وَعَنْ عُثْمَانَ بْنِ أَبِي الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «إِنَّ مِنْ آخِرِ مَا عَهَدَ إِلَيَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَنْ أَتَّخِذَ مُؤَذِّنًا لَا يَأْخُذُ عَلَى أَذَانِهِ أَجْرًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَاللَّفْظُ لَهُ.
Осман ибн Әбу әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) маған айтқан соңғы өсиеттерінің бірі азаны үшін ақы алмайтын азаншы тағайындау еді».1
Түсіндірме
1. Осман ибн Әбу әл-Ас – Сақиф руының Алла елшісіне (с.а.с.) жіберген өкілдерінің бірі. Ол топ ішіндегі ең жасы әрі исламды үйренуге ең ынталысы еді. Өзге өкілдер келіссөз жүргізіп жатқанда, ол жасырын келіп, исламды үйренген. Дінді шын көңілмен қабылдап, мұсылман болды. Алла елшісі оның ынтасын бағалап, Таифқа әкім етіп тағайындады. Әкім ретіндегі алғашқы әрі басты міндеті – намаз оқыту. Осы риуаят Алла елшісінің әкімге берген тапсырмаларының бірі азаншы тағайындау болғанын көрсетеді.
2. Хадис азан айтқаны үшін ақы алудың мәкрүһ екенін ашық білдіреді. Бұл мәселеде пікірлер әртүрлі. Кей ғалымдар: «Әуелі азаншылықты ақысыз атқаратын адам ізделеді. Ондай адам табылмаса, олжаның бестен біріне тиесілі қаражаттан ақы төлеуге болады», – деген.
Ибн әл-Араби былай дейді: «Дұрысы – азан айту, намаз оқыту, қазылық ету және өзге де діни қызмет үшін ақы алуға болады. Халифаның өзі осы міндеттері үшін ақы алады. Олай болса, сол міндеттерді атқаратын орынбасарлары да ақы ала алады. Бұл мәселеде Алла елшісінің (с.а.с.) “Жұбайларымның нәпақасы мен қызметкерімнің шығынынан артылып, мен қалдырғанның бәрі – садақа” деген сөзі негізге алынады».2
Ибн әл-Араби азаншының қызметін ел басқарған адамның қызметімен салыстырған. Келтірілген хадис сахих. Дегенмен автор оның осы қиясы насс үкіміне қайшы деп есептейді. Бұл мәселеде Ибн Омардан (р.а.) жеткен пәтуа да бар. Оған сахабалардың ешқайсысы қарсы пікір айтпаған. Бір кісі Ибн Омарға: «Мен сені Алла үшін жақсы көремін», – деді. Ибн Омар: «Мен сені Алла үшін жек көремін», – деп жауап берді. Әлгі кісі себебін сұрағанда: «Сен азан айтқаның үшін ақы сұрайсың», – деді.
Ибн Мәсғудтан (р.а.): «Төрт іс үшін ақы алынбайды. Олар – азан айту, Құран оқу, ортақ іске серік болу және қазылық ету», – деген сөз жеткен.
Тирмизи осы хадиске қатысты: «Ғалымдар азан айтқаны үшін ақы алуды мәкрүһ, оны Алланың разылығы үшін ақысыз атқаруды мұстахаб санаған», – деп жазады.
Бұл қызметтерді, әсіресе азаншылықты, ақысыз атқару абзал. Алайда тек Алланың разылығы үшін ақысыз азан айтатын адам табылмай, діни қызмет әлсіреуі мүмкін. Ондай жағдайда Имам Мәліктің (рахимаһулла) لَا بَأْسَ بِهِ «Мұнда айып жоқ» деген пәтуасын негізге алған жөн. Төрт мәзһабтың төртеуі де дұрыс.