Дәуіт, «Салат» (535), Айшадан жеткен мағыналас нұсқа.
وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ لِبِلَالٍ: إِذَا أَذَّنْتَ فَتَرَسَّلْ، وَإِذَا أَقَمْتَ فَأَحْدِرْ، وَاجْعَلْ بَيْنَ أَذَانِكَ وَإِقَامَتِكَ قَدْرَ مَا يَفْرُغُ الْآكِلُ مِنْ أَكْلِهِ، وَالشَّارِبُ مِنْ شُرْبِهِ، وَالْمُعْتَصِرُ إِذَا دَخَلَ لِقَضَاءِ حَاجَتِهِ. قَالَ: وَلَا تَقُومُوا حَتَّى تَرَوْنِي». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «الْمُعْتَصِرُ» الَّذِي يُرِيدُ أَنْ يَأْتِي الْغَائِطَ لِقَضَاءِ حَاجَتِهِ.
Қазақша аудармасы
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Біләлге: “Азан айтқанда асықпа, ал қаматты ширақ айт. Азан мен қамат арасында ас ішкен кісі тамағын жеп, сусын ішкен кісі сусынын ішіп, дәретханаға кірген кісі қажетін өтеп үлгеретіндей уақыт қалдыр”, – деді. Сосын: “Мені көрмейінше орындарыңнан тұрмаңдар”, – деді».1
Түсіндірме
1. Азанға қатысты айтылған «тәрассул» сөзі әр сөйлемнен кейін сәл кідіріп, сөздерді бөлек-бөлек айту дегенді білдіреді. Ибн Қудама оны асықпай, байыппен айту деп түсіндіреді. Ол азанның әр сөзінен кейін тыныс алып, мәселен, басындағы төрт тәкбірді төрт деммен айтуды ұсынады. Нәуауи сахабалар «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деп, басындағы төрт тәкбірді екі-екіден, әр жұбын бір деммен айтуды мұстахаб санағанын жазады. Бұл түсіндірме № 2439 хадистегі Алла елшісінің азаншының сөзін қайталау жөніндегі нұсқауына сай келеді.
2. Қаматқа қатысты айтылған «хадр» сөзі – «тәрассулдың» қарсы мағынасы. Тілдік мағынасы «түсу», «құлау» болғанымен, оқу мәнеріне қатысты «ширақ, жылдам айту» дегенді білдіреді.
Хадисті түсіндірген ғалымдар осы нұсқауға сүйеніп, қамат сөздерін ширақ айтуды, сөйлемдердің арасына азандағыдай кідіріс жасамауды дұрыс көрген.
Ибн Қудама былай дейді: «Азан алыстағы жұртқа арналғандықтан, оны анық, асықпай айтқан жөн. Қамат жиналып тұрған жұртқа арналған, сондықтан оны созудың қажеті жоқ». Омар (р.а.) Бәйт әл-Мақдиске азаншы тағайындағанда: «Азанды асықпай айт, қаматты ширақ айт», – деп ескерткен.
3. «Муғтасир» деп үлкен не кіші дәреті қысып, дәретханаға баруға мұқтаж болған адамды айтады.
4. «Мені көрмейінше тұрмаңдар» деген сөзді автор азаншыға ескерту деп түсіндіреді. Алла елшісі (с.а.с.) мешіт ауласындағы бөлмелерде тұрған. Намаз уақыты кіргенде, қажетінше үйінен мешітке өтетін. Риуаят Пайғамбардың сүннет намазын үйінде оқып, парызды оқу үшін мешітке келгенін көрсетеді. Мұны автор былай таратады: «Мешітке кіргенімді көрмейінше, қамат айтпаңдар. Есіктен кіргенімде айтыңдар. Сонда парыз намазды бірден бастаймыз».
- 1Тирмизи, «Салат» (195). Тирмизи бұл жеткізу жолын әлсіз деп көрсеткен.
