Хадис

Намаздың соңында сәлем беру

Кутуб ситтә, 7-том, 366-тарау · 6 хадис · № 2651–2656

Хадистер

2651
Кутуб ситтә, № 2651 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَامِرٍ بْنِ سَعْدٍ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُسَلِّمُ عَنْ يَمِينِهِ وَعَنْ يَسَارِهِ حَتَّى أَرَى بَيَاضَ خَدِّهِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Әмир ибн Сағд әкесінен (р.а.) мына хабарды жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.) намазды аяқтағанда оң жағына да, сол жағына да сәлем беретін. Артында отырып, бетінің ақшыл тұсын көретінмін».1

  1. 1Мүслим, Мәсәжид: 119, (582); Нәсәи, Сәһу: 68, (3, 61).
2652
Кутуб ситтә, № 2652 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبىَّ ﷺ كَانَ يُسَلِّمُ عَنْ يَمِينِهِ وَعَنْ شِمَالِهِ: السَّلَامُ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَةُ اللَّهِ السَّلَامُ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَةُ اللَّهِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. وَزَادَ أَبُو دَاوُدَ بَعْدَ قَولِهِ شِمَالِهِ: «حَتَّى نَرَى بَيَاضَ خَدِّهِ». وَزَادَ النَّسَائِى: «حَتَّى نَرَى بَيَاضَ خَدِّهِ مِنْ هَاهُنَا، وَبَيَاضَ خَدِّهِ مِنْ هَاهُنَا».

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) намаздың соңында оң жағына да, сол жағына да “Әссәләму аләйкум уә рахматуллаһ” деп сәлем беретін»1. Әбу Дәуітте «сол жағына» дегеннен кейін: «...Бетінің ақшыл тұсын көретінбіз», – деген қосымша бар.

Нәсәидегі нұсқада: «...Бір жағынан да, екінші жағынан да бетінің ақшыл тұсын көретінбіз», – деген қосымша бар.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 189, (996); Тирмизи, Салат: 221, (295); Нәсәи, Сәһу: 71, (3, 63).
2653
Кутуб ситтә, № 2653 · тараудағы реті: 3

وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ عَنْ وَائِلٍ بْنِ حَجَرٍ: «كانَ يُسَلِّمُ عَنْ يَمِينِهِ: السَّلَامُ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَةُ اللَّهِ وَبَرَكَاتُهُ، وَعَنْ شِمَالِهِ: السَّلَامُ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَةُ اللَّهِ». وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ: «ثُمَّ سَلِّمُوا عَلَى أقَارِبِكُمْ وَعلى أَنْفُسِكُمْ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің Уаил ибн Хужрдан (р.а.) жеткізген риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) оң жағына “Әссәләму аләйкум уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ”, ал сол жағына “Әссәләму аләйкум уә рахматуллаһ” деп сәлем беретін», – делінген.

Әбу Дәуіттің Сәмура ибн Жундабтан (р.а.) жеткізген риуаятында: «...Содан соң имамдарыңа және бір-біріңе сәлем беріңдер», – делінген.1

Түсіндірме

Сәмурадан жеткен хадистің Әбу Дәуіттегі нұсқасы мен «Тәйсирдегі» нұсқасының арасында айырма бар. «Тәйсирде» عَلَى أَقَارِبِكُمْ «жақындарыңа» деп келсе, Әбу Дәуітте عَلَى إِمَامِكُمْ «имамдарыңа» делінген. Ибраһим Жанан «Тәйсирдегі» сөзді «қари» ұғымымен байланыстырып, осы жерде «имам» деп аударған.

  1. 1Уаил ибн Хужрдың риуаяты: Әбу Дәуіт, «Салат», 189 (№997). Сәмура ибн Жундабтың риуаяты: Әбу Дәуіт, «Салат», 182 (№875).
2654
Кутуб ситтә, № 2654 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Жәбир ибн Сәмура (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ بْنِ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كُنَّا إِذَا صَلَّيْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ. قُلْنَا بِأَيْدِينَا: السَّلَامُ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَةُ اللَّهِ، وَأَشَارَ بِيَدِهِ إِلَى الْجَانِبَيْنِ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: عَلَامَ تُومُونَ بأيْدِيكُمْ؟ مَا لِي أَرَى أَيْدِيَكُمْ كَأَنَّهَا أَذْنَابُ خَيْلٍ شُمْسٍ؟ اُسْكُنُوا فِي الصَّلَاةِ، وَإِنَّمَا يَكْفِي أَحَدَكُمْ أَنْ يَضَعَ يَدَهُ عَلَى فَخِذِهِ، ثُمَّ يُسَلِّمُ عَلَى أَخِيهِ مِنْ يَمِينِهِ وَشِمَالِهِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. «الشُّمْسُ»: بِضَمِّ الشِّينِ المُعْجَمَةِ وَسُكُونِ المِيمِ جَمْعُ شَمُوسٍ بِفَتْحِ الشِّينِ، وَهِىَ النَّفُورَةُ مِنْ الدَّوَابِّ الَّتِي لَا تَسْتَقِرُّ لِنُفُورِهَا وَحِدَّتِهَا.

