Хадис

Жария оқу

Кутуб ситтә, 7-том, 358-тарау · 7 хадис · № 2570–2576

Хадистер

2570
Кутуб ситтә, № 2570 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «فِي كُلِّ الصَّلَاةِ يُقْرَأُ فَمَا أَسْمَعَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أسْمَعْنَاكُمْ، وَمَا أَخْفَى عَلَيْنَا أَخْفَيْنَا عَلَيْكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Әр намазда Құран оқылады. Алла елшісі (с.а.с.) бізге қай қырағатты естіртсе, біз де оны сендерге естіртеміз. Қай қырағатты іштей оқыса, біз де іштей оқимыз».1

Түсіндірме

Хадистегі «естірту» сөзі қырағатты дауыстап оқуды білдіреді. Мұсылман ғалымдары жұма мен таң намаздарында, ақшам мен құптанның алғашқы екі рәкатында қырағат жария оқылатынына бірауыздан келіскен. Ақшамның соңғы рәкаты, құптанның соңғы екі рәкаты, бесін мен екінтінің барлық рәкаты іштей оқылады.

• Айт намазы мен истисқа (жаңбыр тілеу) намазына қатысты пікірлер әртүрлі. Ханафи мәзһабы екі намазда да қырағат дауыстап оқылады деген.

• Түнгі нәпіл намазда қырағатты дауыстап та, іштей де оқуға болады. Күндізгі нәпіл намаздың қырағаты іштей оқылады.

• Күн не ай тұтылғанда оқылатын намаз түнге тап келсе, қырағаты жария, күндізге тап келсе, іштей оқылады.

• Жаназа намазы күндіз де, түнде де іштей оқылады. Түнде дауыстап оқылады деген пікір де бар.

• Құптан сияқты түнгі намаздың қазасын келесі күні дауыстап оқиды. Күндізгі намаздың қазасын іштей оқыған абзал. Дауыстап оқуға да болады.

• Бесін сияқты күндізгі намаздың қазасын күндіз өтесе, қырағатты іштей оқиды. Түнде өтесе, дауыстап оқыған абзал. Іштей оқуға да болады.

Бұл жердегі «іштей оқылады» және «дауыстап оқылады» дегендер сүннетті білдіреді. Тәртібі ауысып кетсе, намаз бұзылмайды әрі сәһу сәждесі қажет болмайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 129, (797); Нәсәи, Ифтитах: 58, (2, 163); Бұхари, Азан 104; Мүслим, Салат: 43, (396).
2571
Кутуб ситтә, № 2571 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Қатада (р.а.)

وَعَنْ أَبِي قَتَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ خَرَجَ ذَاتَ لَيْلَةٍ فَإِذَا هُوَ بِأَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يُصَلِّي يَخْفِضُ مِنْ صَوْتِهِ وَمَرَّ بِعُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يُصَلِّي رَافِعًا صَوْتَهُ. قَالَ: فَلَمَّا اجْتَمَعْنَا عِنْدَ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ النَّبِيُّ ﷺ: يَا أَبَا بَكْرٍ مَرَرْتُ بِكَ وَأَنْتَ تُصَلِّي تَخْفِضُ صَوْتَكَ. فَقَالَ: قَدْ أَسْمَعْتُ مَنْ نَاجَيْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ؛ وَقَالَ لِعُمَرَ: مَرَرْتُ بِكَ وَأَنْتَ تُصَلِّي رَافِعًا صَوْتَكَ. فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: أُوقِظُ الْوَسْنَانَ وَأَطْرُدُ الشَّيْطَانَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَاللَّفْظُ أَبِي دَاوُدَ. وَقَالَ: زَادَ الْحَسَنُ فِي حَدِيثِهِ: فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «يَا أبَا بَكْرٍ ارْفَعْ مِنْ صَوْتِكَ شَيْئًا. وَقَالَ لِعُمَرَ: اخْفِضْ مِنْ صَوْتِكَ شَيْئًا».