عَنْ عُرْوَةَ بْنِ الزُّبَيْرِ، عَنِ امْرَأَةٍ مِنْ بَنِي النَّجَّارِ، قَالَتْ: «كَانَ بَيْتِي مِنْ أَطْوَلِ بَيْتٍ حَوْلَ الْمَسْجِدِ، وَكَانَ بِلَالٌ يُؤَذِّنُ عَلَيْهِ الْفَجْرَ، فَيَأْتِي بِسَحَرٍ فَيَجْلِسُ عَلَىٰ الْبَيْتِ يَنْظُرُ إِلَى الْفَجْرِ، فَإِذَا رَآهُ تَمَطَّىٰ، ثُمَّ قَالَ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَحْمَدُكَ وَأَسْتَعِينُكَ عَلَىٰ قُرَيْشٍ أَنْ يُقِيمُوا دِينَكَ». قَالَتْ: «ثُمَّ يُؤَذِّنُ». قَالَتْ: «وَاللَّهِ مَا عَلِمْتُهُ كَانَ تَرَكَهَا لَيْلَةً وَاحِدَةً»، تَعْنِي هَذِهِ الْكَلِمَاتِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Қазақша аудармасы
Уруа ибн әз-Зубайр Бәни Нажжар руынан бір әйелдің мына сөзін жеткізеді: «Үйім мешіт маңындағы ең биік үйлердің бірі еді. Біләл таң азанын үйімнің төбесіне шығып айтатын. Сәріде келіп, төбеге отырып, таң шапағын күтетін. Шапақты көргенде, керіліп алып: “Уа, Алла, Саған мадақ айтамын. Құрайыш Сенің дініңді орнатсын деп, оларға қарсы Сенен жәрдем тілеймін”, – дейтін де, азан айтатын. Аллаға ант етейін, осы сөздерді бір түнде болса да қалдырғанын білмеймін».1
- 1Әбу Дәуіт, «Салат» (519). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», № 2472.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «لَا يُؤَذِّنُ إِلَّا مُتَوَضِّئٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Қазақша аудармасы
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Пайғамбар (с.а.с.): «Азанды дәреті бар адам ғана айтсын», – деген.1
- 1Тирмизи, «Салат» (200). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», № 2473.
وَعَنِ ابْنِ شِهَابٍ قَالَ: قَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «لَا يُنَادِي بِالصَّلَاةِ إِلَّا مُتَوَضِّئٌ». قَالَ أَبُو عِيسَىٰ: «وَهَذَا أَصَحُّ مِنَ الْحَدِيثِ الْأَوَّلِ».
Қазақша аудармасы
Ибн Шиһабтың жеткізуінше, Әбу Һурайра (р.а.): «Намазға дәреті бар адам ғана шақырсын», – деген. Тирмизи: «Бұл риуаят алдыңғысынан дұрысырақ», – дейді.1
Түсіндірме
1. Бұл сөз бір нұсқада Алла елшісіне (с.а.с.) телініп, мәрфуғ, екіншісінде Әбу Һурайраның (р.а.) өз сөзі ретінде беріліп, мауқуф болып жеткен. Тирмизи мауқуф нұсқаны дұрысырақ санаған. Бір жеткізу жолында мауқуф, екіншісінде мәрфуғ болып келетін риуаяттар да бар. Автор мәрфуғ болып жеткен нұсқаның хадисті жіктеудегі маңызын атап өтеді.
2. Бұл риуаят дәретсіз азан айтудың мәкрүһ екеніне дәлел ретінде келтіріледі. Кей деректе бұрынғы ғалымдардың біразы азан мен қаматты дәретсіз айтуға болмайды дегені айтылады. Ал Айни «әл-Һидаядан» мына үкімді жеткізеді: «Азаншының азан мен қаматты дәретпен айтқаны жөн. Екеуі де қадірлі зікір болғандықтан, дәрет алу мұстахаб. Азаншы дәретсіз азан айтып қойса, азаны жарамды. Шафиғи, Ахмад және ғалымдардың дені осы пікірде. Имам Мәлік дәретті қаматта шарт санаған, азанда шарт санамаған. Ата, Әузағи және кейбір шафиғи ғалымдары дәретті екеуіне де шарт санаған».
Дәретсіз айтылған азанды жарамды санаған Куфа ғалымдары мынаны алға тартады: «Азан намаздың рүкініне жатпайды. Сондықтан намазда шарт болған тазалық азанда шарт емес. Олардың пайымдауынша, құбылаға бет бұру мен хушуғ та азанда мұстахаб саналмайды. Қолды құлаққа апару мен әр жаққа бұрылу хушуғқа қайшы келеді».
