وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «كَانَ مُعَاذٌ بنُ جَبَلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يُصَلِّي مَعَ النَّبِىِّ ﷺ، ثُمَّ يَأْتِي فَيَؤُمُّ قَوْمَهُ، فَصَلَّى لَيْلَةً مَعَ النَّبِيِّ ﷺ الْعِشَاءَ، ثُمَّ أَتَى قَوْمَهُ فَأَمَّهُمْ فَافْتَتَحَ بِسُورَةِ الْبَقَرَةِ، فَانْحَرَفَ رَجُلٌ فَسَلَّمَ ثُمَّ صَلَّى وَحْدَهُ وَانْصَرَفَ، فَقَالُوا لَهُ: أَنَافَقْتَ يَا فُلَانُ؟ قَالَ: لَا وَاللَّهِ، وَلَآتِيَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَلأخْبِرَنَّهُ. فَأتَاهُ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّا أَصْحَابُ نَوَاضِحَ نَعْمَلُ بِالنَّهَارِ، وَإِنَّ مُعَاذًا صَلَّى مَعَكَ الْعِشَاءَ ثُمَّ أتَانَا فَاسْتَفْتَحَ بِسُورَةِ الْبَقَرَةِ، فَأَقْبَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَلَى مُعاذٍ، قَالَ: أَفَتَّانٌ أَنْتَ يَا مُعَاذُ؟ اِقْرَأْ: وَالشَّمْسِ وَضُحَاهَا، وَالضُّحَى، وَاللَّيْلِ إِذَا يَغْشَى، وَسَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. «النَّاضِحُ»: الْبَعِيرُ الَّذِي يُسْتَقَى عَلَيْهِ.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Муаз ибн Жәбәл (р.а.) Пайғамбармен (с.а.с.) бірге намаз оқып, содан соң өз қауымына барып имам болатын. Бір түні ол Пайғамбармен (с.а.с.) бірге құптан намазын оқыды. Содан соң қауымына имам болып, қырағатын “Бақара” сүресінен бастады. Сонда бір кісі саптан бөлініп, сәлем берді де, намазын жеке оқып, кетіп қалды. Жұрт одан: “Ей, пәленше, мұнафықтық жасадың ба?” – деп сұрады. Ол: “Алламен ант етемін, жоқ! Алла елшісіне (с.а.с.) барып, мұны айтамын”, – деді. Ол Пайғамбарға (с.а.с.) барып: “Уа, Алланың елшісі! Біз түйемен су тасып, күндіз еңбек ететін адамдармыз. Муаз сізбен бірге құптанды оқыды да, бізге келіп намазды ‘Бақара’ сүресінен бастады”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) Муазға бұрылып: “Уа, Муаз! Жұртты сынаққа салмақсың ба? мына аяттармен басталатын сүрелерді оқы: ﴿وَٱلشَّمْسِ وَضُحَىٰهَا﴾ ‘Күнге және оның шұғыласына серт!’, ﴿وَٱلضُّحَىٰ﴾ ‘Сәске уақытына серт!’, ﴿وَٱلَّيْلِ إِذَا يَغْشَىٰ﴾ ‘Жер бетін жапқан кезде түнге серт!’, ﴿سَبِّحِ ٱسْمَ رَبِّكَ ٱلْأَعْلَى﴾ ‘Ұлық, асқақ Раббыңның есімін ұлықта!’”, – деді».1
Түсіндірме
1. Бұл хадисте Муаз құптан намазын созып жібергенде, бір сахабаның жамағаттан бөлініп кеткені баяндалады. Намаздың созылуына екі себеп болған:
1) Муаз құптанды Алла елшісімен (с.а.с.) оқып, өз қауымына кейінірек келіп намаз оқытқан.
2) Қырағатты «Бақара» секілді ұзақ сүреден бастаған. Әлгі кісінің жамағаттан бөлініп кетуіне осы екінші жағдай себеп болған. Муаздың кешігіп келгені де әсер етуі мүмкін.
2. Бұл хадистің нұсқалары көп. Араларында толық не қысқа баяндаумен қатар, елеулі айырмашылықтар да бар. Сондықтан ғалымдар екі бөлек оқиға болуы мүмкін деген. Жоғарыдағы риуаятта Муазға қатысты шағым Алла елшісіне (с.а.с.) жеткен. Ал Нәсәидің нұсқасында Муаз намаздан шығып кеткен кісінің үстінен шағымданған. Алла елшісі (с.а.с.) оны шақырып: «Неге олай істедің?» – деп сұраған.
