Хадис

Кутуб ситтә, № 2573

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
358. Жария оқу
Нөмірі
№ 2573 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
2573
Кутуб ситтә, № 2573 · тараудағы реті: 4

وَعَنِ الْبَيَاضِيّ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ خَرَجَ عَلَى النَّاسِ وَهُمْ يُصَلُّونَ، وَقَدْ عَلَتْ أَصْوَاتُهُمْ بِالْقِرَاءَةِ. فَقَالَ: إِنَّ الْمُصَلِّيَ يُنَاجِي رَبَّهُ فَلْيَنْظُرْ بِمَ يُنَاجِيهِ؟ وَلَا يَجْهَرْ بَعْضُكُمْ عَلَى بَعْضٍ بِالْقُرْآنِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Әл-Баяди (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқып жатқан кісілердің жанына келді. Олар қырағатты дауыстап оқып жатыр еді. Ол: “Намаз оқыған адам Раббысына мінәжат етеді. Сондықтан әркім Раббысына қалай мінәжат етіп тұрғанына мән берсін. Құран оқығанда дауыстарыңды бір-біріңе асырмаңдар”, – деді».1

Түсіндірме

1. Әл-Баядидің есімі – Фәруа ибн Амр ибн Уәдқа. Баяд – Хазраж тайпасының бір тармағы. Фәруа (р.а.) Ақаба сертіне, Бәдір шайқасына және одан кейінгі жорықтарға қатысқан алғашқы сахабалардың бірі. Алла елшісі (с.а.с.) оған Мәдина бақтарындағы жемістің мөлшерін бағалатып, сол бағалау бойынша зекет белгілейтін. Оның бағалауда жаңылыспағаны айтылады.

Кейбіреулер имам Мәлик бұл риуаятта оның есімін атамағанын Фәруаның Османды (р.а.) шейіт еткендерге жәрдемдескенімен байланыстырады.

Жәмал шайқасында Әлидің (р.а.) жағында болған. Алла жолында көп садақа берген сахабалардың бірі.

2. Хадистің өзге нұсқаларында оқиғаның рамазан айында болғаны айтылады. Алла елшісі (с.а.с.) есігі шимен жабылған дөңгелек шатырда иғтикафқа кірген еді.

3. Пайғамбар (с.а.с.) шатырдан шығып, жұрттың намазда дауыстап қырағат оқып тұрғанын көрді. Сонда хадисте айтылғандай, оларға дауыстарын бәсеңдетуді тапсырды.

Намаз – мінәжат. Адам Раббысымен оңаша тілдесіп, жүрегінің сырын ашқанда, дауысын көтерудің қажеті жоқ. Өз сөзін өзі ажырата алатындай бәсең айтса жеткілікті. Алла Тағала құлының мінәжатын есту үшін көтеріңкі дауысқа мұқтаж емес.

Ибн Абдулбәрр намаздағы мінәжатты «хушуғ пен жүректі намазға жұмылдыру» деп сипаттаған. Қади Ияд: «Бұл – жүректің ықыласы. Намаз оқушы Алланы зікір етіп, Оған мадақ айтып, Кітабын оқу арқылы көңілін өзге ойдан арылтады», – деген. Құлдың Раббысына мінәжатын «намазда бұйырылған сөздер мен амалдарды орындап, тыйым салынған сөз бен істен аулақ болу» деп түсіндіргендер де бар.

Раббының құлына мінәжаты – оған рақымы мен разылығын бұрып, мағрифат нәсіп етуі, сыр ұқтыруы.

Әбу әл-Уәлид әл-Бажи атап өткендей, хадис намаздың мәні мен мақсатына назар аудартады. Құл намаз үстінде мәкрүһ істерден сақтанып, құлшылығын кемелдендіретін амалдарға көбірек көңіл бөлуге тиіс.

4. «Раббысына қалай мінәжат етіп тұрғанына мән берсін» деген сөз Құранды мәкрүһ тәсілмен оқудан сақтандырады. Құранның әр аяты – құлшылық әрі Аллаға жақындаудың амалы. Алайда адам оқу әдебін сақтамаса, осы мақсаттан алыстап кетуі мүмкін. Сондықтан қырағатпен қатар оның әдебіне де мән беру керек. Келесі сөйлемде мәкрүһ тәсіл нақты көрсетілген:

«Құран оқығанда дауыстарыңды бір-біріңе асырмаңдар».

Кейбір түсіндірмешілер мұны былай ұғындырған: «Өзгелердің жанында Құранды дауыстап оқыса, олардың мазасын алып, намазға ықыласпен кірісуіне, көңілін басқа ойдан арылтуына, Раббысына мінәжат кезінде оқыған аяттарының мағынасына ой жүгіртуіне кедергі жасайды. Намаз оқушыға осындай зияны үшін Құранды дауыстап оқуға тыйым салынса, хадис пен өзге сөздерді дауыстап оқуға тыйым салу одан да орынды».

Ибн Абдулбәрр: «Басқа мұсылманға игі іс үстінде және Құран оқығанда жапа шектіруге тыйым салынса, өзге жолмен жапа шектірудің қаншалықты ауыр әрі харам екені түсінікті», – деген.

Алла елшісінің (с.а.с.) жанындағылардың мазасын алатындай дауыстап дұға жасағандарға және Құран оқығандарға ескерту жасағаны өзге риуаяттарда да айтылады.

  1. 1Муатта, Салат: 29, (1, 80); Әбу Дәуіт, Салат: 310, (1332).