- 1Тирмизи, «Салат» (201). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», № 2474. Тирмизидің бағасы оның жинағындағы арабша мәтін бойынша берілді.
وَعَنْ عُثْمَانَ بْنِ أَبِي الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «إِنَّ مِنْ آخِرِ مَا عَهَدَ إِلَيَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَنْ أَتَّخِذَ مُؤَذِّنًا لَا يَأْخُذُ عَلَى أَذَانِهِ أَجْرًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَاللَّفْظُ لَهُ.
Қазақша аудармасы
Осман ибн Әбу әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) маған айтқан соңғы өсиеттерінің бірі азаны үшін ақы алмайтын азаншы тағайындау еді».1
Түсіндірме
1. Осман ибн Әбу әл-Ас – Сақиф руының Алла елшісіне (с.а.с.) жіберген өкілдерінің бірі. Ол топ ішіндегі ең жасы әрі исламды үйренуге ең ынталысы еді. Өзге өкілдер келіссөз жүргізіп жатқанда, ол жасырын келіп, исламды үйренген. Дінді шын көңілмен қабылдап, мұсылман болды. Алла елшісі оның ынтасын бағалап, Таифқа әкім етіп тағайындады. Әкім ретіндегі алғашқы әрі басты міндеті – намаз оқыту. Осы риуаят Алла елшісінің әкімге берген тапсырмаларының бірі азаншы тағайындау болғанын көрсетеді.
2. Хадис азан айтқаны үшін ақы алудың мәкрүһ екенін ашық білдіреді. Бұл мәселеде пікірлер әртүрлі. Кей ғалымдар: «Әуелі азаншылықты ақысыз атқаратын адам ізделеді. Ондай адам табылмаса, олжаның бестен біріне тиесілі қаражаттан ақы төлеуге болады», – деген.
Ибн әл-Араби былай дейді: «Дұрысы – азан айту, намаз оқыту, қазылық ету және өзге де діни қызмет үшін ақы алуға болады. Халифаның өзі осы міндеттері үшін ақы алады. Олай болса, сол міндеттерді атқаратын орынбасарлары да ақы ала алады. Бұл мәселеде Алла елшісінің (с.а.с.) “Жұбайларымның нәпақасы мен қызметкерімнің шығынынан артылып, мен қалдырғанның бәрі – садақа” деген сөзі негізге алынады».2
Ибн әл-Араби азаншының қызметін ел басқарған адамның қызметімен салыстырған. Келтірілген хадис сахих. Дегенмен автор оның осы қиясы насс үкіміне қайшы деп есептейді. Бұл мәселеде Ибн Омардан (р.а.) жеткен пәтуа да бар. Оған сахабалардың ешқайсысы қарсы пікір айтпаған. Бір кісі Ибн Омарға: «Мен сені Алла үшін жақсы көремін», – деді. Ибн Омар: «Мен сені Алла үшін жек көремін», – деп жауап берді. Әлгі кісі себебін сұрағанда: «Сен азан айтқаның үшін ақы сұрайсың», – деді.
Ибн Мәсғудтан (р.а.): «Төрт іс үшін ақы алынбайды. Олар – азан айту, Құран оқу, ортақ іске серік болу және қазылық ету», – деген сөз жеткен.
Тирмизи осы хадиске қатысты: «Ғалымдар азан айтқаны үшін ақы алуды мәкрүһ, оны Алланың разылығы үшін ақысыз атқаруды мұстахаб санаған», – деп жазады.
Бұл қызметтерді, әсіресе азаншылықты, ақысыз атқару абзал. Алайда тек Алланың разылығы үшін ақысыз азан айтатын адам табылмай, діни қызмет әлсіреуі мүмкін. Ондай жағдайда Имам Мәліктің (рахимаһулла) لَا بَأْسَ بِهِ «Мұнда айып жоқ» деген пәтуасын негізге алған жөн. Төрт мәзһабтың төртеуі де дұрыс.
- 1Әбу Дәуіт, «Салат» (531). Тирмизи, «Салат» (209). Нәсәи, «Азан», 32-тарау.
- 2Бұхари, «Уасая» (2776). Мүслим, «Жиһад» (1760), мағыналас нұсқа.
