Хадис

Кутуб ситтә, № 2578

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
359. Тағдил-әркан
Нөмірі
№ 2578 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
2578
Кутуб ситтә, № 2578 · тараудағы реті: 2

وَعَنِ النُّعْمَانِ بْنِ مُرَّةَ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: مَا تَرَوْنَ فِي الشَّارِبِ وَالزَّانِي وَالسَّارِقِ، وَذَلِكَ قَبْلَ أَنْ يَنْزِلَ فِيهِمُ الْحُدُودُ؟ قَالُوا:اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ. قَالَ: هُنَّ فَوَاحِشُ وَفِيهِنَّ عُقُوبَةٌ، وَأَسْوَأُ السَّرِقَةِ الَّذِي يَسْرِقُ صَلَاتَهُ قَالُوا: وَكَيْفَ يَسْرِقُ صَلَاتَهُ يَا رَسُولُ اللَّهِ؟ قَالَ: لَا يُتِمُّ رُكُوعَهَا وَلَا سُجُودَهَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нұғман ибн Муррә былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ішімдік ішкен, зина жасаған және ұрлық еткен адам жайында не дейсіңдер?” – деп сұрады. Бұл сол істердің хадд жазасы белгіленбей тұрған кез еді. Сахабалар: “Алла мен Елшісі жақсырақ біледі”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бұлар – жазасы бар ауыр күнәлар. Ең жаман ұры – намазын ұрлаған адам”, – деді. “Уа, Алла елшісі, адам намазын қалай ұрлайды?” – деп сұрағанда, ол: “Рукуғы мен сәждесін толық орындамайды”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) намаздағы тағдил-әрканның маңызын салыстыра түсіндірген. Әуелі жаман екені жұртқа мәлім үш іс жайында сұраған. Сахабалар оның жұрттың назарын аудару үшін әңгімені көбіне сұрақпен бастайтынын білген. Өздерінен нақты жауап күтпегенін аңғарып: «Алла мен Елшісі жақсырақ біледі», – деумен шектелген. Алла елшісі (с.а.с.) ұрлықтың жамандығын еске салып, оның ең ауыры адамның өз намазын ұрлауы екенін айтқан. Мұндай сөзді бұрын естімеген сахабалар: «Уа, Алла елшісі, адам намазын қалай ұрлайды?» – деп сұраған.

Тиби былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) ұрлықты жұртқа белгілі және белгісіз ұрлық деп екіге бөлді. Белгісіз ұрлық деп намаздағы тұманина мен хушуғтың кемдігін атады. Содан кейін соның жұртқа белгілі ұрлықтан да жаман екенін айтты».

2. Тағдил-әрканды сақтамауды ұрлықтың ең сорақы түріне жатқызудың мәні былай түсіндірілген: «Ұры біреудің мүлкін ұрласа, кейде оны бұл дүниеде пайдаланады. Мүлік иесінен кешірім алып, ақысын адалдатуы немесе белгіленген жазасын өтеп, ақырет азабынан құтылуы мүмкін. Намазын ұрлаған адам өз сауабынан айырылады да, ақыретте жазаға ұшырайды».

3. Әбу әл-Уәлид әл-Бажи Алла елшісінің (с.а.с.) намаздағы өзге қателердің арасынан рукуғ пен сәждені арнайы атауын былай түсіндірген: намаздың бұзылуына көбіне осы екеуінің дұрыс орындалмауы себеп болады. «Мұның ұрлық аталуы – адам өзіне тапсырылған аманатқа қиянат жасағандықтан», – деген ол.

4. Ахмад ибн Ханбал мен Таялисидің Әбу Сағид әл-Худриден жеткізген риуаяты да осы хадисті қуаттайды.

أَسْوَأُ النَّاسِ سَرِقَةً الَّذِي يَسْرِقُ مِنْ صَلَاتِهِ. قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَكَيْفَ يَسْرِقُهَا؟ قَالَ: لَا يُتِمُّ رُكُوعَهَا وَلَا سُجُودَهَا وَلَا خُشُوعَهَا.

Пайғамбар (с.а.с.): «Ең жаман ұры – өз намазынан ұрлаған адам», – деген. Сахабалар: «Уа, Алла елшісі, ол намазын қалай ұрлайды?» – деп сұрағанда: «Рукуғын, сәждесін және хушуғын толық орындамайды», – деп жауап берген.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Қаср әс-салат», 72 (1/167).