Хадис

Кутуб ситтә, № 2811

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
388. Имамға ұюға қатысты үкімдер. Саптың реті және имамға ұюдың шарттары мен әдебі
Нөмірі
№ 2811 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
2811
Кутуб ситтә, № 2811 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: لِيَلِنِي مِنْكُمْ أُولُوا الْأحْلَامِ وَالنُّهَى، ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ، ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ، ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ، وَإيَّاكُمْ وَهَيْشَاتِ الْأسْوَاقِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. «النُّهَى»: الْعَقُولُ وَالْألْبَابُ. وَ«هَيْشَاتُ الْأسْوَاقِ»: الِاخْتِلَاطُ وَكَثْرَةُ اللَّغَطِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Дәл артымда араларыңдағы ақыл-парасаты кемел кісілер тұрсын, одан соң соларға жетеғабыл адамдар, сосын олардан кейінгілер, сосын солардан кейінгілер тұрсын. Базардағыдай у-шу мен ретсіздіктен сақтаныңдар”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Ахлам» мен «нуха» мағыналас, екеуі де «ақыл иелері» дегенді білдіреді. Кейбір ғалымдар «улул-ахлам» дегенді «балиғатқа толғандар», ал «улун-нуха» дегенді «ақыл иелері» деп ажыратады. Қазақша мұны «ақылы толысқан, парасаты кемел кісілер» деп беруге болады. Хадисте ілімімен, тәжірибесімен, дәрежесімен немесе жасымен мұсылмандарға сыйлы болған кісілер меңзелген. Мұнда жас жалғыз өлшем саналмайды. Білімі, қабілеті мен дәрежесі жоғары адам жасы кіші болса да, сыйлы кісілер қатарына кіреді.

«Одан кейінгілер» дегені – ақыл-парасаты жағынан соларға жақын кісілер.

Алла елшісі (с.а.с.) осы реттің маңызын көрсету үшін «одан кейінгілер» деген сөзді үш рет қайталаған. Яғни олардың орны дәрежесіне қарай сатылап белгіленген.

2. «Хайшатул-асуақ» тіркесін «базардағыдай у-шу мен ретсіздік» деп аудардық. Нәуәуи оның мағынасына базардағы айғай-шу, талас, алауыздық, бүлік пен алдау да кіретінін айтады. Кейбір ғалымдар мұны базарда үлкен-кіші, жас-кәрі, әйел-ердің араласып кетуі деп түсінген. Намазда мұндай ретсіздікке жол бермеу керек. Алдыңғы сапқа ерлер, одан кейін балалар, ең артқа әйелдер тұрады. Ерлердің алғашқы үш сапында сыйлы, ақыл-парасаты кемел адамдар ретімен тұрады. Тиби: «Намазда базардың шаруасын ойламаңдар. Ол мені тыңдауларыңа бөгет болады», – деп түсінуге де болады деген.

  1. 1Мүслим, Салат: 123, (432); Әбу Дәуіт, Салат: 96, (675); Тирмизи, Салат: 168, (228).