Бұл бөлімдегі он бес риуаят намазда сүннетке сай қалай отыру керегін көрсетеді. Оларды жинақтағанда мынадай үкімдер шығады.
1. Алғашқы екі рәкаттан кейінгі отырыс пен соңғы отырыс сырттай ұқсас болғанымен, ұзақтығы әртүрлі. Бірінші отырыс қысқарақ. №2650 хадисте ол қызған тастың үстіне отырғанға ұқсатылады. Түсіндірмелерде бұл сөзді тәшәһһудті оқи сала, салауат пен өзге дұғаны қоспай тұру деп ұққан. Ханафилердің пікірінше, қосымша дұға оқыса, намаз соңында сәһу сәждесі жасалады. Шәфиғилер салауат оқуға рұқсат берген.
2. Намаздағы отырыстың өзіндік тәртібі бар. Риуаяттарда қолды қалай қоюдан бастап, аяқтың бақайлары қайда қарауы керегіне дейін айтылады.
• Оң аяқтың өкшесі көтеріліп, бақайлары құбылаға қаратылады. Оң қол оң санға, сол қол сол санға, тізеге жақын қойылады. Қолды тізенің үстіне де қоюға болады.
Ибн Зубәйірден жеткен №2640 риуаятта сол аяқты оң сирақтың астына өткізіп, оң аяқты жерге төсеп отыру айтылған. Бұл отырыс жайында әртүрлі пікір бар. Ғалымдар оң аяқты тік қоюды құп көрген. Қади Ияд оң аяқты төсеу оны бақайларға тіремей, жай ғана артқа жіберу деген сөз екенін айтқан. Демек, оң аяқты екі түрлі қалыпта ұстауға рұқсат.
а) Оң аяқты тік қойып, бақайларын құбылаға қарату.
ә) Оң аяқты жерге төсеп, бақайларын артқа қарату.
Екі қалып та сахих риуаяттарда келген. Ғалымдар аяқты тік қоюды мұстахаб, жерге төсеуді рұқсат деп білген.
Кейбір ғалымдар оң аяқты тік қою алғашқы екі рәкаттан кейінгі отырысқа, ал жерге төсеу ұзақтау болатын соңғы отырысқа тән деп түсіндірген. Шәфиғи және бірқатар фиқһ ғалымы осы пікірді ұстанған.
Әбу Ханифа мен бірқатар фиқһ ғалымы екі отырыста да ерлердің оң аяғын тік қоюын, әйелдердің жерге төсеуін құп көрген.
Мәликилер екі отырыста да оң аяқты жерге төсегенді абзал санайды.
• Оң қолдың саусақтары мынадай көріністе болуы тиіс: Бас бармақ пен ортаңғы саусақ жүзік пішінін беріп, ұштары бірігеді. Ортаңғы саусақтан кейінгі екі саусақ та солай жұмылады. Ишарат ететін саусақ болса құбыла тарапқа қарап, ашық тұрады. №2638 риуаятта айтылған елу үш пішінін, Нәуәуи былай түсіндіреді: «Санау ілімінде бұл сөз шынашақты неке жүзігін тағатын саусақтың үстіне қою дегенді білдіреді. Бірақ риуаяттағы мақсат оны білдіру емес, математиктердің шынашақты алақанға қойып, елу тоғыз санын білдіруі айтылса керек. Қысқасы, кішкентай саусақ жұмылады».
• Оң қолдың саусақтары жұмылып, сұқ саусақтың құбылаға қарауына қатысты әртүрлі көзқарастар туған. Мәселен, «Саусақтарды қай кезде жұмамыз, ишарат ететін саусақ қозғалыссыз тұра ма әлде қозғалып тұра ма?» деген секілді сұрақтар көп. Бірақ жоғарыда айтылған хадистердің бұл мәселеге еш қатысы жоқ. Дегенмен бұл мәселеге қатысты түрлі көзқарастар туғызатын риуаяттар өте көп.