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Сәмура (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге намаз оқығанда “Әссәләму аләйкум уә рахматуллаһ” деп, екі жаққа қолымызбен ишара жасайтынбыз. Алла елшісі (с.а.с.) бізге: “Неге қолдарыңмен ишара жасайсыңдар? Қолдарың үркек аттардың құйрығындай болып көрінеді. Намазда байсалды болыңдар. Қолды санның үстіне қойып, оң жақтағы және сол жақтағы бауырларыңа сәлем берсеңдер, жеткілікті”, – деді».1

  1. 1Мүслим, Салат: 119, (430); Әбу Дәуіт, Салат: 189, (998, 999, 1000); Нәсәи, Сәһу: 5, (3, 4, 5).
2655
Кутуб ситтә, № 2655 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا سَلَّمَ لَمْ يَقْعُدْ إِلَّا مِقْدَارَ مَا يَقُولُ: اللَّهُمَّ أَنْتَ السَّلَامُ وَمِنْكَ السَّلَامُ تَبَارَكْتَ يَا ذَا الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сәлем бергеннен кейін “Аллаһумма әнтәс-сәләм уә минкәс-сәләм. Тәбәрактә, йә зәл-жәләли уәл-икрам” дейтіндей ғана уақыт отыратын».

Бұл дұғаның мағынасы: «Уа, Алла! Сен – әс-Сәләмсың (бар кемшіліктен пәксің). Амандық Сенен келеді. Уа, ұлылық пен жомарттықтың Иесі! Сен аса берекелісің».1

  1. 1Мүслим, Мәсәжид: 136, (592); Тирмизи, Салат: 224, (298).
2656
Кутуб ситтә, № 2656 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Сәмура ибн Жундуб (р.а.)

وَعَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَال: «أَمَرَنَا النَّبِيُّ ﷺ أَنْ نَرُدَّ عَلَى الإِمَامِ، وَأنْ نَتَحَابَّ، وَأنْ يُسَلِّمَ بَعْضُنَا عَلَى بَعْضٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Сәмура ибн Жундаб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) имамның сәлеміне жауап қайтаруды, бір-бірімізге сүйіспеншілік танытуды және өзара сәлемдесуді бұйырды».1

Түсіндірме

Бұл бөлімдегі алты хадис намаздың соңындағы сәлемге қатысты. Оларды жинақтағанда мынадай үкімдер шығады.

1) Намаз соңында әттәхият, салауат және дұғалар оқылған соң басты оңға, содан кейін солға бұрып сәлем беріледі (№2651).

2) Басты оңға және солға бұрғанда әр жолы «Әссәләму аләйкум уә рахматуллаһ» делінеді (№2652, №2653). Оң жақтан бастау абзал. Нәуәуи екі сәлемді де оңға, солға немесе алға қарап берсе, я сол жақтан бастаса, сәлемнің жарамды екенін, бірақ абзал амалдан құр қалатынын айтқан. Оңға да, солға да анық бұрылады. Хадистегі бетінің ақшыл тұсының көрінуі осыны білдіреді.

3) Сәлем бергенде имамның сәлеміне жауап қайтару ниет етіледі (№2653, №2656). Әли әл-Қари «Мирқатта» Ханафи түсіндірмесін былай берген: имамның оң жағындағы кісі екінші, сол жағындағы кісі бірінші сәлемінде, дәл артындағы кісі екі сәлемінде де имамға жауап беруді ниет етеді.

«Нәйлул-әутарда» Шәфиғи ғалымдарының пікірі былай берілген: «Имамның оң жағындағы кісі екінші сәлемінде, сол жағындағы кісі бірінші сәлемінде имамға жауап беруді ниет етеді. Имамның дәл артында тұрған кісі қалаған сәлемінде ниет етеді. Бірінші сәлемде ниет еткені абзал». Ибн Мәжаның риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) имамымызға және бір-бірімізге сәлем беруді бұйырды», – делінген.

