Хадис

Кутуб ситтә, № 2812

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
388. Имамға ұюға қатысты үкімдер. Саптың реті және имамға ұюдың шарттары мен әдебі
Нөмірі
№ 2812 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
2812
Кутуб ситтә, № 2812 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «صَلَّيْتُ مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فَقُمْتُ عَنْ يَسَارِهِ فَأَخَذَ بِذُؤَابَتِي فَجَعَلَنِي عَنْ يَمِينِهِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бір түні Алла елшісімен (с.а.с.) бірге намаз оқыдым. Сол жағына тұрып едім, кекілімнен ұстап, оң жағына шығарды».1

Түсіндірме

1. Кейбір нұсқада бұл оқиға толығырақ айтылады. Ибн Аббас (р.а.) бір түні нағашы әпкесі, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Мәймунаның үйінде түнейді. Алла елшісі әдеттегідей түнде тұрып, дәрет алып, намазға тұрады. Сол бөлмеде қонған Ибн Аббас та тұрып дәрет алады да, оған ұйиды. Ол Алла елшісінің сол жағына тұрып қалады. Алла елшісі кекілінен ұстап, арт жағынан айналдырып, оң жағына тұрғызады. Өзге риуаяттарда оның қолынан, басынан немесе құлағынан ұстағаны айтылады.

2. Риуаятта көптеген үкім қамтылған. Бұхариде хадистің жиырмаға жуық жерде қайталануы осыны көрсетеді. Үкімдердің кейбірі мынадай:

• Имам әуелде жамағатқа намаз оқытуды ниет етпесе де, оған ұюға болады. Ол кейін жамағатқа ниет ете алады. Ахмад ибн Ханбал бұған тек нәпіл намазда рұқсат берген.

• Жалғыз ұюшы имамның оң жағына, өзіне жақын әрі қатар тұрады. Дәл қатар тұру керек пе, әлде сәл кейінірек пе дегенде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Бұл риуаятта ол ашық айтылмаған. Кей нұсқасынан дәл қатар тұруға дәлел алынған. Ибраһим Нәһәи: «Имамға жалғыз ұйыған кісі әуелі артына тұрады, ал имам рукуғқа кеткенде келсе, оң жағына тұрады», – деген. Ол мұны кейін тағы бір кісі қосылуы мүмкін деп айтқан болуы ықтимал.

• Намаз үстінде имамның сол жағында тұрған кісіні оң жағына өткізуі намазды бұзбайды. Бұл – аз қимыл.

  1. 1Бұхари, Азан: 57, 58, 59, 77, 79, Илм: 41, Удуу: 5, 36, Азан: 161, Уитр 1, Амал фис-Салат: 1, Тәфсир «Әли Имран»: 17, 18, 19, 20, Либас: 71, Әдеп: 118, Дағуат: 10, Тәухид: 27; Мүслим, Салатул-Мусафирин: 181, (763); Муатта, Салатул-ләйл: 11, (1, 121, 122); Әбу Дәуіт, Салат: 70, (610, 611); Тирмизи, Салат: 171, (232); Нәсәи, Имамат: 45, (2, 104); Ибн Мәжа, Қаматус-Салат: 44, (973).