Алдыңғы төрт хадисте намазда сақталуға тиіс бірқатар амал баяндалған.
1. №2579 хадиске сай, рукуғта алақан тізенің дәл үстіне қойылады, саусақтар тізеге жалғасқан тұсты қапсыра ұстайды. Шынтақтар екі жаққа ашылып, бір-бірінен алшақ тұрады. Шынтақты ішке жабыстыру немесе іш пен аяқтың арасына қысу – мәкрүһ. Рукуғта бас пен арқа бір түзудің бойында, жерге параллель болуы керек. Рукуғтан көтерілгенде дене мен бас табиғи қалпына келіп, толық тіктеледі. Сол күйде «Раббәнә уә ләкәл-хамд» деуге жететіндей сәл кідіреді.
2. №2580 хадисте сәждені тағдил-әрканға сай жасау және білектерді жерге жаймау бұйырылған. Сәждедегі тағдил-әркан Алла елшісі (с.а.с.) көрсеткен тәртіпті сақтаумен орындалады. Бұл хадисте сол тәртіптің бір тұсы – білектерді жерге жаймау айтылған. Өзге риуаяттарда алақандарды араларын ашып жерге қою, басты екі қолдың ортасына қойып, маңдай мен мұрынды жерге тигізу, шынтақты көтеріп екі жаққа ашу, іш пен тізені жабыстырмай ұстау да аталады. Хадисте білекті жерге жаю иттің жатарда аяқтарын жерге созуына ұқсатылған. Жағымсыз нәрсеге теңеу сол әрекеттен аулақ болуға шақырады.
3. №2581 хадисте рукуғ пен сәждені тағдил-әрканға сай орындау бұйырылған. Алла елшісі (с.а.с.) мұғжиза ретінде артында намаз оқып тұрғандарды көретінін және олардың қайсысы тағдил-әрканды сақтағанын білетінін айтқан.
Ғұламалар мұны әртүрлі түсіндірген. Алла елшісі (с.а.с.) намазда артындағы жамағатты көргенін анық айтады. Бұл ауыспалы мағынада айтылды ма, әлде сөз тура мағынасында қолданылды ма?
• Кейбір ғалымдар мұны жамағаттың жай-күйін уахи немесе илһам арқылы білу деп түсіндірген. Хадисте артқы жақтың арнайы аталуы мұның жай білу мағынасында айтылмағанын көрсетеді дегендер де бар.
• Кейбіреулер анда-санда оңға не солға көз тастағанда, көзінің қырына ілінген кісілер «артындағылар» деп аталған болуы мүмкін деген. Бұл жорамал хадистің тура мағынасынан алшақтайды.
• Ғұламалардың басым көпшілігі хадисті тура мағынасында түсінген. Автор осы пікірді дұрысырақ санайды.
Бұл – Алла елшісіне (с.а.с.) тән мұғжиза. Көрудің күнделікті заңдылығынан тыс осындай ерекшелікпен ол артындағыларды да көрген. Әһлі сүннеттің пайымынша, ақыл тұрғысынан көру үшін арнайы мүшенің болуы, көрінетін нәрсенің алда не жақын тұруы міндетті шарт саналмайды. Бұлар – күнделікті өмірде байқалатын жағдайлар. Олар болмаса да, көру ақылға сыйымды. Осы пайымға сүйеніп, әһлі сүннет ақыретте Алла Тағаланы көруге болады деген. Ал көруді адамның күнделікті тәжірибесімен шектеген бидғат иелері мекеннен, бағыттан және пішіннен пәк Алланы көруді теріске шығарған. Алла елшісінің (с.а.с.) артындағыларды көруі жайында әлсіз саналған өзге жорамалдар да бар. Біреулер оның арқасында артындағыларды көретін бір көзі болған деген. Енді біреулер артындағы кісілердің бейнелері құбыла жақтағы қабырғаға айнадағыдай түсіп, Алла елшісі сол жерден олардың қимылын көрген деген. Тағы біреулер екі жауырынының арасында иненің жасуындай екі көзі болып, киім де оларға бөгет болмаған деп жорыған. Алла елшісі (с.а.с.) бірнеше хадисте алдын көргеніндей артын да көретінін айтқан. Хадистерде бұл жайт намаз үстіне қатысты айтылады. Мужаһид мұны барлық жағдайға ортақ деп санаған. Тақиюддин ибн Мухаллад Пайғамбардың (с.а.с.) қараңғыда да жарықтағыдай көргенін жеткізген.