وَعَنْ أَبِي بَكْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ لِصَلَاةِ الصُّبْحِ فَكَانَ لَا يَمُرُّ بِرَجُلٍ إِلَّا نَادَاهُ بِالصَّلَاةِ أَوْ حَرَّكَهُ بِرِجْلِهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Қазақша аудармасы
Әбу Бәкра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) таң намазына шықтым. Ол жолай кезіккен әр кісіні дауыстап намазға шақырды немесе аяғымен түртіп оятты».1
Түсіндірме
Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) таң намазына үйінен шығып, мешіттегі Суффадан өтіп, намаз оқитын жерге барғаны айтылады. Ол Суффа сахабаларының әлі оянбағандарын дауыстап оятқан. Дауысқа оянбағандарын аяғының ұшымен түрткен. Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, намазға оянған кісі әлі оянбағандарды оятуы керек деген.
- 1Әбу Дәуіт, «Салат» (1264).
وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَوْ عَنْ بَعْضِ أَصْحَابِ رَسُولِ اللّه ﷺ: «أَنَّ بِلَالًا أَخَذَ فِي الْإِقَامَةِ، فَلَمَّا أَنْ قَالَ: قَدْ قَامَتِ الصَّلَاةُ؛ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَقَامَهَا اللَّهُ وَأَدَامَهَا؛ وَقَالَ فِي سَائِرِ الْإِقَامَةِ كَنَحْوِ حَدِيثِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ الْمَذْكُورِ فِي فَضَائِلِ الْأَذَانِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Қазақша аудармасы
Әбу Умамадан (р.а.) немесе Алла елшісінің (с.а.с.) өзге бір сахабасынан жеткен риуаят бойынша, бірде Біләл (р.а.) қамат айтып, «Қад қаматис-салаһ» дегенде, Алла елшісі (с.а.с.): «Алла намазды орнықты әрі тұрақты етсін», – деді. Қаматтың қалған сөздеріне азанның артықшылықтары тарауында келтірілген Омардың (р.а.) хадисіндегідей жауап берді.1
- 1Әбу Дәуіт, «Салат» (528).
وَعَنْ نَافِعٍ: «أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا كَانَ لَا يَزِيدُ عَلَى الْإِقَامَةِ فِي السَّفَرِ إِلَّا فِي الصُّبْحِ فَإِنَّهُ كَانَ يُنَادِي فِيهَا وَيُقِيمُ، وَكَانَ يَقُولُ: إِنَّمَا الْأَذَانُ لِلْإِمَامِ الَّذِي يَجْتَمِعُ النَّاسُ إِلَيْهِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Қазақша аудармасы
Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) сапарда таң намазынан басқа намаздарға қамат қана айтатын. Таң намазында әрі азан, әрі қамат айтатын. Ол: “Азан – жұрт айналасына жиналатын имам үшін”, – дейтін».1
Түсіндірме
Бұл риуаятқа қарағанда, Ибн Омар (р.а.) азанның мақсатын жамағатты жинау деп түсінген. Сапарда жұма мен жамағат намазы міндет болмағандықтан, азан айту қажет емес деп үкім берген. Таң азанын қалдырмау себебін Зурқани былай түсіндіреді: «Таң азаны исламның нышанын жариялау үшін айтылады. Таң – жауға шабуыл жасалатын мезгіл де болған. Елді мекеннен азан естілуі оның халқы ислам ұстанатынын білдіріп, мұсылман жасағының шабуылын тоқтататын. Пайғамбар (с.а.с.) бір елді мекенге жорыққа шықса, түнде сол маңға келіп, таң атқанша күтетін. Таң ата азан естілсе, кері қайтатын. Азан естілмесе, шабуылға шығатын».2
«Ибн Омар таң азанын таң атқанын білмей, ұйықтап жатқан серіктеріне естірту үшін айтқан. Өзге намаздардың уақытын олар біліп отырған», – деп түсіндіргендер де бар.
Абдурраззақтың сахих риуаятында Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Азан – басында қолбасшысы бар жасаққа немесе топқа арналған. Ол соларды намазға жинау үшін айтылады. Өзгелерге қамат айту жеткілікті».
