Хадис

Рукуғ пен сәжденің ұзақтығы

Кутуб ситтә, 7-том, 360-тарау · 6 хадис · № 2583–2588

Хадистер

2583
Кутуб ситтә, № 2583 · тараудағы реті: 1

عَنْ سَعِيدٍ بْنِ جُبَيْرٍ قَالَ: «سَمِعْتُ أَنَسَ بْنَ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: مَا صَلَّيْتُ وَرَاءَ أَحَدٍ بَعْدَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ أَشْبَهَ صَلَاةً بِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ مِنْ هَذَا الْفَتَى، يَعْنِي عُمَرَ بْنَ عَبْدِ الْعَزِيزِ. قَالَ: فَحَزَرْنَا فِي رُكُوعِهِ عَشَرَ تَسْبِيحَاتٍ، وَفِي سُجُودِهِ مِثْلَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн Жубәйр былай дейді: «Әнәс ибн Мәликтің (р.а.): “Алла елшісінен (с.а.с.) кейін намазы оныкіне мына жас жігіттің намазынан артық ұқсайтын ешкімге ұйыған емеспін”, – дегенін естідім». Ол Омар ибн Абдулазизді меңзеген.

Рауи сөзін жалғап: «Рукуғында он тәсбихтай, сәждесінде де сонша кідіргенін шамаладық», – деген.1

Түсіндірме

Әнәс Омар ибн Абдулазиздің рукуғ пен сәждеде он тәсбих айтатындай кідіргенін баяндайды. Бұдан Алла елшісінің (с.а.с.) де рукуғ пен сәждеде он рет тәсбих айтқанын аңғаруға болады. Риуаят рукуғ пен сәжде толық болуы үшін тәсбихты он рет қайталау керек деген пікірді қуаттайды.

Намазды жеке оқыған адам тәсбихты көбірек айтса, абзал. Алла елшісінің (с.а.с.) тәсбихты ұзартқаны жайындағы риуаяттар оның жеке оқыған намаздарына қатысты. Жамағатқа ауыр тимейтініне сенімді имамға да осы үкім жүреді. Кейбір риуаяттарда Алла елшісі (с.а.с.): «Рукуғта “Субхана раббиял-азим”, сәждеде “Субхана раббиял-ағла” деп кемінде үш рет айтыңдар», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 154 (№888). Нәсәи, «Ифтитах», 166 (2/224–225).
2584
Кутуб ситтә, № 2584 · тараудағы реті: 2

وَعَنِ السَّعْدِيِّ عَنْ أَبِيهِ أَوْ عَنْ عَمِّهِ قَالَ: «رَمَقْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فِي صَلَاتِهِ فَكَانَ يَتَمَكَّنُ فِي رُكُوعِهِ وَسُجُودِهِ قَدْرَ مَا يَقُولُ سُبْحَانَ اللَّهِ وَبِحَمْدِهِ ثَلَاثًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әс-Сағди әкесінен немесе көкесінен мына сөзді жеткізген: «Алла елшісінің (с.а.с.) намазын мұқият бақыладым. Ол рукуғы мен сәждесінде “Субханаллаһи уә бихамдиһ” деп үш рет айтуға жететіндей кідіретін».1

Түсіндірме

Осы хадиске сүйенген ғалымдар рукуғ пен сәждеде тәсбихты үш реттен кем айтса, сүннет орындалмайды деген. Мауәрди рукуғ пен сәждені толық орындау үшін тәсбихты он бір не тоғыз рет немесе бес рет айтуды ұсынған. «Бір рет айтса да жеткілікті», – деген. Тирмизи Ибн әл-Мубарак пен Исхақ ибн Раһауайһтан имамның тәсбихты бес рет айтуы мұстахаб деген пікірді жеткізген. Тәсбихтың толықтығын белгілі бір санмен шектеуге дәлел жоқ. Намаз ұзарған сайын тәсбихты да көбейте беруге болады. «Нәйл әл-аутарда» тоғыздан асқанда сәһу сәждесі керек немесе үштен асса, тәсбихты тақ санмен аяқтау мұстахаб деген үкімдердің де дәлелі жоқ екені айтылған.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 154, (885);.
2585
Кутуб ситтә, № 2585 · тараудағы реті: 3