Мәликилердің пікірінше, имамға ұйыған кісі оның айтқанын қайталап, үш рет сәлем береді. Бірінші сәлемін сәл оңға бұрылып, алдына қарата береді де, намаздан шығады. Екіншісі имамға, үшіншісі сол жақтағы кісілерге арналады.

4) Өзара сәлем беру (№2653). Өздеріңе сәлем беріңдер деген сөз әуелде тосын естіледі. Құранда былай делінген: ﴿فَإِذَا دَخَلْتُم بُيُوتًا فَسَلِّمُوا۟ عَلَىٰٓ أَنفُسِكُمْ تَحِيَّةً مِّنْ عِندِ ٱللَّهِ مُبَٰرَكَةً طَيِّبَةً﴾ «Үйлерге кіргендеріңде бір-біріңе Алланың атынан құт-береке мен игілік тілеп сәлем беріңдер.»2 Аяттың арабша мәтініндегі «өздеріңе» сөзі өзара сәлемдесуді білдіреді. Автор мұны намазда сәлем берген кісі өзіне де амандық тілеуге ниет ететінімен байланыстырады. Намаздағы сәлем де амандық тілеген дұға. «Әссәләму аләйкум» сөзі «Алла сендерді жамандықтан сақтап, амандық берсін» деген тілекке саяды. Адам мұндай дұғаға әрдайым мұқтаж. Кейбір ғалымдар екі жаққа сәлем беруді иықтағы екі періштеге сәлем жолдау деп түсіндірген. Тирмизи мен Ахмад ибн Ханбал жеткізген риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) бесіннің алдында төрт рәкат, бесіннен кейін екі рәкат және екінтінің алдында төрт рәкат намаз оқып, әр екі рәкат сайын Аллаға жақын періштелерге және олардың жолын ұстанған мүміндерге сәлем бергені айтылады.3 Кейбір ғалымдар мұны әттәхияттағы сәлем деп ұққан. Намаздағы сәлемді имам мен жамағаттың бір-біріне берген сәлемімен шектесек, жалғыз намаз оқыған кісінің сәлемін қалай түсінеміз?

Ескерту. Ғалымдар «сәләм» сөзінің басындағы әлиф-ләм жайында әртүрлі пікір айтқан. Бірқатар ғалым әлиф-ләмсіз айтуға болатынын, алайда «әс-сәләм» деп айтудың абзал екенін көрсеткен. Тағы бір топ әлиф-ләмді уәжіп санаған. Олар риуаяттарда және тәшәһһудте бұл сөздің әлиф-ләммен келгенін дәлел еткен.

5) Оңға және солға сәлем бергенде қол санның үстінде қалады. Сәлемге қолмен, саусақпен ишара қосылмайды (№2654). Алла елшісі (с.а.с.) сәлем бергенде қолмен ишара жасағандарды тыйып, олардың қимылын үркек аттардың құйрық бұлғауына ұқсатқан.

Сахабалардың бұл әрекеті намаздағы ықылас пен байсалдылыққа қатысты үкімдер және өзге де әдептер бекітілмей тұрған кезге жатады. Осы ескерту сол әдептің орнығуына жол ашты. Риуаяттарға қарағанда, әуелде мүміндер намазда жүріп, сәлемдесіп, тіпті сөйлескен. Уақыт өте келе, әсіресе намаздағы ықылас туралы аят түскен соң, намаз әдебі толық қалыптасты.

6) Сәлем беріп намаздан шыққан соң, намаз үстіндегі қалыпта ұзақ отыра бермейді. «Аллаһумма әнтәс-сәләм уә минкәс-сәләм, тәбәрактә, йә зәл-жәләли уәл-икрам» деген дұғаны айтатындай ғана кідіреді (№2655). Соңғы сәлем «тахлил сәлемі» деп аталады. Одан кейін намаз үстінде тыйым салынған сөйлеу, жан-жаққа бұрылу, орнынан қозғалу секілді істерге рұқсат етіледі.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 190, (1001).
  2. 2«Нұр» сүресі, 61-аят.
  3. 3Тирмизи, «Сафар», №598; екінті алдындағы төрт рәкат пен сәлем жайында: «Салат», №429.