عَنْ سَعِيدٍ بْنِ جُبَيْرٍ قَالَ: «سَمِعْتُ أَنَسَ بْنَ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: مَا صَلَّيْتُ وَرَاءَ أَحَدٍ بَعْدَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ أَشْبَهَ صَلَاةً بِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ مِنْ هَذَا الْفَتَى، يَعْنِي عُمَرَ بْنَ عَبْدِ الْعَزِيزِ. قَالَ: فَحَزَرْنَا فِي رُكُوعِهِ عَشَرَ تَسْبِيحَاتٍ، وَفِي سُجُودِهِ مِثْلَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Сағид ибн Жубәйр былай дейді: «Әнәс ибн Мәликтің (р.а.): “Алла елшісінен (с.а.с.) кейін намазы оныкіне мына жас жігіттің намазынан артық ұқсайтын ешкімге ұйыған емеспін”, – дегенін естідім». Ол Омар ибн Абдулазизді меңзеген.
Рауи сөзін жалғап: «Рукуғында он тәсбихтай, сәждесінде де сонша кідіргенін шамаладық», – деген.1
Түсіндірме
Әнәс Омар ибн Абдулазиздің рукуғ пен сәждеде он тәсбих айтатындай кідіргенін баяндайды. Бұдан Алла елшісінің (с.а.с.) де рукуғ пен сәждеде он рет тәсбих айтқанын аңғаруға болады. Риуаят рукуғ пен сәжде толық болуы үшін тәсбихты он рет қайталау керек деген пікірді қуаттайды.
Намазды жеке оқыған адам тәсбихты көбірек айтса, абзал. Алла елшісінің (с.а.с.) тәсбихты ұзартқаны жайындағы риуаяттар оның жеке оқыған намаздарына қатысты. Жамағатқа ауыр тимейтініне сенімді имамға да осы үкім жүреді. Кейбір риуаяттарда Алла елшісі (с.а.с.): «Рукуғта “Субхана раббиял-азим”, сәждеде “Субхана раббиял-ағла” деп кемінде үш рет айтыңдар», – деген.
- 1Әбу Дәуіт, «Салат», 154 (№888). Нәсәи, «Ифтитах», 166 (2/224–225).