Осы риуаятпен қатар, Ибн Омардан (р.а.) әр намазда азан айту керек деген пікір де жеткен. Оны үш имам мен өзге көптеген ғалым құптаған. Ата бұл мәселеде қатаңырақ пікір айтып: «Сапарда азан да, қамат та айтпай намаз оқып қойсаң, намазыңды қайта оқы», – деген. Бұған қарағанда, Ата азанды намаздың дұрыстығына шарт санаған болуы мүмкін. Ибн Абдулбәрр бұған Алла елшісінің (с.а.с.) азанды елде де, сапарда да қалдырмағанын дәлел етіп келтіреді. Қорыта айтқанда, ғалымдар жолаушыға азанды қалдыруға рұқсат, ал айтса сауап алады деген. Мұсылмандар тұратын елді мекенде азан айтылуы керек дегенге де бірауыздан келіскен. Демек, жолаушы үшін де азанның сүннет ретіндегі орны сақталады. Зурқанидің пікірінше, осы деректер азанның мәні жұртты жинаумен шектелмейтінін көрсетеді. Риуаяттарда азанның бұдан өзге көп артықшылығы баяндалған. Олардың бір бөлігі жоғарыда келтірілді.
- 1Мәлік, «Муатта», «Намазға шақыру», 11 (1/73).
- 2Бұхари, «Азан» (610). Мүслим, «Салат» (382), тарихи риуаяттың параллель нұсқалары.
وَعَنْ أَبِي جُحَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ رَأَىٰ بِلَالًا يُؤَذِّنُ، قَالَ: فَجَعَلْتُ أَتَتَبَّعُ فَاهُ هَاهُنَا وَهَاهُنَا بِالْأَذَانِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ. زَادَ التِّرْمِذِيُّ: «وَإِصْبَعَاهُ فِي أُذُنَيْهِ».
Қазақша аудармасы
Әбу Жухайфа (р.а.) былай дейді: «Біләлдің (р.а.) азан айтқанын көрдім. Азан кезінде оның аузын біресе мына жаққа, біресе ана жаққа бұрғанын көзіммен қадағалап тұрдым». Тирмизи нұсқасында: «Екі саусағын екі құлағына қойған еді», – деген қосымша бар.1
- 1Бұхари, «Азан» (634). Мүслим, «Салат» (503). Тирмизи, «Салат» (197), қосымша.
وَعِنْدَ أَبِي دَاوُدَ: «فَلَمَّا بَلَغَ حَيَّ عَلَى الصَّلَاةِ، حَيَّ عَلَى الْفَلَاحِ لَوَّى عَنُقَهُ يَمِينًا وَشِمَالًا وَلَمْ يَسْتَدِرْ».
Қазақша аудармасы
Әбу Дәуіттің нұсқасында: «Біләл “Хаййә алас-салаһ” пен “Хаййә алал-фалаһқа” келгенде, мойнын оңға және солға бұрды. Денесі тұрған қалпында қалды», – делінеді.1
Түсіндірме
1. Соңғы екі хадис Біләлдің (р.а.) азанды қалай айтқанын әр қырынан сипаттайды. Алғашқы риуаят оның «Хаййә алас-салаһ» пен «Хаййә алал-фалаһ» дегенде оңға, солға қарағанын көрсетеді. Екінші риуаят мойнын ғана бұрғанын нақтылайды. Ол орнынан қозғалмай, әуелі басын оңға бұрып, «Хаййә алас-салаһ», содан кейін солға бұрып, «Хаййә алал-фалаһ» деген. Біләлдің азан кезінде бұрылғаны жөніндегі риуаяттар әртүрлі. Бірінде бұрылғаны айтылса, екіншісінде бұрылмағаны айтылады. Ибн Хажар осы екі нұсқаны былай үйлестіреді: «“Бұрылды” дегендер басын меңзесе, “бұрылмады” дегендер денесін меңзеген болуы керек». Алғашқы риуаяттың Тирмизидегі қосымшасында Біләлдің екі саусағын екі құлағына қойғаны айтылған.
2. Риуаяттың толық нұсқасы ұзақ. Мұнда оның тақырыпқа қатысты үзіндісі берілді.
Азан тақырыбына қосымша бөлім
Азанның шығу тарихы
Азанға қатысты риуаяттар көп, әрі олардың арасында айырмашылық бар. Сондықтан азанның егжей-тегжейіне қатысты талас та аз емес. Мұнда әр пікірдің дәлелін таратып жатпай, бірнеше мәселені және ғалымдардың көбі келіскен тұстарды қысқаша баяндаймыз.