Қазақша аудармасы

Әбу Қатада (р.а.) былай дейді: «Бір түні Алла елшісі (с.а.с.) үйінен шығып, Әбу Бәкірге (р.а.) соқты. Ол намазын бәсең дауыспен оқып жатыр екен. Омарға (р.а.) соққанда, оның намазды дауыстап оқып жатқанын көрді». Рауи сөзін жалғап: «Екеуі Алла елшісінің (с.а.с.) қасына келгенде, ол: “Уа, Әбу Бәкір! Саған соққанымда бәсең дауыспен намаз оқып жатыр екенсің”, – деді. Әбу Бәкір: “Уа, Алла елшісі! Мінәжат еткен Раббыма дауысымды естірттім”, – деп жауап берді. Алла елшісі Омарға: “Саған да соқтым. Сен дауыстап намаз оқып жатыр екенсің”, – деді. Омар: “Уа, Алла елшісі! Ұйықтағандарды оятып, шайтанды қудым”, – деді».1

Хасан әл-Басри жеткізген нұсқада Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Бәкірге: «Уа, Әбу Бәкір! Дауысыңды сәл көтер», – десе, Омарға: «Дауысыңды сәл бәсеңдет», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 315, (1329); Тирмизи, Салат: 330, (447); Хадистің мәтіні Әбу Дәуітке тиесілі.
2572
Кутуб ситтә, № 2572 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «فَذَكَرَ مِثْلَ هَذِهِ الْقِصّةِ: وَلَمْ يَذْكُرْ، فَقَالَ أَبِي بَكْرٍ ارْفَعْ شَيْئًا، وَلَا لِعُمَرَ اخْفِضْ شَيْئًا». وَزَادَ: «وَقَدْ سَمِعْتُكَ يَا بِلَالُ وَأَنْتَ تَقْرَأُ مِنْ هَذِهِ السُّورَةِ وَمِنْ هَذِهِ السُّورَةِ. قَالَ: كَلَامٌ طَيِّبٌ يَجْمعُهُ اللَّهُ بَعْضَهُ إِلَى بَعْضٍ. فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ كُلَّكُمْ قَدْ أصَابَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) осы оқиғаны жеткізген. Оның риуаятында Әбу Бәкірге «Дауысыңды сәл көтер», Омарға «Дауысыңды сәл бәсеңдет» деген сөздер келмейді. Мына қосымша бар: Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Біләл, сенің мына сүреден де, ана сүреден де оқығаныңды естідім», – деді. Біләл: «Құран – тәтті сөз. Алла оның бөліктерін бір-біріне жалғайды», – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Бәрің дұрыс істедіңдер», – деді.1

Түсіндірме

1. Әбу Дәуіт Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген риуаятты ықшамдап берген. Әбу Қатада баяндаған оқиғаны Әбу Һурайраның да сол күйінде жеткізгенін айтып, бірінші риуаятта болмаған қосымша сөздерді ғана келтіреді.

2. Қосымшаның мәні мынадай: «Құран басынан аяғына дейін көркем әрі тәтті сөз. Алла оның сүрелері мен аяттарын қажетіне қарай бөлек-бөлек түсіріп, бір арнаға жинаған. Біз одан көңіліміз қалаған мөлшерде оқимыз». Алла елшісі (с.а.с.) бәсең оқыған Әбу Бәкірдің, дауыстап оқыған Омардың және әртүрлі сүрелерден оқыған Біләлдің уәждерін тыңдады. Құранды бәсең дауыспен де, дауыстап та, әртүрлі сүрелерден де оқуға болатынын білдіріп: «Бәрің дұрыс істедіңдер», – деді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 310, (1330).
2573
Кутуб ситтә, № 2573 · тараудағы реті: 4