وَعِنْدِ غُنْدَرٍ قَالَ: «غَلَبَ عَلَى الْكُوفَةِ زَمَنَ ابْنِ الأشْعَثِ مَطَرُ بْنُ نَاجِيَةَ فَأَمَرَ أَبَا عُبَيْدَةَ بِنِ عَبْدِ اللَّهِ أَنْ يُصَلِّيَ بِالنَّاسِ. فَكَانَ إِذَا رَفَعَ رَأْسَهُ مِنَ الرُّكُوعِ قَامَ قَدْرَ مَا أَقُولُ: اللَّهُمَّ رَبَّنَا وَلَكَ الْحَمْدُ مِلْءَ السَّمَوَاتِ وَمِلْءَ الْأَرْضِ وَمِلْءَ مَا شِئْتَ مِنْ شَىْءٍ بَعْدُ أَهْلَ الثَّنَاءِ وَالْمَجْدِ. لَا مَانِعَ لِمَا أعْطَيْتَ، وَلَا مُعْطِيَ لِمَا مَنَعْتَ، وَلَا يَنْفَعُ ذَا الْجَدِّ مِنْكَ الْجَدُّ». قَالَ: الْحَكَمُ: فَذَكَرْتُ ذَلِكَ لِعَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ أَبِي لَيْلَى. فَقَالَ: «سَمِعْتُ البَرّاءَ ابْنَ عَازِبٍ يَقُولُ: كَانَتْ صَلَاةُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، قِيَامُهُ وَرُكُوعُهُ وَإِذَا رَفَعَ رَأْسَهُ مِنَ الرُّكُوعِ وَالسُّجُودِ وَمَا بَيْنَ السَّجْدَتَيْنِ قَرِيبًا مِنَ السَّوَاءِ. قَالَ شُعْبَةُ: فَذَكَرْتُهُ لِعَمْرٍو بْنِ مُرَّةَ. فَقَالَ: قَدْ رَأَيْتُ ابْنَ أَبِي لَيْلَى فَلَمْ تَكُنْ صَلَاتُهُ هَكَذَا» أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ғундар жеткізген нұсқада былай делінген: «Ибн әл-Ашғас тұсында Матар ибн Нажия Куфаны билеп, Әбу Убәйда ибн Абдуллаға (Абдулла ибн Мәсғудтың ұлына) жұртқа намаз оқытуды бұйырды. Ол рукуғтан басын көтергенде, мен “Аллаһуммә Раббәнә уә ләкәл-хамду мил’әс-сәмәуәти уә мил’әл-арди уә мил’ә мә ши’тә мин шәй’ин бәғду. Әһләс-сәнәи уәл-мәжди. Лә мәниға лима ағтайта уә лә мұғтия лима манағта. Уә лә янфағу зәл-жәдди минкәл-жәдд” деген дұғаны оқып болғанша тік тұратын».1

Әл-Хакам былай дейді: «Мұны Абдуррахман ибн Әбу Ләйлаға айттым. Ол: “Бәра ибн Азибтің (р.а.): ‘Алла елшісінің (с.а.с.) намазындағы қиямы, рукуғы, рукуғтан көтерілгеннен кейінгі кідірісі, сәждесі және екі сәжде арасындағы отырысы уақыт жағынан шамалас еді’, – дегенін естідім”, – деді».

Шуғба былай дейді: «Мұны Амр ибн Муррәға айттым. Ол: “Ибн Әбу Ләйланы көрдім. Оның намазы бұлай емес еді”, – деді».

  1. 1Дұғаның мағынасы: «Уа, Алла, Раббымыз! Аспандар мен жерді және одан өзге Өзің қалаған нәрселерді толтырарлық мадақ Саған тән. Уа, мадақ пен ұлылық иесі! Сенің бергеніңе ешкім бөгет бола алмайды. Өзің бермегенді ешкім бере алмайды. Байлық иесін байлығы Сенің алдыңда құтқара алмайды».
2586
Кутуб ситтә, № 2586 · тараудағы реті: 4

وَفِي أُخْرَى لِلشَّيْخَيْنِ قَالَ: «كَانَ رُكُوعُ النَّبِيِّ ﷺ وَسُجُودُهُ وَبَيْنَ السَّجْدَتَيْنِ وَإِذَا رَفَعَ رَأْسَهُ مِنَ الرُّكُوعِ، مَا خَلَا الْقِيَامَ وَالْقُعُودَ، قَرِيبًا مِنَ السَّوَاءِ».

