Хадис

Кутуб ситтә, № 2808

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
387. Имамға қойылатын талаптар
Нөмірі
№ 2808 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 17
2808
Кутуб ситтә, № 2808 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Үммі Сәләма (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا سَلَّمَ يَمْكُثُ فِي مَكَانِهِ يَسِيرًا، فَنَرَى وَاللَّهُ أَعْلَمُ أَنَّ مُكْثَهُ لِكَيْ يَنْصَرِفَ النِّسَاءُ قَبْلَ أَنْ يُدْرِكَهُنَّ الرِّجَالُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ، وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сәлем бергеннен кейін орнында біраз отыратын. Алла жақсы біледі, біздіңше, ол әйелдерге ерлер жетпей тұрып, олардың шығып кетуіне мұрсат берген».1

Түсіндірме

1. Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) парыз намазының сәлемінен кейін орнында біраз отырғаны және мұның себебі айтылады. Ол әйелдерге ерлерден бұрын шығып кетуге мүмкіндік берген. Басқа риуаятта бұл анық баяндалады: «Алла елшісінің (с.а.с.) заманында әйелдер парызды оқып, сәлем берісімен орнынан тұрып кететін. Алла елшісі (с.а.с.) мен оған ұйыған ерлер Алланың қалауымен орындарында қала тұратын. Алла елшісі тұрғанда, ерлер де тұратын».

Алдыңғы риуаяттан аңғарылғандай, олардың отыра тұруы әйелдердің шығып кетуіне мұрсат беру үшін еді.

2. Ибн Хажар былай дейді: «Осы тақырыптағы хадистерден имамның жағдайы әртүрлі болатыны көрінеді. Кей парыздан кейін нәпіл оқылады, кейбірінен кейін оқылмайды. Парыздан соң нәпіл оқылатын болса, оған дейінгі аралықта сүннетте келген зікірлерді айту жөнінде пікірлер әртүрлі. Ғалымдардың көпшілігі зікір айтуға болады деген. Ханафилердің пікірінше, бұл аралықта зікір айтылмай, бірден нәпілге кіріседі. Көпшілік ғалымдар өз пікіріне сноскада келтірілген Мұғауия хадисін дәлел еткен. Кейбір ғалымдар: “Парыз бен нәпілдің арасын жіктеу үшін оңға не солға сәл ығысу жеткілікті”, – деген. “Сәл ығысудың жеткілікті екеніне риуаят жоқ” дегендерге: “Мұғауияның риуаятында ‘немесе орнынан шықсын’ деген сөз бар”, – деп жауап берген. Сахих хабарларда сүннеттегі зікір “намаздан кейін” деп көрсетілген. Кейбір ханбалилер оны “сәлемнен бұрын” деп түсінген. Бұл пікір ذَهَبَ أَهْلُ الدُّثُورِ (“Дәулетті адамдар озып кетті”) деп басталатын хадиске сүйеніп сыналған. Онда “Әр намаздан кейін тәсбих айтады” делінген. Мұндағы уақыт сәлемнен кейін екені анық.

Соңынан нәпіл оқылмайтын парызға келсек, имам да, жамағат та намаздан кейін сүннетте келген зікірді айтады. Оған арнайы орын белгіленбеген. Қаласа тарап, қаласа орындарында отырып зікір айтады. Егер имам жамағатқа ілім үйретуді немесе уағыз айтуды әдет еткен болса, орнында қалған кезде жамағатқа толық бұрылуы мұстахаб. Ал тек зікір айтса, жамағатқа толық бұрыла ма, әлде оң жағы жамағатқа, сол жағы құбылаға қарап, жартылай бұрыла ма деген сұрақ туған. Шафиғилер көбіне жартылай бұрылуды абзал санаған. Бірақ дұға қысқа болса, жүзін құбыладан бұрмағаны жөн, өйткені құбылаға бет бұру дұғаға лайық. Алдыңғы айтылған қалып дұға мен зікір ұзағырақ болғанда қолданылады».

  1. 1Бұхари, Азан: 157, 152, 162, 164; Нәсәи, сәһу: 77, (3, 67); Әбу Дәуіт, Салат: 203, (1040).