وَعَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَال: «أَمَرَنَا النَّبِيُّ ﷺ أَنْ نَرُدَّ عَلَى الإِمَامِ، وَأنْ نَتَحَابَّ، وَأنْ يُسَلِّمَ بَعْضُنَا عَلَى بَعْضٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Сәмура ибн Жундаб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) имамның сәлеміне жауап қайтаруды, бір-бірімізге сүйіспеншілік танытуды және өзара сәлемдесуді бұйырды».1
Түсіндірме
Бұл бөлімдегі алты хадис намаздың соңындағы сәлемге қатысты. Оларды жинақтағанда мынадай үкімдер шығады.
1) Намаз соңында әттәхият, салауат және дұғалар оқылған соң басты оңға, содан кейін солға бұрып сәлем беріледі (№2651).
2) Басты оңға және солға бұрғанда әр жолы «Әссәләму аләйкум уә рахматуллаһ» делінеді (№2652, №2653). Оң жақтан бастау абзал. Нәуәуи екі сәлемді де оңға, солға немесе алға қарап берсе, я сол жақтан бастаса, сәлемнің жарамды екенін, бірақ абзал амалдан құр қалатынын айтқан. Оңға да, солға да анық бұрылады. Хадистегі бетінің ақшыл тұсының көрінуі осыны білдіреді.
3) Сәлем бергенде имамның сәлеміне жауап қайтару ниет етіледі (№2653, №2656). Әли әл-Қари «Мирқатта» Ханафи түсіндірмесін былай берген: имамның оң жағындағы кісі екінші, сол жағындағы кісі бірінші сәлемінде, дәл артындағы кісі екі сәлемінде де имамға жауап беруді ниет етеді.
«Нәйлул-әутарда» Шәфиғи ғалымдарының пікірі былай берілген: «Имамның оң жағындағы кісі екінші сәлемінде, сол жағындағы кісі бірінші сәлемінде имамға жауап беруді ниет етеді. Имамның дәл артында тұрған кісі қалаған сәлемінде ниет етеді. Бірінші сәлемде ниет еткені абзал». Ибн Мәжаның риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) имамымызға және бір-бірімізге сәлем беруді бұйырды», – делінген.
Мәликилердің пікірінше, имамға ұйыған кісі оның айтқанын қайталап, үш рет сәлем береді. Бірінші сәлемін сәл оңға бұрылып, алдына қарата береді де, намаздан шығады. Екіншісі имамға, үшіншісі сол жақтағы кісілерге арналады.
4) Өзара сәлем беру (№2653). Өздеріңе сәлем беріңдер деген сөз әуелде тосын естіледі. Құранда былай делінген: ﴿فَإِذَا دَخَلْتُم بُيُوتًا فَسَلِّمُوا۟ عَلَىٰٓ أَنفُسِكُمْ تَحِيَّةً مِّنْ عِندِ ٱللَّهِ مُبَٰرَكَةً طَيِّبَةً﴾ «Үйлерге кіргендеріңде бір-біріңе Алланың атынан құт-береке мен игілік тілеп сәлем беріңдер.»2 Аяттың арабша мәтініндегі «өздеріңе» сөзі өзара сәлемдесуді білдіреді. Автор мұны намазда сәлем берген кісі өзіне де амандық тілеуге ниет ететінімен байланыстырады. Намаздағы сәлем де амандық тілеген дұға. «Әссәләму аләйкум» сөзі «Алла сендерді жамандықтан сақтап, амандық берсін» деген тілекке саяды. Адам мұндай дұғаға әрдайым мұқтаж. Кейбір ғалымдар екі жаққа сәлем беруді иықтағы екі періштеге сәлем жолдау деп түсіндірген. Тирмизи мен Ахмад ибн Ханбал жеткізген риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) бесіннің алдында төрт рәкат, бесіннен кейін екі рәкат және екінтінің алдында төрт рәкат намаз оқып, әр екі рәкат сайын Аллаға жақын періштелерге және олардың жолын ұстанған мүміндерге сәлем бергені айтылады.3 Кейбір ғалымдар мұны әттәхияттағы сәлем деп ұққан. Намаздағы сәлемді имам мен жамағаттың бір-біріне берген сәлемімен шектесек, жалғыз намаз оқыған кісінің сәлемін қалай түсінеміз?
Ескерту. Ғалымдар «сәләм» сөзінің басындағы әлиф-ләм жайында әртүрлі пікір айтқан. Бірқатар ғалым әлиф-ләмсіз айтуға болатынын, алайда «әс-сәләм» деп айтудың абзал екенін көрсеткен. Тағы бір топ әлиф-ләмді уәжіп санаған. Олар риуаяттарда және тәшәһһудте бұл сөздің әлиф-ләммен келгенін дәлел еткен.
5) Оңға және солға сәлем бергенде қол санның үстінде қалады. Сәлемге қолмен, саусақпен ишара қосылмайды (№2654). Алла елшісі (с.а.с.) сәлем бергенде қолмен ишара жасағандарды тыйып, олардың қимылын үркек аттардың құйрық бұлғауына ұқсатқан.
Сахабалардың бұл әрекеті намаздағы ықылас пен байсалдылыққа қатысты үкімдер және өзге де әдептер бекітілмей тұрған кезге жатады. Осы ескерту сол әдептің орнығуына жол ашты. Риуаяттарға қарағанда, әуелде мүміндер намазда жүріп, сәлемдесіп, тіпті сөйлескен. Уақыт өте келе, әсіресе намаздағы ықылас туралы аят түскен соң, намаз әдебі толық қалыптасты.
6) Сәлем беріп намаздан шыққан соң, намаз үстіндегі қалыпта ұзақ отыра бермейді. «Аллаһумма әнтәс-сәләм уә минкәс-сәләм, тәбәрактә, йә зәл-жәләли уәл-икрам» деген дұғаны айтатындай ғана кідіреді (№2655). Соңғы сәлем «тахлил сәлемі» деп аталады. Одан кейін намаз үстінде тыйым салынған сөйлеу, жан-жаққа бұрылу, орнынан қозғалу секілді істерге рұқсат етіледі.