Қазақша аудармасы

«Сахихайндағы» басқа бір нұсқада: «Намаздың қиямы мен отырысын есептемегенде, Алла елшісінің (с.а.с.) рукуғы, сәждесі, екі сәжде арасындағы кідірісі және рукуғтан көтерілгеннен кейінгі кідірісі шамалас еді», – делінген.1

Түсіндірме

1. Бұл хадистер рукуғ пен сәжденің және олардың арасындағы кідірістердің ұзақтығын көрсетеді. Намазда қырағат пен отырысты жеңілдетіп, рукуғ пен сәждені және олардың арасындағы кідірістерді дене орнығатындай созуға болатынын аңғартады.2

2. «Шамалас еді» деген сөз рукуғ пен сәжденің және аралық кідірістердің ұзақтығы дәл бірдей болмағанын білдіреді. Бірі сәл қысқа, екіншісі сәл ұзағырақ болғанымен, айырмашылық елеулі болмаған. Қырағат пен ташаһһуд созылмағанымен, рукуғ пен сәжде асықпай, байыппен орындалғаны аңғарылады.

Алла елшісінің (с.а.с.) ұзын сүрелер оқығаны да белгілі (№2540 және №2550 хадистер). Бұл риуаяттар бірін-бірі жоққа шығармайды. Ол жағдайға қарай кейде ұзын, кейде қысқа сүре оқыған.

  1. 1Бұхари, Азан: 120, 127, 140; Мүслим, Салат: 194, (471); Әбу Дәуіт, Салат: 147, (852); Тирмизи, Салат: 207, (279); Нәсәи, Ифтитах: 114, (2, 197-198).
  2. 2Намазды байыппен оқу және рукуғ пен сәжде арасындағы кідірістер жайында №2577, №2578 және №2582 хадистердің түсіндірмесін қараңыз.
2587
Кутуб ситтә, № 2587 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ زَيْدٍ بْنِ وَهْبٍ قَالَ: «رَأَى حُذَيْفَةُ رَجُلًا يُصَلِّي فَطَفَّفَ. فَقَالَ لَهُ حُذَيْفَةُ: مُذْ كَمْ تُصَلِّي هَذِهِ الصَّلَاةَ؟ قَالَ: مُنْذُ أَرْبَعِينَ سَنَةً. قَالَ: مَا صَلَّيْتَ مُنْذُ أَرْبَعِينَ سَنَةً. وَلَوْ مُتَّ وَأَنْتَ تُصَلِّي هَذِهِ الصَّلَاةَ مُتَّ عَلَى غَيْرِ فِطْرَةِ مُحَمَّدٍ ﷺ ثُمَّ قَالَ: إِنَّ الرَّجُلَ لَيَخُفِّفُ وَيُتِمُّ وَيُحْسِنُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ، وَاللَّفْظُ لَهُ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Уәһб былай дейді: «Хузайфа (р.а.) бір кісінің намазын шала оқығанын көріп: “Намазыңды қашаннан бері осылай оқып жүрсің?” – деп сұрады. Әлгі кісі: “Қырық жылдан бері”, – деді. Хузайфа: “Ендеше, қырық жылдан бері намаз оқымапсың. Осылай оқып жүріп өлсең, Мұхаммедтің фитратынан өзге фитратта өлесің”, – деді. Содан соң: “Адам намазды жеңіл оқыса да, толық әрі көркем орындай алады”, – деп қосты».1

Түсіндірме

1. «Шала оқыды» деп аударылған «татфиф» сөзі өлшегенде не таразыға тартқанда кем беруді білдіреді. Хадисте ол намаздың рүкіндерін толық орындамау мағынасында қолданылған. Бұхари хадисті «Намаз оқушы рукуғты толық орындамаса» және «Намаз оқушы сәждені толық орындамаса» деген екі тарауда келтірген. Сөз болып отырған кемшілік – рукуғ пен сәждені асығыс әрі шала орындау. Хузайфа (р.а.) мұндай намазды оқылмағанмен тең санаған. Алла елшісі (с.а.с.) рукуғ пен сәждені шала орындаған Халлад ибн Рафиғқа да: ارْجِعْ فَصَلِّ فَإِنَّكَ لَمْ تُصَلِّ «Қайта барып намаз оқы, өйткені сен намаз оқыған жоқсың», – деген.