وَعَنِ الْبَيَاضِيّ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ خَرَجَ عَلَى النَّاسِ وَهُمْ يُصَلُّونَ، وَقَدْ عَلَتْ أَصْوَاتُهُمْ بِالْقِرَاءَةِ. فَقَالَ: إِنَّ الْمُصَلِّيَ يُنَاجِي رَبَّهُ فَلْيَنْظُرْ بِمَ يُنَاجِيهِ؟ وَلَا يَجْهَرْ بَعْضُكُمْ عَلَى بَعْضٍ بِالْقُرْآنِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Әл-Баяди (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқып жатқан кісілердің жанына келді. Олар қырағатты дауыстап оқып жатыр еді. Ол: “Намаз оқыған адам Раббысына мінәжат етеді. Сондықтан әркім Раббысына қалай мінәжат етіп тұрғанына мән берсін. Құран оқығанда дауыстарыңды бір-біріңе асырмаңдар”, – деді».1

Түсіндірме

1. Әл-Баядидің есімі – Фәруа ибн Амр ибн Уәдқа. Баяд – Хазраж тайпасының бір тармағы. Фәруа (р.а.) Ақаба сертіне, Бәдір шайқасына және одан кейінгі жорықтарға қатысқан алғашқы сахабалардың бірі. Алла елшісі (с.а.с.) оған Мәдина бақтарындағы жемістің мөлшерін бағалатып, сол бағалау бойынша зекет белгілейтін. Оның бағалауда жаңылыспағаны айтылады.

Кейбіреулер имам Мәлик бұл риуаятта оның есімін атамағанын Фәруаның Османды (р.а.) шейіт еткендерге жәрдемдескенімен байланыстырады.

Жәмал шайқасында Әлидің (р.а.) жағында болған. Алла жолында көп садақа берген сахабалардың бірі.

2. Хадистің өзге нұсқаларында оқиғаның рамазан айында болғаны айтылады. Алла елшісі (с.а.с.) есігі шимен жабылған дөңгелек шатырда иғтикафқа кірген еді.

3. Пайғамбар (с.а.с.) шатырдан шығып, жұрттың намазда дауыстап қырағат оқып тұрғанын көрді. Сонда хадисте айтылғандай, оларға дауыстарын бәсеңдетуді тапсырды.

Намаз – мінәжат. Адам Раббысымен оңаша тілдесіп, жүрегінің сырын ашқанда, дауысын көтерудің қажеті жоқ. Өз сөзін өзі ажырата алатындай бәсең айтса жеткілікті. Алла Тағала құлының мінәжатын есту үшін көтеріңкі дауысқа мұқтаж емес.

Ибн Абдулбәрр намаздағы мінәжатты «хушуғ пен жүректі намазға жұмылдыру» деп сипаттаған. Қади Ияд: «Бұл – жүректің ықыласы. Намаз оқушы Алланы зікір етіп, Оған мадақ айтып, Кітабын оқу арқылы көңілін өзге ойдан арылтады», – деген. Құлдың Раббысына мінәжатын «намазда бұйырылған сөздер мен амалдарды орындап, тыйым салынған сөз бен істен аулақ болу» деп түсіндіргендер де бар.

Раббының құлына мінәжаты – оған рақымы мен разылығын бұрып, мағрифат нәсіп етуі, сыр ұқтыруы.

Әбу әл-Уәлид әл-Бажи атап өткендей, хадис намаздың мәні мен мақсатына назар аудартады. Құл намаз үстінде мәкрүһ істерден сақтанып, құлшылығын кемелдендіретін амалдарға көбірек көңіл бөлуге тиіс.

4. «Раббысына қалай мінәжат етіп тұрғанына мән берсін» деген сөз Құранды мәкрүһ тәсілмен оқудан сақтандырады. Құранның әр аяты – құлшылық әрі Аллаға жақындаудың амалы. Алайда адам оқу әдебін сақтамаса, осы мақсаттан алыстап кетуі мүмкін. Сондықтан қырағатпен қатар оның әдебіне де мән беру керек. Келесі сөйлемде мәкрүһ тәсіл нақты көрсетілген:

«Құран оқығанда дауыстарыңды бір-біріңе асырмаңдар».

