وَعَنْ ثَوْبَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ثَلَاثٌ لَا يَحِلُّ لِأَحَدٍ أَنْ يَفْعَلَهُنَّ. لَا يَؤُمُّ الرَّجُلُ قَوْمًا فَيَخُصُّ نَفْسَهُ بِالدُّعَاءِ دُونَهُمْ، فَإِنْ فَعَلَ فَقَدْ خَانَهُمْ، وَلَا يَنْظُرُ فِي قَعْرِ بَيْتٍ قَبْلَ أَنْ يَسْتَأذَنَ، فَإِنْ فَعَلَ فَقَدْ خَانَهُمْ، وَلَا يُصَلِّي وَهُوَ حَقَنٌ حَتَّى يَتَخَفَّفَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. «الْحَقَنُ»: الْحَاقِنُ، وَهُوَ الَّذِي يُدَافِعُ بَوْلَهُ.
Сәубан (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үш істі істеуге ешкімге рұқсат жоқ. Бір кісі жамағатқа имам болып, дұғасын жалғыз өзіне арнамасын. Осылай істесе, жамағатқа қиянат жасағаны. Біреудің үйіне рұқсат сұрамай тұрып көз салмасын. Осылай істесе, үй иелеріне қиянат жасағаны. Кіші дәреті қысса, жеңілдеп алмайынша намаз оқымасын”, – деді».1
Түсіндірме
Хадисте үш әдеп айтылады:
• Имам дұға еткенде, жамағатын да дұғасына қосуы керек. Жамағат ішінен біреуді бөліп-жармауы тиіс. Өзі үшін тілеген жақсылықты жамағатына да тілеп, өзіне қаламаған жамандықтан олардың да аман болуын сұрайды. Хадистің жалпы мағынасы бойынша, имам жамағатқа жақсылық ойлап, ешкімге жамандық тілемеуі керек.
• Кіші дәрет қысқан адам жеңілдеп алған соң намаз оқиды. Хадисте кіші дәрет айтылған, өзге хадистерде үлкен дәрет те аталады. Кейде жел де қысуы мүмкін. Мұның бәрі көңілді бөліп, намазға берілуге кедергі келтіреді. Сондықтан алдымен жеңілдеп алған жөн. Әбу Дәуіттің бір риуаяты үшеуін де қамтитындай жалпы айтылған: «Біреу намазға тұрғанда дәреті қысса, әуелі жеңілдеп алсын».
• Үшінші мәселе – адамның жеке кеңістігін құрметтеу. Адам денесінің кейбір тұстары әурет болғаны секілді, үйдің де сырт көзден қорғалуы тиіс тұстары бар. Сондықтан біреудің үйіне рұқсатсыз кірмеу керек. Бұл – адамдардың тұрмысында орны бар әдеп. Алла Тағала Құранда: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تَدْخُلُوا۟ بُيُوتًا غَيْرَ بُيُوتِكُمْ حَتَّىٰ تَسْتَأْنِسُوا۟ وَتُسَلِّمُوا۟ عَلَىٰٓ أَهْلِهَا﴾ «Уа, иман келтіргендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлерге рұқсат сұрамайынша һәм үй иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер»2 деген.
Рұқсат сұрау мәселесі №3366–3372 хадистерде кеңірек қарастырылады. Бір хадисте: «Біреу өзгенің үйіне көз салып, көзі шығарылса, құн талап етуге құқығы жоқ», – делінген. Алла елшісі (с.а.с.) өз үйіне терезеден рұқсатсыз қараған кісіге қолындағы тарағын көрсетіп: «Ішке қарап тұрғаныңды білгенімде, осы тарақты көзіңе сұғар едім», – деген.