وَعَنِ الْمُغِيرَةِ بْنِ شُعْبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يُصَلِّي الْإِمَامُ فِي مَوْضِعِهِ الَّذِي صَلَّى فِيهِ الْمَكْتُوبَةَ حَتَّى يَتَحَوَّلَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ: «أَيَعْجِزُ أَحَدُكُمْ أَنْ يَتَقَدَّمَ أَوْ يَتَأَخَّرَ أَوْ عَنْ يَمِينِهِ أَوْ عَنْ شِمَالِهِ».
Мұғира ибн Шуғба (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Имам парыз намазын оқыған орнынан ауыспайынша, сол жерде нәпіл намаз оқымасын”, – деді».1
Түсіндірме
Хадис имамға парызды оқыған орнын ауыстырып, нәпіл намазын басқа жерде оқуды бұйырады. Имамға қатысты бұл үкім хадистің өз мәтінінен шығады. Ал имамға ұйыған және жеке оқыған кісіге қатысты үкімді Әбу Һурайраның (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) жеткізген мына риуаяты айқындайды: «Бірің намаз оқығаннан кейін алға, артқа, оңға немесе солға сәл жылжи алмай ма?» Мұндағы мақсат – бірнеше жерде намаз оқу. Бұхари мен Бағауи айтқандай, сәжде еткен жер оқылған намазға куәлік етеді. Құранда: ﴿يَوْمَئِذٍ تُحَدِّثُ أَخْبَارَهَا﴾ «Міне, сол күні Жер, үстінде бұрын-соңды болып өткен бар істің хабарын түгелдей баяндайды.»2 делінген. Яғни жер үстінде болған істерді баяндайды. Кейбір ғалымдар «Дұхан» сүресіндегі ﴿فَمَا بَكَتْ عَلَيْهِمُ ٱلسَّمَآءُ وَٱلْأَرْضُ﴾ «Көк те, жер де оларды жоқтап жыламады»3 деген аятты былай түсіндіреді: «Мүмін дүниеден өткенде, жердегі намаз оқыған орны мен көктегі намазы көтерілген есік оны жоқтап жылайды». Сондықтан нәпілден парызға өткенде де, әрбір нәпіл намазын бастағанда да, орнын ауыстырған жөн. Орнын ауыстырмаса, екі намаздың арасын сөзбен бөлсін. Алла елшісі (с.а.с.) намаздардың арасын сөзбен бөлмей немесе орнынан кетпей, оларды бір-біріне жалғауға тыйым салған.4
- 1Әбу Дәуіт, «Салат», 73 (№616). Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен қосымша риуаят – №1006.
- 2«Зілзала» сүресі, 4-аят.
- 3«Дұхан» сүресі, 29-аят.
- 4Мұғауия (р.а.) былай дейді: «Жұманы оқыған соң, сөйлеспей немесе орныңнан шықпай тұрып оған басқа намаз қоспа. Алла елшісі (с.а.с.) бізге осылай бұйырды». Мүслим, «Жұма» (№883).