3. Кейбір риуаяттарда Алла елшісі (с.а.с.) Муаздан: «Жұртты сынаққа салып жүрсің бе?» – деп үш рет сұраған. Тағы бірінде: «Жұртты сынаққа салғың келе ме?» – десе, енді бірінде: «Уа, Муаз, жұртты сынаққа салма!» – деген. Бір нұсқада: «Жамағатқа намаз оқытқанда, оны созба!» – делінген. Дәууди хадистегі «фәттан» сөзі «азапқа салушы» деген мағынада қолданылғанын айтады. «Фитна»2 сөзі азапқа салу мағынасын да білдіреді. Мәселен, ﴿إِنَّ ٱلَّذِينَ فَتَنُوا۟ ٱلْمُؤْمِنِينَ وَٱلْمُؤْمِنَٰتِ﴾ «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткен …»3 деген аятта осы мағынада келген. Бұл жерде намазды созып, жамағатқа қиындық тудыру меңзелген.
4. Бұл жердегі «фитна» – намазды созу салдарынан адамның намаздан жерінуі. Бәйхақи жеткізген риуаятта Омар (р.а.) былай дейді: «Алланың құлдарын Аллаға жеккөрінішті етпеңдер. Араларыңнан біреу имамдық етіп, намазды созып жіберсе, жұрттың намаздан жерінуіне себеп болады. Алла намазды жек көргендерді ұнатпайды».
5. Хадистен шығарылған кейбір үкімдер:
• Бұл хадис те №2799 хадис секілді парыз оқитын кісінің нәпіл оқушыға ұюына дәлел етілген. Муаздың әуелгі намазда Алла елшісімен (с.а.с.) бірге парызға, екіншісінде нәпілге ниет еткені аңғарылады. №2799 хадистің түсіндірмесінде келтірілген Жәбир риуаятындағы «Муаздың өз қауымына оқытқан намазы өзі үшін нәпіл, қауымы үшін парыз еді» деген қосымша осы мағынаны қуаттайды.
• Имам жамағаттың жағдайын ескеріп, намазды тым созбауы керек. Кейбір ғалымдар жамағат разы болса, созуды мәкрүһ санамаған. Имам намазға қатысатын әр адамның разылығын біле алмайтындықтан, негізге алынатыны – намазды жеңілдетіп оқу. Жалпы, созу мәкрүһ. Тек жағдайы белгілі, сырттан басқа адам қосылмайтын шағын жамағатқа намазды ұзағырақ оқыту мұстахаб болуы мүмкін.
• Дүниелік шұғыл шаруа намазды қысқартуға орынды себеп бола алады.
• Бір намазды сол күні екі рет оқуға рұқсат.
• Орынды үзірі бар кісі жамағаттан бөлініп шыға алады. Үзірсіз шығу жөнінде ғалымдар әртүрлі пікірде.
• Үзірі бар кісі жамағат намазы оқылатын мешітте намазды жеке оқи алады.
• Келеңсіз істі жұмсақтықпен түзеткен жөн. Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) наразылығын сұрақ түрінде білдірген. Осыған сүйенген ғалымдар әркімге өзіне лайық тәсілмен ескерту керегін, мәкрүһ амалдан сөзбен тыйса да жеткілікті екенін айтқан. Ескертудің үш рет қайталануы сөзді нығайту үшін жасалған. Кейбір риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) жақсы түсінілсін деп сөзін үш рет қайталағаны айтылады.
• Хадисте сырттай қателескендей көрінген адамның үзірін айтуына мысал бар. Өзгелер білмейтін орынды себебі болған күннің өзінде, сырттай тыйым салынғандай көрінген істі басқа жұрт қайталамас үшін, оның себебін түсіндіруге болады. Намаздан бөлініп кеткен сахаба әрекеті орынды болса да, Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, себебін түсіндірген.
• Сырттай қате көрінген істі орынды түсінікке сүйеніп жасаған адамды кінәламау керек. Алла елшісі (с.а.с.) жамағаттан бөлінген сахабаны айыптамаған.
• Жамағаттан үнемі қалып қою – мұнафықтықтың бір белгісі.
- 1Бұхари, «Азан», 60, 63, 66, 74; Мүслим, «Салат», 178 (№465); Әбу Дәуіт, «Салат», 127 (№790, 791, 793); Нәсәи, «Имамат», 39, 41 (2-том, 97–98-беттер), «Ифтитах», 63, 70 (2-том, 168, 172-беттер).
- 2«Фитна» сөзінің мағыналарына кітаптың «Фитна» бөлімінің жалпы түсіндірмесінде тоқталамыз (№4759 хадис).
- 3«Буруж» сүресі, 10-аят.