4. №2582 хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) қалай намаз оқығаны сипатталады. Әбу Дәуіттің бір риуаяты былай басталады: «Мәлик ибн әл-Хуәйрис мешітімізге келіп: “Аллаға ант етейін, сендерге намаз оқытамын. Бұл жолы менің мақсатым – белгілі бір намазды өтеу емес, Алла елшісін (с.а.с.) намаз оқып тұрғанда қалай көргенімді сендерге көрсету”, – деді».
Ол белгілі бір парыз, қаза немесе нәпіл намазды өтеу үшін емес, Алла елшісінің (с.а.с.) намаз оқу тәсілін үйрету үшін оқыған. Пайғамбар (с.а.с.): صَلُّوا كَمَا رَأَيْتُمُونِي أُصَلِّي «Менің қалай намаз оқығанымды көрсеңдер, сендер де солай оқыңдар», – деген. Хадисті жеткізген Мәлик ибн әл-Хуәйрис (р.а.) өзі көргенді көрсетуге міндеттімін деп санаған.
Оның намазы сол мешіттің имамы, Әбу Язид деген күньямен танылған Амр ибн Сәләманың намазына ұқсайтын. Риуаят бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) оны қауымына имам етіп тағайындағанда алты-жеті жаста еді.2
Қауымынан Алла елшісіне (с.а.с.) барған топта Құранды ең жақсы білгені сол болғандықтан, оны имам етіп тағайындаған. Бұл риуаятта бірінші және үшінші рәкаттың екінші сәждесінен кейін, қиямға көтерілер алдында, бір сәт отырғанына назар аударылады.
Бұхари мен Әбу Дәуіт келтірген кейбір жолдарда осы тұс анық айтылған. Мысалы, Әбу Дәуіттің нұсқасында: «Бірінші рәкаттың екінші сәждесінен басын көтергенде, әуелі отырды, содан соң тұрды», – делінген.
Бұхаридегі нұсқада: «Басын екінші сәждеден көтергенде, әуелі отырды, содан соң жерге сүйеніп тұрды», – делінген. Фиқһ ғалымдары мұны «жәлсә әл-истираха», яғни тынығу отырысы деп атайды. Кейбірі осы хадиске сүйеніп, қысқа отырысты мұстахаб санаған. Имам Шафиғи мен бір топ хадисші осы пікірде болған. Ахмад ибн Ханбал да осыны негізге алған. Ғалымдардың көпшілігі бұл отырысты мұстахаб санамаған. Тахауи ол жайында айтылмаған риуаятқа сүйеніп, Мәлик ибн әл-Хуәйрис сырқатына байланысты отырған болуы мүмкін деген. Бұл пайым бойынша, оның отыруына сырқаты себеп болған.
Тахауиге қарсы пікір айтқандар Мәлик ибн әл-Хуәйристің сырқаты болмағанын және ол осы қимылымен өзі жеткізген «Менің қалай намаз оқығанымды көрсеңдер, сендер де солай оқыңдар» деген бұйрықты орындағанын айтқан. Тахауи сүйенген риуаятқа қарап, тынығу отырысы уәжіп емес, Пайғамбар (с.а.с.) оны қалдыруға болатынын көрсету үшін кейде отырмаған дегендер де бар.
Тынығу отырысын мұстахаб санамағандар мына хадиске сүйенген: لَا تُبَادِرُونِي بِالْقِيَامِ وَالْقُعُودِ فَإِنِّي قَدْ بَدَّنْتُ «Тұрғанда да, отырғанда да менен озып кетпеңдер. Өйткені менің денем ауырлады». Бұл пайымға сай, Алла елшісінің (с.а.с.) кідіруіне осы жағдай себеп болған. Сондай үзірі жоқ адамға мұндай отырыс лайық саналмаған. Қиямға көтерілудің бір бөлігі саналатын бұл қысқа отырыс үшін жеке тәкбір айтылмайды.