Ғалымдар мұндай риуаяттарды Расулалланың (с.а.с.) әр уақытта әртүрлі оқуымен байланыстырады. Талас-тартысқа кірместен біздің мәзһабта ишарат ететін саусақ қай кезде көтерілетіндігін айтайық: Әттәхият дұғасын оқып отырып, «Лә иләһа» деп басталатын бөлімге келген кезде сұқ саусақты сәл жоғары көтеріп, басқа саусақтарды жұдырық етіп жұмып ишарат жасаймыз. «Иллаллаһ» деген жерінде саусақты түсіріп, оң қолды қайтадан қалыпты халге келтіреміз. Кейбір риуаяттар куәлік сөзі айтылған кезде саусақ көтеруден басқа әрекеттердің де жасалатындығын айтқан. Ханафи фақиһтерінің бірі Имам Мұхаммед сұқ саусақты көтерген кезде бас бармақ пен ортаңғы саусақтың ұштарын біріктіріп, жүзік тәріздес формаға келтіру керектігін, қалған екі саусақтың жұмулы тұратындығын айтқан. Кейбір ғалымдар сұқ саусақпен ишарат жасаған кезде бас бармақтың басқа саусақтардың астында қалатындығын жазып кеткен. Сұқ саусақты көтеріп, ишарат жасаудың қажеті жоқ деп білген ғалымдар да жоқ емес. Бірақ бұл сөз сахих риуаятқа қарсы келеді. Кәйдани саусақ көтеруге «харам» деп үкім берген.
Сұқ саусақты көтеріп, ишарат жасау риуаяттармен бекітілген сүннеттің бір түрі болумен қатар, отырыстағы көздің қызметін белгілейтін бір әрекет. Өйткені №2639-2641 риуаяттарда көз ишарат жасап тұрған сұқ саусаққа қарайтындығы айтылған болатын. Қалай десек те сұқ саусақты көтеріп, ишарат жасау – Алланың бірлігін, жалғыз екендігін еске түсіретін, көңілге бекітетін амалдардың бірі.
3. Жоғарыда айтылған хадисте екі түрлі отырыс жайлы айтылды: Малдас құрып отыру және екі аяқтың өкшесін көтеріп отыру. Бұны «Икға» деп те атайды. Жоғарыдағы риуаяттардан бір кісінің намазда малдас құрып отырғандығын оқыдық. №2647 риуаят бұлай жасау тек мұқтаждық туғанда ғана рұқсат екендігін білдірді. Әдетте, малдас құрып отыруға ғалымдар рұқсат бермеген. Ибн Абдулбәрр «Кім болса да малдас құрып парыз намазын оқуға болмайды» деген сөзге ғалымдардың тоқталғандығын айтқан. Нәпіл намаздарда ауруына байланысты малдас құрып отыруға қатысты әртүрлі көзқарастар бар. Ибн Мәсғудтан жеткен риуаятта Алла елшісінің бұлай жасау харам екендігін айтқандығы жазылған. Алайда ғалымдардың барлығы әттәхияттағы отырыс формасының сүннет екендігіне келіскен.
№2649 риуаятта иқға қалпында отырудың сүннет екені айтылады. Бұл сөздің мағынасына қатысты түрлі пікір бар. Сондықтан оның арабша атауын сақтап, отырыс түрлерін түсіндіреміз.
إِقْعَاءٌ деген қандай отырыс? Нәуәуи бұл жөнінде екі хадис жеткенін айтады. Біріншісінде жоғарыда көрсетілгендей иқғаның сүннет екені айтылған. Екіншісінде, Тирмизи және басқа ғалымдар жеткізген риуаятта, осы қалыпта отыруға тыйым салынған.
Нәуәуи хадистердің дереккөздерін көрсеткен соң былай түсіндіреді: «Ғалымдар иқғаның үкімі мен қалай орындалатыны жөнінде көп пікір айтқан. Иқғаның екі түрі бар. Біріншісі – иттің отырысындай бөксені жерге тигізіп, балтырды тік ұстап, қолды жерге тіреп отыру». Әбу Убәйда Мағмар ибн Мүсәнна, оның әріптесі Әбу Убәйд әл-Қасым ибн Сәлләм және басқа тіл мамандары осылай түсіндірген. Тыйым салынған, мәкрүһ отырыс – осы.
Екінші түрі – екі сәжденің арасында бөксені өкшелердің үстіне қойып отыру. Ибн Аббастың «Пайғамбарымыздың сүннеті» дегені осы отырысқа қатысты. Оның бір риуаятында «Өкшелерді бөксеге тигізу – сүннет» деп ашып айтылған. Мәзһабтар сүннет санаған отырыстарды жоғарыда келтірдік. Шәфиғи екі сәжденің арасында аз уақыт отыруды сүннет санаған. Ибн Аббастың риуаяты бойынша, ол отырыс осы иқға қалпында жасалады.