Хадис

Кутуб ситтә, № 2817

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
388. Имамға ұюға қатысты үкімдер. Саптың реті және имамға ұюдың шарттары мен әдебі
Нөмірі
№ 2817 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
2817
Кутуб ситтә, № 2817 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَقِيمُوا الصُّفُوفَ، وَحَاذُوا بَيْنَ المَنَاكِبِ، وَسُدُّوا الْخَلَلَ، وَلِينُوا بِأَيْدِي إخْوَانِكُمْ، وَلَا تَذَرُوا فُرُجَاتِ الشَّيْطَانِ، وَمَنْ وَصَلَ صَفًّا وَصَلَهُ اللَّهُ، وَمَنْ قَطَعَهُ قَطَعَهُ اللَّهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ بِطُولِهِ، وَالنَّسَائِيُّ مِنْ قَوْلِهِ: مَنْ وَصَلَ إِلَى آخِرهِ. «فُرُجَاتِ الشَّيْطَانِ»: هِيَ الْخَلَلُ الَّتِي تَكُونُ بَيْنَ الْمُصَلِّينَ فِي الصُّفُوفِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Саптарыңды түзеңдер, иықтарыңды бір деңгейге келтіріңдер, арадағы бос жерлерді толтырыңдар. Саптарыңды түзеген бауырларыңның қолына икемделіңдер. Шайтанға саңылау қалдырмаңдар. Кім сапты жалғаса, Алла да онымен байланысын жалғайды. Кім сапты үзсе, Алла да онымен байланысын үзеді”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте сапты түзеудің жолы анық көрсетілген. Иықтар бір сызықтың бойында тұрады, ешкім алға шықпайды, кейін қалмайды. Арада бос орын болмайды. Қолды төмен түсіргенде, екі жақтағы адамдардың қолына тиетіндей жақын тұрады.

2. Бауырлардың қолына икемделу дегеніміз – біреу сапты түзеу үшін алға не артқа ығыстырса, оған қарсыласпай, көрсеткен жағына жылжу.

Осы сөзден мынадай үкім де шығарылған: кейін келген кісі толып тұрған саптан орын таппаса, артта жалғыз тұрмау үшін алдыңғы саптан бір адамды тартып, екеуі артқа бөлек сап түзейді. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.) бұйрығына негізделген түсіндірме. Яғни сапта тұрғанда арттан біреу тартса, қарсылық білдірмей, артқа шығу керек.

3. «Сапты жалғау» – оңға не солға жылжып, бос жерді толтыру. «Сапты үзу» – бос жерді толтырмай қою немесе алға, артқа, бір бүйірге жылжып, арада саңылау қалдыру.

Ғалымдар «сапты жалғау» дегенді бос орынды толтырумен қатар, сапқа қосылу, сапта өз орнын алу деп те түсінген. «Сапты үзу» сапқа келмеу деген мағынада да ұғынылған. Алланың «байланысты жалғауы» мен «байланысты үзуі» Оның рақымына бөлену мен одан мақұрым қалуды меңзейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 94, (666); Нәсәи, Имамат: 31, (2, 93).