1. Азанның Меккеде ме, Мәдинада ма пайда болғаны туралы түрлі пікір айтылған. Меккеде басталғанын көрсететін риуаяттардың бәрі әлсіз. Ғалымдар азанның Мәдинада пайда болғанына бірауыздан келіскен.
Мәдинада нақты қай жылы басталғаны белгісіз. Көпшілік азан һижраның бірінші жылы, Пайғамбар мешітінің құрылысы біткен соң пайда болды деген пікірді ұстанған.
2. Кей риуаятта азан Алла елшісіне (с.а.с.) уахимен келгені, соның ішінде Миғражда уахи етілгені айтылады. Бұл риуаяттар әлсіз. Азан кейбір сахабаға түсінде үйретілген.
3. Азанның айтылуын түсінде көрген сахабалардың саны әр деректе әртүрлі. Кейбірінде оннан аса, енді бірінде он төрт немесе жеті делінеді. Сахих риуаяттар мұны қуаттамайды. Азанды түсінде екі кісі – Омар мен Абдулла ибн Зәйд (р.а.) көрген. «Дүние аспанында алғаш азан айтқан Жәбірейіл (а.с.) еді. Оны Омар мен Біләл (р.а.) естіді. Алла елшісіне хабарлауға Омар ертерек қамданды» деген риуаят та сенімді дерекке жатпайды.
4. Алла елшісінің (с.а.с.) өзі азан айтқан-айтпағаны жөнінде де пікірталас бар. Оның азан айтқанын растайтын сахих риуаят жоқ.
5. Дәлелге жарамайтын кейбір риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) азанды Ибраһимнің (а.с.) азанынан алғаны айтылады. Өзге бірінде Адам (а.с.) жерге түскенде Жәбірейіл (а.с.) оған азан айтқан делінеді. Ибн Хажар бұл риуаяттарды ғариб санаған.
6. Азанның айтылу үлгісін Алла елшісінің өзі Әбу Махзураға үйреткен. Оның үйретуімен бұл үлгі бүгінге дейін жетті. Азан кезінде екі саусақты құлаққа қою, «Хаййә алас-салаһ» пен «Хаййә алал-фалаһ» дегенде басты оңға, солға бұру, биікке шыққанда әр тарапқа қарау секілді көпке таныс амалдар Алла елшісінің алғашқы азаншыларынан риуаят етілген. Олардың бәрі Пайғамбардың үйретуіне негізделеді.
7. Азанның үкімі жөнінде де пікірлер әртүрлі. Өйткені оның пайда болуына кеңес себеп болды. Риуаяттарға қарағанда, намаз уақытын жұртқа хабарлау қажет болғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Қалай хабарлаймыз?» – деп, сахабалармен ақылдасқан. Түрлі пікірді тыңдап, ешбіріне тоқтамай тарасқан. Одан кейін азанның айтылуы кейбір сахабаға түсінде үйретілген. Түсін Алла елшісіне бірінші болып Абдулла ибн Зәйд (р.а.) жеткізген. Пайғамбар оған азан сөздерін Біләлге (р.а.) үйретуді, Біләлге сол сөздермен азан айтуды тапсырған. Азанды естіген Омар (р.а.) бұл сөздер өзіне де түсінде үйретілгенін айтқанда, түстің ақиқат екені айқындала түсті. Өйткені сәкина Омардың тілімен сөйлейді. Осы оқиғада азанға кеңес негіз болғаны көрінеді. Кеңес мәндуб амал саналады. Осыған қарап, азанды да мәндуб деуге бола ма деген сұрақ тууы мүмкін. Алла елшісінің амалын ескерсек, азан уәжіпке жақын. Өйткені ол азанды өзі үйретті, айтылуын жалғастырды, ешқашан қалдырмады, қалдыруды бұйырмады әрі оған рұқсат бермеді. Осы тұрғыдан азан уәжіпке жақын саналады. Дініміздегі кейбір уәжіптер, парыздар мен тыйымдар Алла елшісі (с.а.с.) арқылы бекітілген.
- 1Әбу Дәуіт, «Салат» (520).