Кейбір түсіндірмешілер мұны былай ұғындырған: «Өзгелердің жанында Құранды дауыстап оқыса, олардың мазасын алып, намазға ықыласпен кірісуіне, көңілін басқа ойдан арылтуына, Раббысына мінәжат кезінде оқыған аяттарының мағынасына ой жүгіртуіне кедергі жасайды. Намаз оқушыға осындай зияны үшін Құранды дауыстап оқуға тыйым салынса, хадис пен өзге сөздерді дауыстап оқуға тыйым салу одан да орынды».

Ибн Абдулбәрр: «Басқа мұсылманға игі іс үстінде және Құран оқығанда жапа шектіруге тыйым салынса, өзге жолмен жапа шектірудің қаншалықты ауыр әрі харам екені түсінікті», – деген.

Алла елшісінің (с.а.с.) жанындағылардың мазасын алатындай дауыстап дұға жасағандарға және Құран оқығандарға ескерту жасағаны өзге риуаяттарда да айтылады.

  1. 1Муатта, Салат: 29, (1, 80); Әбу Дәуіт, Салат: 310, (1332).
2574
Кутуб ситтә, № 2574 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَتْ قِرَاءَةُ النَّبِيِّ ﷺ بِاللَّيْلِ يَرْفَعُ طَوْرًا وَيَخْفِضُ طَوْرًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) түнгі қырағатында дауысын бірде көтеріп, бірде бәсеңдететін».1

Түсіндірме

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) Құранды түнде бірде дауыстап, бірде бәсең оқығанын баяндайды. Жалғыз қалғанда, ояу не ұйықтап жатқан адамның мазасын алу қаупі болмаса, дауыстап, жанында кісі болса, бәсең оқығаны аңғарылады.

Әбу Дәуіттің бір риуаятында Алла елшісінің (с.а.с.) түнде құжырасында қырағатты сол бөлмедегі адам ғана еститіндей дауыспен оқығаны айтылады. Хадисті түсіндірген ғалымдар мешітте дауысын бұдан сәл көтеріңкі ұстағанын айтқан.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 310 (№1328).
2575
Кутуб ситтә, № 2575 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ شَدَّادٍ قَالَ: «سَمِعْتُ نَشِيجَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَأَنَا فِي آخِرِ الصُّفُوفِ يَقْرَأُ: إِنَّمَا أشْكُوا بَثّي وَحُزْنِي إلَىاللَّهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. «النَّشِيجُ» صَوْتٌ يَتَرَدَّدُ فِي الْحَلْقِ وَالصَّدْرِ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Шәддад былай дейді: «Омар (р.а.) ﴿إِنَّمَآ أَشْكُوا۟ بَثِّى وَحُزْنِىٓ إِلَى ٱللَّهِ﴾ “Мен шерімді, қайғы-мұңымды бір Аллаға ғана шағамын”1 деген аят үзіндісін оқығанда, оның өксігін ең артқы сапта тұрып естідім».2

Түсіндірме

1. Өксік – көмей мен кеудеден шығатын дыбыс. Ол әдеттегі дауысқа ұқсамайды. Адамның жылағысы келіп, оны іркіп не бәсеңдетуге тырысқанда шығады. Арабтар мұны «нәшиж» деп атайды.

2. Риуаяттан Омардың (р.а.) имам болып, осы аятты оқығанда өзін ұстай алмай жылағаны аңғарылады. Бұхари бұл хадисті «Имам намазда жыласа...» деген тарауда келтірген.

Намазда жылаудың үкімі қандай? Бұхари даулы мәселеде үкімді тақырыпта ашып айтпай, мәселенің өзіне назар аудартады. Мұнда да солай еткен.

• Шағби, Нәхәи және Сәури сияқты ғұламалардың пікірінше, жылау намазды бұзады.

