وَفِي أُخْرَى لِلْبُخَارِيِّ: «إِذَا أَمَّنَ الْقَارِئُ فَأَمِّنُوا فَإِنَّ الْمَلاَئِكَةَ تُؤَمِّنُ، فَمَنْ وَافَقَ تَأْمِينُهُ تَأْمِينَ الْمَلاَئِكَةِ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ».
Бұхаридің басқа риуаятында: «Қари “әмин” десе, сендер де “әмин” деңдер. Періштелер де “әмин” дейді. Кімнің “әмині” періштелердің “әминімен” тұспа-тұс келсе, бұрынғы күнәлары кешіріледі», – делінген.1
Түсіндірме
1. Ғұламалардың көпшілігі «әмин» сөзін «Дұғамызды қабыл ала гөр!» деп түсіндіреді. «Солай болсын», «Жәннаттағы бір дәреже, оны айтқан адамға беріледі», «Алла Тағаланың есімдерінің бірі» деген сияқты өзге түсіндірмелер де бар.
Бұл сөз араб тіліне иврит пен ассирия тілдерінен енген деген пікір бар.
2. Хадистегі «имам “әмин” дегенде» деген сөзді ғалымдар бірнеше түрде түсіндірген:
• Имамның өзі де «әмин» дейді. Хадистің тура мағынасы осы.
• «Имам дұға еткенде», яғни «Фатиханы» ﴿ٱهْدِنَا ٱلصِّرَٰطَ ٱلْمُسْتَقِيمَ﴾ «Бізді тура жолға сала көр!» деген аяттан бастап соңына дейін оқығанда. Өйткені «әмин» деу – дұға.
• «Имам “әмин” айтылатын жерге жеткенде», яғни «Фатиханың» соңына келгенде.
Бірінші түсіндірме хадистің тура мағынасына сай. Осыған сүйеніп, имамның да «әмин» деуі дұрыс деп тұжырымдалған.
Имам Мәликтің бір пікірінде имам қырағатты дауыстап оқығанда «әмин» демейді делінген. Одан жеткен басқа бір нұсқада дауыстап немесе іштен оқуды ажыратпастан, имам «әмин» айтпайды деген.
Бұл мәселедегі егжей-тегжейлі пікір айырмаларына мұнда тоқталмаймыз.
3. Алла елшісі (с.а.с.) бірнеше хадисте намазда да, намаздан тыс та «Фатихадан» кейін «әмин» деуге үндеген. Мысалы: إِذَا قَالَ الْإِمَامُ: وَلَا الضَّالِّينَ، فَقُولُوا: آمِينَ، فَإِنَّ الْمَلَائِكَةَ تَقُولُ: آمِينَ، وَإِنَّ الْإِمَامَ يَقُولُ: آمِينَ «Имам “Фатиханың” соңғы сөзін оқығанда, сендер де “әмин” деңдер. Өйткені періштелер де “әмин” дейді, имам да “әмин” дейді».
لَا يَجْتَمِعُ مَلَأٌ فَيَدْعُو بَعْضُهُمْ وَيُؤْمِنُ بَعْضُهُمْ إِلَّا أَجَابَهُمُ اللَّهُ.
«Бір топ кісі жиналып, бір бөлігі дұға етсе, өзгелері “әмин” десе, Алла Тағала олардың дұғасын қабыл алады».2
4. №2539 хадистегі «қари» сөзі «имам» мағынасында түсінілген. Мұнымен «Фатиха» сүресін оқыған кез келген адам меңзелуі де мүмкін. Өйткені «әмин» деуге жалпы үндейтін хадистер бар. Жоғарыда келтірілген екінші және үшінші хадис осыған мысал.