Хадис

Кутуб ситтә, № 2537

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
352. Қырағат
Нөмірі
№ 2537 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 11
2537
Кутуб ситтә, № 2537 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Біләл (р.а.)

وَعَنْ بِلَالٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ قَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ لَا تَسْبِقْنِي بِآمِينَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Біләл (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.): «Уа, Алла елшісі! “Әминді” менімен бірге айтсаңыз екен», – деген.1

Түсіндірме

1. Келесі екі хадисте (№2538 және №2539) Алла елшісінің (с.а.с.) «Фатихадан» кейін имамға ұйыған кісіні де, жеке оқыған кісіні де «әмин» деуге үндегенін көреміз.

Алдыңғы екі риуаяттың біріншісі Алла елшісінің (с.а.с.) өзі «әмин» дегенін әрі оны қалай айтқанын көрсетеді. «Әминді» айтқанда дауыс біраз көтеріліп, созылады. Бір түсіндірмеде сөздің басындағы әлиф созылады делінсе, екінші түсіндірмеде дауыс айналадағылар еститіндей көтеріледі делінген. Кейбір риуаяттарда оны бірінші саптағылар естігені және жамағаттың да қосылғаны айтылады.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: تَرَكَ النَّاسُ التَّأْمِينَ، وَكَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا قَالَ: ﴿غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ﴾ قَالَ: «آمِينَ» حَتَّى يَسْمَعَهَا أَهْلُ الصَّفِّ الْأَوَّلِ فَيَرْتَجُّ بِهَا الْمَسْجِدُ.

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Адамдар “әмин” айтуды қойды. Алла елшісі (с.а.с.) “Фатиханың” соңғы аятын оқығанда, “әмин” дейтін. Оны алғашқы саптағылар естіп, мешіт жаңғырып кететін».2

حَتَّى يَسْمَعَهَا الصَّفُّ الْأَوَّلُ فَيَرْتَجُّ بِهَا الْمَسْجِدُ

Шәфиғи, Ахмад және Исхақ секілді ғалымдар осы риуаяттарға сүйеніп, «Фатихадан» кейін «әмин» дегенде дауысты сәл көтеру – сүннет деген үкім берген.

Әбу Ханифа мен имам Мәлик «әминді» іштен айтуды абзал санаған. Олар Ахмад ибн Ханбал, Әбу Яғла және Хаким келтірген бір риуаятқа сүйенген. Хадис ғұламалары Уайл ибн Хужр жеткізген нұсқалар жөнінде де әртүрлі пікір айтқан. Ол пікірталасқа мұнда егжей-тегжейлі тоқталмаймыз.

2. Хаттаби №2537 хадистегі Біләлдің сөзін былай түсіндірген: «Меніңше, Біләл Алла елшісіне (с.а.с.) ұйып, рәкаттағы екі кідірістің біріншісінде “Фатиханы” оқыған. Біләл сүрені оқып бітпей тұрып, Алла елшісі (с.а.с.) қырағатын аяқтап, “әмин” деген. Сондықтан Біләл өзінің қырағатын аяқтағанша “әминді” сәл кідірте тұруын өтінген. Ол Алла елшісімен (с.а.с.) бір мезгілде “әмин” айтып, сол берекеге бөленгісі келген. Ең дұрысын Алла біледі».

Хаттаби кейбір ғалымдардың мына жорамалын да келтіреді: «Біләл қаматты азан шақырған орнынан, яғни ең артқы саптан айтқан. Ол “Қад қаматис-салаһ” дегенде, Алла елшісі (с.а.с.) іле-шала ифтитах тәкбірін айтып, намазды бастап кететін. Сондықтан Біләл қырағатқа ілесе алмай қалатын. Ол Алла елшісінен (с.а.с.) қырағат пен “әминге” үлгеретіндей уақыт беруін өтінген».

Бәйхақидің бір риуаяты бойынша, Әбу Һурайра (р.а.) Мәруанға да осындай өтініш айтқан. Ол Мәруанның азаншысы болған. Бұхаридің тарау басындағы хабарында وَكَانَ أَبُو هُرَيْرَةَ يُنَادِي الْإِمَامَ: لَا تَفُتْنِي بِآمِينَ «Әбу Һурайра имамға: “Мені ‘әминнен’ құр қалдырма!” – деп дауыстайтын» делінген. Ибн Хажар Бәйхақиден анық нұсқасын жеткізеді. Әбу Һурайраның мақсаты имаммен бірге «әмин» деу болған. Ол Мәруанға өзінің сапқа тұрғанын көргенше «Фатиханың» соңғы сөздерін оқуға асықпауын өтінген. Ибн Хажардың түсіндіруінше, Әбу Һурайра қамат айтып, саптарды түзеумен айналысқандықтан, «Әминді» жіберіп алмауын ескерткен.

Әбу Һурайра Бахрейнде азаншылық еткенде, әл-Ағла ибн әл-Хадрамиге де осыны ескерткені туралы риуаят бар.

3. Ханафи ғалымдары осы хадиске сүйеніп, имам намазды азаншы қаматты аяқтамай тұрып бастайды деп үкім берген.

«Әмин» деп айтудың артықшылығы

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 172, (937).
  2. 2Ибн Мәжа, «Иқамат әс-салат», №853. Риуаят әлсіз деп бағаланған.