• Ханафилер мен мәликилердің пікірінше, Алладан қорқып, жұмақ пен тозақты ойлап немесе күнәсіне тәубе етіп жыласа, намазы бұзылмайды.

• Шафиғилерде бұл мәселеге қатысты үш пікір бар:

• Жылағанда «ой», «ым» тәрізді әріптері ажыратылатын дыбыс шықса, намаз бұзылады.

• Жылау намазды мүлде бұзбайды. Өйткені ол сөзге жатпайды. Жылағанда әріптер анық айтылмай, әріпке ұқсас дыбыс қана шығады.

• Аузы жабық болса, намаз бұзылмайды. Екі әріп ажыратылатын дыбыс шықса, бұзылады.

3. Жылау намазды бұзбайды дегендердің өзге дәлелі де бар. Алла елшісі (с.а.с.), Әбу Бәкір (р.а.) және Омар (р.а.) намазда жанындағылар еститіндей жылаған. Бұл хабарлардың жеткізу тізбегі қуатты. Алла елшісі (с.а.с.) жайындағы бір риуаяттың мәтіні: قَالَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ الشِّخِّيرِ: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي بِنَا وَفِي صَدْرِهِ أَزِيزٌ كَأَزِيزِ الْمِرْجَلِ مِنَ الْبُكَاءِ.

Абдулла ибн Шиххир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) бізге намаз оқытқанын көрдім. Жылағаннан кеудесінен қайнаған қазанның бұрқылындай дыбыс шығып жатты».

  1. 1«Юсуф» сүресі, 86-аят.
  2. 2Бұхари, «Азан», 70. Тараудың басында жеткізу тізбегінсіз берілген.
2576
Кутуб ситтә, № 2576 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Сәмура ибн Жундуб (р.а.)

وَعَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «حَفِظْتُ سَكْتَتَيْنِ فِي الصَّلَاةِ، سَكْتَةً إِذَا كَبَّرَ الْإِمَامُ حَتَّى يَقْرَأَ. وَسَكْتَةً إِذَا فَرَغَ مِنْ فَاتِحَةِ الْكِتَابِ وَسُورَةً عِنْدَ الرُّكُوعِ، قَالَ: فَأَنْكَرَ ذَلِكَ عَلَيْهِ عِمْرَانُ بْنُ حُصَيْنِ. فَكَتَبُوا فِي ذَلِكَ إِلَى الْمَدِينَةِ إِلَى أُبَىٍّ فَصَدَّقَ سَمُرَةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَاللَّفْظُ لَهُ، وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي أُخْرَى: «وَسَكْتَةً إِذَا فَرَغَ مِنَ الْقِرَاءَةِ». وَفِي أُخْرَى: «إِذَا اسْتَفْتَحَ وَإِذَا فَرَغَ مِنَ الْقِرَاءَةِ».

Қазақша аудармасы

Сәмура ибн Жундуб (р.а.) былай дейді: «Намаздағы екі кідірісті жадымда сақтаппын. Бірі – имам тәкбір айтқаннан қырағатты бастағанға дейін, екіншісі – “Фатиха” мен зәм сүрені оқып болған соң, рукуғқа барар алдындағы кідіріс».

Рауи былай дейді: «Имран ибн Хусейн бұған келіспеді. Олар осы мәселені сұрап, Мәдинадағы Убәйға (ибн Кәғбқа) хат жазды. Убәй Сәмураның сөзін растады».1

Басқа бір нұсқада «Қырағатты аяқтағанда кідіретін» делінген. Тағы бірінде «Намазды бастағанда және қырағатты аяқтағанда» деп берілген.

Түсіндірме

1. Бұл оқиға бірнеше жолмен жеткен. Хадис намазда қай тұста кідіріс жасалатынын көрсетеді. Кідіріс дегеніміз – имамның қырағатын жамағатқа естіртпей, бір сәт үнсіз тұруы.

