Қазақша аудармасы
Абдулла ибн Зәйд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жұртты намазға жинау үшін қоңырау жасауды бұйырды. Содан кейін түсімде қолына қоңырау ұстаған бір кісі қасыма келді. Оған:
– Уа, Алланың құлы, қоңырауыңды сатасың ба? – дедім.
– Оны не істемексің? – деп сұрады ол.
– Онымен жұртты намазға шақырамыз, – дедім.
– Саған бұдан қайырлы жолды көрсетейін бе? – деді.
– Әрине, – дедім.
– Онда былай айт, – деп азан сөздерін үйретті:
Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!
Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!
Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ!
Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ!
Әшһәду әннә Мұхаммәдәр-расулуллаһ!
Әшһәду әннә Мұхаммәдәр-расулуллаһ!
Хаййә алас-салаһ! Хаййә алас-салаһ!
Хаййә алал-фалаһ! Хаййә алал-фалаһ!
Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә иләһә иллаллаһ!»
Абдулла ибн Зәйд (р.а.) сөзін жалғады: «Әлгі кісі менен сәл әрірек барып, намазға тұрарда былай айтуымды үйретті»:
«Аллаһу әкбар» (екі рет).
«Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ» (бір рет).
«Әшһәду әннә Мұхаммәдәр-расулуллаһ» (бір рет).
«Хаййә алас-салаһ» (бір рет).
«Хаййә алал-фалаһ» (бір рет).
«Қад қаматис-салаһ» (екі рет).
«Аллаһу әкбар» (екі рет).
«Лә иләһә иллаллаһ» (бір рет).
Абдулла сөзін жалғады: «Таң атқанда Алла елшісіне (с.а.с.) барып, түсімді айтып бердім. Ол:
– Алла қаласа, бұл – шынайы түс. Біләлмен бірге тұр да, көргеніңді оған үйрет. Ол сол сөздермен азан шақырсын, өйткені оның дауысы сенікіне қарағанда зор әрі әуезді, – деді. Мен Біләлмен бірге тұрып, сөздерді үйреттім, ол азан шақырды. Мұны үйінде отырған Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) естіп, жамылғысын сүйрете сыртқа шықты да:
– Уа, Алланың елшісі, сізді хақпен жіберген Аллаға ант етемін, мен де соған ұқсас түс көрдім! – деді. Мұны естіген Алла елшісі (с.а.с.):
– Аллаға мақтау болсын! – деді».1
Тағы бір нұсқада Біләл азан айтқан соң, Абдулла: «Оны мен түсімде көрдім, өзім айтқым келген еді», – деген. Алла елшісі (с.а.с.): «Онда қаматты сен айт», – деп жауап берген.2
Тирмизи жеткізген бір риуаятта Абдулла ибн Зәйд азан сөздерін екі-екіден, қамат сөздерін бір-бірден айтып берген.
Тирмизи жеткізген өзге риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында азан мен қамат сөздері екі-екіден айтылғаны баяндалады.