وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ثَلَاثَةٌ لَا تُجَاوِزُ صَلَاتُهُمْ آذَانَهُمْ: الْعَبْدُ الآبِقُ حَتَّى يَرْجِعَ، وَامْرَأَةٌ بَاتَتْ وَزَوْجُهَا عَلَيْهَا سَاخِطٌ، وَإِمَامُ قَوْمٍ وَهُمْ لَهُ كَارِهُونَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Умама (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үш адамның намазы құлағынан әрі аспайды:
1) қашқан құлдың – қайтып келгеніне дейін;
2) күйеуі өзіне ренжулі күйде түн өткізген әйелдің;
3) қауымы өзін ұнатпайтын имамның”, – деді».1
Түсіндірме
1. Намаздың құлақтан аспауы оның толық қабыл етілмейтінін немесе ізгі амалдар секілді Аллаға көтерілмейтінін білдіреді. Түрбушти: «Құлақ – көтерілудің ең төменгі деңгейін білдіреді. Құлақтың аталу себебі – намазда қырағат пен дұға дыбысының құлаққа жетуі. Бұл намаздың қабыл күйде Аллаға жетпейтінін меңзейді. Бұл сөз Алла елшісі (с.а.с.) Құран оқыса да, оқығаны көмейінен әрі аспайтынын айтқан харижиттерді еске салады. Хадисте қабыл болмау “құлақтан әрі аспау” деп берілген», – дейді.
Суюти де мұны «намаз көкке көтерілмейді» деп түсінген. Ол Ибн Мәжадағы Ибн Аббас хадисін осыған мағыналас санаған: «Олардың намазы бастарынан бір қарыс та жоғары көтерілмейді». Бұл – қабыл болмауды астарлап жеткізу. Табарани келтірген Ибн Аббас риуаятында: «Алла олардың ешбір намазын қабыл етпейді», – делінген.
2. Қашқан күңге де қашқан ер құлға қолданылатын үкім жүреді.
3. Күйеуі ренжулі күйде түн өткізген әйел туралы сөз исламның ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын реттейтін жалпы қағидаларына сүйенеді. Күйеуі әйелін төсегіне шақырса, әйелінің баруы – күйеуінің басты құқықтарының бірі. Бұхаридің хадисінде: «Ер кісі әйелін төсегіне шақырып, әйелі бармай қойса, періштелер оған таң атқанша лағынет айтады», – делінген. Құранда әйелдер туралы жалпы сипаттама берілген: ﴿فَٱلصَّٰلِحَٰتُ قَٰنِتَٰتٌ﴾ «Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынсұнатын … жандар»2. Күйеуінің ренжулі күйде таң атыруының негізгі себебін осы аят аясында қарастырған жөн.