2. Сәмура ибн Жундуб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) алғашқы рәкатта екі рет кідіргенін есіне алып айтқанда, Имран ибн Хусейн намазда бір ғана кідіріс бар деп, онымен келіспейді. Екеуі бір тоқтамға келе алмаған соң, талай мәселеде төрелік айтқан Мәдинадағы Убәй ибн Кәғбқа хат жазып, осыны сұрайды. Ол Сәмураның дұрыс есіне түсіргенін жазып жібереді.2

Тирмизидегі нұсқада мына қосымша бар: «Қатададан: “Бұл қандай екі кідіріс?” – деп сұрадық. Ол: “Бірі – намазды бастағанда, екіншісі – қырағатты аяқтағанда”, – деді. Содан соң: “‘Уә ләд-даллин’ дегенде”, – деп нақтылады. “Қырағаттан соң есін жиып алу үшін бір сәт кідіргенді ұнататын”, – деді».

3. Намаздағы кідірістің мәнін Әбу Дәуіттің Әбу Һурайрадан жеткізген хадисі аша түседі:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا كَبَّرَ فِي الصَّلَاةِ سَكَتَ هُنَيَّةً قَبْلَ أَنْ يَقْرَأَ. فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، بِأَبِي أَنْتَ وَأُمِّي، أَرَأَيْتَ سُكُوتَكَ بَيْنَ التَّكْبِيرِ وَالْقِرَاءَةِ، مَا تَقُولُ؟ قَالَ: أَقُولُ: «اللَّهُمَّ بَاعِدْ بَيْنِي وَبَيْنَ خَطَايَايَ كَمَا بَاعَدْتَ بَيْنَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ. اللَّهُمَّ نَقِّنِي مِنْ خَطَايَايَ كَمَا يُنَقَّى الثَّوْبُ الْأَبْيَضُ مِنَ الدَّنَسِ. اللَّهُمَّ اغْسِلْنِي مِنْ خَطَايَايَ بِالثَّلْجِ وَالْمَاءِ وَالْبَرَدِ».

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) намазды тәкбірмен бастаған соң, қырағатқа кіріспей тұрып бір сәт үнсіз қалатын. Бірде: “Уа, Алла елшісі! Әке-шешем саған пида болсын! Тәкбір мен қырағат арасында үнсіз тұрғанда не айтасыз?” – деп сұрадым. Ол: “Уа, Алла! Мені күнәларымнан шығыс пен батыстың арасындай алшақтата гөр. Уа, Алла! Ақ киім кірден арылғандай, мені күнәларымнан тазарта гөр. Уа, Алла! Күнәларымды қармен, сумен және бұршақпен жуа гөр”, – деді».3

Бірінші кідіріс – ифтитах тәкбірінен кейін, қырағатты бастамай тұрып имамның жамағат естімейтіндей дұға оқуы. Екінші кідірістің «Фатихадан» кейін не зәм сүреден кейін болатыны жайында пікірлер әртүрлі. Тирмизи Қатададан жеткізген түсіндірме оның «Фатихадан» кейін жасалатынын айқындай түседі. Мұны қуаттайтын өзге риуаяттар да бар.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 123, (777, 778, 779); Тирмизи, Салат: 186, (251); Ибн Мәжа, Қамат: 12, (844, 845).
  2. 2Убәй ибн Кәғб (р.а.) – көрнекті сахаба, уахи хатшысы. Ол «Сәйид әл-қурра», яғни Құран қариларының серкесі атанған. Алла Тағала Елшісіне (с.а.с.) Убәйға Құран оқып беруді бұйырған. Пайғамбар (с.а.с.) оған арнайы Құран оқып берген. Убәй Құранды жинақтаған таңдаулы сахабалардың бірі. Бәдір шайқасына және одан кейінгі барлық жорыққа қатысқан.
  3. 3Мүслим, «Мәсәжид», №598. Ұқсас нұсқалары: Бұхари, «Азан», №744. Әбу Дәуіт, «Салат», №781.