وَعَنِ ابْنِ شِهَابٍ قَالَ: قَالَ أَبُو هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «لَا يُنَادِي بِالصَّلَاةِ إِلَّا مُتَوَضِّئٌ». قَالَ أَبُو عِيسَىٰ: «وَهَذَا أَصَحُّ مِنَ الْحَدِيثِ الْأَوَّلِ».
Ибн Шиһабтың жеткізуінше, Әбу Һурайра (р.а.): «Намазға дәреті бар адам ғана шақырсын», – деген. Тирмизи: «Бұл риуаят алдыңғысынан дұрысырақ», – дейді.1
Түсіндірме
1. Бұл сөз бір нұсқада Алла елшісіне (с.а.с.) телініп, мәрфуғ, екіншісінде Әбу Һурайраның (р.а.) өз сөзі ретінде беріліп, мауқуф болып жеткен. Тирмизи мауқуф нұсқаны дұрысырақ санаған. Бір жеткізу жолында мауқуф, екіншісінде мәрфуғ болып келетін риуаяттар да бар. Автор мәрфуғ болып жеткен нұсқаның хадисті жіктеудегі маңызын атап өтеді.
2. Бұл риуаят дәретсіз азан айтудың мәкрүһ екеніне дәлел ретінде келтіріледі. Кей деректе бұрынғы ғалымдардың біразы азан мен қаматты дәретсіз айтуға болмайды дегені айтылады. Ал Айни «әл-Һидаядан» мына үкімді жеткізеді: «Азаншының азан мен қаматты дәретпен айтқаны жөн. Екеуі де қадірлі зікір болғандықтан, дәрет алу мұстахаб. Азаншы дәретсіз азан айтып қойса, азаны жарамды. Шафиғи, Ахмад және ғалымдардың дені осы пікірде. Имам Мәлік дәретті қаматта шарт санаған, азанда шарт санамаған. Ата, Әузағи және кейбір шафиғи ғалымдары дәретті екеуіне де шарт санаған».
Дәретсіз айтылған азанды жарамды санаған Куфа ғалымдары мынаны алға тартады: «Азан намаздың рүкініне жатпайды. Сондықтан намазда шарт болған тазалық азанда шарт емес. Олардың пайымдауынша, құбылаға бет бұру мен хушуғ та азанда мұстахаб саналмайды. Қолды құлаққа апару мен әр жаққа бұрылу хушуғқа қайшы келеді».
- 1Тирмизи, «Салат» (201). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», № 2474. Тирмизидің бағасы оның жинағындағы арабша мәтін бойынша берілді.