وَعَن عَلْقَمةَ وَالْأَسْوَدِ أَنَّهُما قَالَا: «اسْتَأذَنَّا عَلَى ابنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فأذِنَ لَنَا، ثُمَّ قَامَ فَصَلَّى بَيْنِى وَبَيْنَهُ، ثُمَّ قَالَ: هَكَذَا رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ، فَعَلَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Алқама мен Әсуад былай дейді: «Ибн Мәсғудтың (р.а.) алдына кіруге рұқсат сұрадық. Ол рұқсат берді. Содан соң орнынан тұрып, екеуіміздің ортамызда намаз оқыды. Намаздан соң: “Алла елшісінің (с.а.с.) осылай істегенін көрдім”, – деді».1
Түсіндірме
Әбу Дәуіт бұл хадисті үш кісі бірге намаз оқығанда қалай тұру керегін түсіндіретін тарауда келтіреді. Хадистегі فَصَلَّى بَيْنِي وَبَيْنَهُ тіркесін «екеуіміздің ортамызда намаз оқыды» деп аудардық. Яғни Ибн Мәсғуд Алқама мен Әсуадтың ортасына тұрып, алға шықпаған. Үшеуі бір қатарда тұрған. Ибн Сирин мұны орынның тарлығымен түсіндірген. Нәуәуи бұл қалып барлық имамның ұстанымына қайшы дейді. Сахабалар дәуірінен бергі фақиһтардың пікірінше, имамға екі кісі ұйыса, екеуі имамның артына сап түзейді. Бұл Алқама мен Әсуадтың жеткізгеніне сәйкес келмейді.
Мүслимдегі нұсқаға қарағанда, Алқама мен Әсуад Ибн Мәсғудқа ұйып, рукуғта алақандарын беттестіріп, сандарының арасына қойған, білектерін тізелеріне тигізген. Ғалымдар бұл қалыпқа да қарсы пікір айтқан (№2589 хадис).
- 1Мүслим, Мәсәжид: 26, (534); Әбу Дәуіт, Салат: 71; (613); Нәсәи, Мәсәжид: 27, (2, 49-50); Ифтитах: 90, (2, 183).