Алла елшісінің (с.а.с.) және Хузайфаның (р.а.) бұл намазды сынауына рүкіндерінің шала орындалуы себеп болған. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, намазды тастаған адам кәпір болады деген үкім шығарған. «Мұхаммедтің фитратынан өзге фитратта өлесің» деген сөз әртүрлі түсіндірілген. «Фитратты» дін деп түсіндіргенде, намазды шартына сай оқымаған адамға «Мұхаммедтің дінінен өзге дінде өлесің» деп ескертілген болады.

Кей ғалымдар бұл сөзді қатаң ескерту деп түсініп, адамның осы қылығы үшін күпірлікке үкім шығармаған. Олар «фитрат» сөзінің «сүннет» деген мағынасы да барын ескеріп, «Мұхаммедтің сүннетінен өзге жолда жан тапсырасың» деп жорыған. Бірқатар ғалымдар мұны амалдың кемелдігіне қатысты ескерту санаған. Мәселен, لَا يَزْنِي الزَّانِي حِينَ يَزْنِي وَهُوَ مُؤْمِنٌ «Зина жасаушы зина жасап жатқан сәтінде мүмін күйінде болмайды» деген хадисті де иманның кемелдігіне қатысты түсіндірген. Сол сияқты бұл жердегі сөзді намаздың кемелдігіне қатысты түсінгендер бар. Хаттаби: «Мұнда фитраттың мағынасы – дін. Бұл сөз әлгі адамды қылығын қайталаудан сақтандыру үшін айтылған», – деген. Әт-Тәйми: «Намазды фитрат деп атаған, өйткені ол – иманға қатысты амалдардың ең ұлысы», – дейді. Риуаят соңындағы «Адам намазды жеңіл оқыса да, толық әрі көркем орындай алады» деген сөз намазды толық оқу үшін оны міндетті түрде созу шарт еместігін білдіреді.

  1. 1Бұхари, Азан: 119, 132; Нәсәи, Сәһу: 66, (3, 58-59).
2588
Кутуб ситтә, № 2588 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ شِبْلٍ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ نَقْرَةِ الْغُرَابِ، وَافْتَرَاشِ السَّبُعِ، وَأَنْ يُوَطِّنَ الرَّجُلُ بِالْمَكَانِ الَّذِي فِي الْمَسْجِدِ كَمَا يُوَطِّنُ الْبَعِيرُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. «نَقْرَةُ الْغُرَابِ» الْمُتَابَعَةُ بَيْنَ السَّجْدَتَيْنِ مِنْ غَيْرِ طُمَأْنِينَةٍ بَيْنَهُمَا». وَ«افْتِرَاشُ السَّبُعِ» أَنْ يَضَعَ سَاعِدَيْهِ عَلَى الْأَرْضِ فِي السُّجُودِ كَالْكَلْبِ وَغَيْرِهِ مِنَ السِّبَاعِ. وَقَوْلُهُ: «وَأنْ يُوَطِّنَ الرَّجُلُ بِالْمَكانِ كَمَا يُوَطِّنُ الْبَعِيرُ» مَعْنَاهُ أَنْ يَأْلَفَ مَكَانًا مَعْلُومًا مِنَ الْمَسْجِدِ يُصَلِّي فِيهِ لَا يَعْدُوهُ كَالْبَعِيرِ لَا يَأْوِي مِنْ عَطَنِ الْإبِلِ إِلَّا إِلَى مَكَانٍ قَدْ اعْتَادَهُ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Шибл (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қарға жем шоқығандай асығыс сәжде жасауға, жыртқыш аң сияқты білектерді жерге жаюға және түйе үйреншікті жеріне шөккендей, мешіттің бір орнын үнемі иемденуге тыйым салды».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте намазға қатысты үш әдепті көрсеткен:

• Екі сәжденің арасында дене орнығатындай кідірмей, екінші сәждеге асыға жығылуды қарғаның шоқуына ұқсатқан. Қарға өлексеге қонса, оны тұмсығымен үздіксіз шоқиды.

• Сәждеде білектерін жерге төсеген адам жыртқыш аңның алдыңғы аяқтарын жайып жатуына ұқсатылған. Сәждеде қолды екі жаққа ашып, шынтақты жерден көтеріп ұстау керек.

• Мешітте бір орынды иемденіп, әр келген сайын сол жерде намаз оқудан сақтандырған. «Түйе сияқты жайғасу» деген теңеу осыған қатысты. Түйе қорасына келгенде өзіне үйреншікті орынға шөгеді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 148, (862); Нәсәи, Ифтитах: 145, (2, 214).