Хадис

Кутуб ситтә, № 2819

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
388. Имамға ұюға қатысты үкімдер. Саптың реті және имамға ұюдың шарттары мен әдебі
Нөмірі
№ 2819 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 10
2819
Кутуб ситтә, № 2819 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ وَابِصَةَ بْنِ مَعْبَدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَأى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ رَجُلًا يُصَلِّي خَلْفَ الصَّفِّ وَحْدَهُ: فَأَمَرَهُ بِإعَادَةِ الصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Уабиса ибн Мағбад (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) саптың артында жалғыз өзі намаз оқып тұрған кісіні көріп, оған намазын қайта оқуды бұйырды».1

Түсіндірме

Саптың артында жалғыз намаз оқыған кісінің үкімі туралы алғашқы ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Нәһәи, Хасан ибн Салих, Ахмад, Исхақ, Хаммад, Ибн Әбу Ләйла мен Уақи мұндай намазға рұқсат жоқ әрі ол жарамсыз деген. Ал Хасан Басри, Әузағи, Мәлик, Шафиғи мен рай мектебінің өкілдері рұқсат берген. Алғашқы топ жоғарыдағы хадиске және Ахмад пен Ибн Мәжа келтірген «Намазыңа қайта тұр. Саптың артында жалғыз кісінің намазы жоқ» деген риуаятқа сүйенген. Екінші топ Әбу Дәуітте Әбу Бәкрадан (р.а.) жеткен хадисті дәлел еткен. Ол мешітке кіргенде, Алла елшісі (с.а.с.) рукуғта еді. Рукуғқа үлгеру үшін сапқа жетпей тұрып иілген. Кейін жағдайын айтқанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Алла ынтаңды арттырсын. Бұдан былай олай істеме», – деген.

Кей ғалымдар намазды қайта оқу туралы бұйрықты абзал амалды берік ұстануға шақыру деп түсініп, мәндүпке жатқызған. Ибн Хажар: «Ахмад және өзге кейбір ғалымдар екі хадисті былайша үйлестірген: “Әбу Бәкраның оқиғасы Уабиса хадисіндегі жалпы үкімді шектейді. Кісі саптың артында жеке намаз бастап, рукуғтан тұрмай тұрып сапқа қосылса, намазын қайта оқымайды. Әбу Бәкраның жағдайы осындай болған. Ал сапқа қосылмаса, Уабиса хадисіндегі жалпы үкім бойынша, намазын қайта оқуы уәжіп”», – дейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 100, (682); Тирмизи, Салат: 170, (230).