Хадис

Жұма намазы

Кутуб ситтә, 7-том, 389-тарау · 15 хадис · № 2848–2862

Хадистер

Ибн Хажар жұма күні жөнінде мынадай мәліметтер келтіреді.

1. Жұма атауының тарихы. «Жұма» сөзі «жинау», «бас қосу» деген мағыналарды білдіретін арабтың «жәмғ» түбірінен шыққан. Жаһилия дәуірінде арабтар аптаның алтыншы күнін «арубә» деп атаған. Ислам келгеннен кейін ол күн «жұма» деп аталды.

Бұл атаудың шығуына қатысты бірнеше пікір бар.

• Жұма күні күллі жаратылыс кемел қалпына келіп, жаратылуы аяқталған.

• Адамның (а.с.) жаратылуы сол күні аяқталған.

• Ансарлар Әсад ибн Зурарамен бірге жиналып, жамағатпен намаз оқитын. Олар сол күнді «жұма» деп атаған.1

• Кәғб ибн Луәй сол күні қауымын жинап, оларға тыйым салынған нәрселерді құрмет тұтып, олардан сақтануды бұйыратын. Сондай-ақ өз ұрпағынан пайғамбар шығатынын хабарлайтын. Сондықтан бұл күн «жұма» деп аталған. • Кейбіреулер жұртты жинаған адам Құсай болған дейді.

• Бұл атау жұма күні халықтың намазға жиналуына байланысты шыққан. Осы пікірді жақтаған Ибн Хузәйма: «Бұл атау ислам дәуірінде пайда болған. Жаһилия кезінде бұл күнді “арубә” дейтін», – деген. Ибн Хажар бұл пікірге уәж айтқан. Тіл мамандары «арубә» сөзін жаһилиядан қалған көне атау дейді әрі «жұма» деп осы күнді атайды. Бұдан арабтардың апта күндеріне уақыт өте жаңа атаулар бергені аңғарылады. Көне атаулары мынадай болған: жексенбі – әууәл, дүйсенбі – әһуән, сейсенбі – жәббар, сәрсенбі – дәббар, бейсенбі – мұнис, жұма – арубә, сенбі – сәббар. Жауһари де арабтардың көне қолданыста дүйсенбіні «әһуән» дегенін айтады. Кейін сенбіге «әс-сәбт», жексенбіге «әл-ахад», дүйсенбіге «әл-иснәйн» секілді қазірге дейін қолданылатын атаулар берілген. «Арубәні» алғаш «жұма» деп атаған Кәғб ибн Луәй деген пікір де бар. Фәрра осы пікірді ұстанған. Ибн Хажардың айтуынша, жаһилиядағы арабтар «арубә» атауын «жұмаға» ауыстырып, бұрынғы атауын да қатар сақтады дейтіндерге осыны қуаттайтын нақты риуаят керек.

2. Жұма күнінің артықшылығы

Алла елшісі (с.а.с.) жұма күнін «мүміндердің мейрамы» деп сипаттаған. Мейрамды өзіне ғана тән артықшылықтары мен ерекшеліктеріне орай жұрт арнайы рәсімдермен атап өтеді. Әр мейрамның атап өтілуіне себеп бар. Жұма күнін мейрам етіп өткізуге қандай ерекшеліктері негіз болды? Шариғат кітаптарында жұмаға тән отыздан астам артықшылық аталады. Солардың бірқатары мыналар.

• Жұма – мейрам. Бұл күнді жеке бөліп, тек жұмада ораза ұстамайды.

• Жұма күні таң намазында «Сәжде» мен «Инсан», ал жұма намазында «Жұма» мен «Мұнафиқун» сүрелерін оқу абзал.

• Жұма күні ғұсыл алып, хош иіс сеуіп, мисуак қолданып, ең көрікті киімді киген жөн.

• Мешітте хош иісті зат түтетіледі.

• Мешітке ертерек барады.

• Имам құтба айтуға мінберге шыққанша ғибадатпен айналысады.

• Үндемей отырып, құтбаны мұқият тыңдайды.

• Жұма күні «Кәһф» сүресі оқылады. • Күн тас төбеде тұрған мезгілде нәпіл намаз оқудың мәкрүһтігі жойылады.

• Жұма намазына дейін сапарға шығу – мәкрүһ.

• Жұма намазына бара жатқан адамның әр қадамына бір жылдың сауабы жазылады. • Сол күні тозақтың жалындауына тыйым салынады.

• Жұма күні дұға қабыл болатын бір мезет бар.

• Жұма күні күнәлар кешіріледі.

• Жұма – үмбетке жақсылығы еселенген күн.

• Жұма – аптаның ең қайырлы күні.

• Сол күні жақсылық баянды болып, асыл рухтар бас қосады.2

Жұма намазының артықшылығы мен үкімдері

2848
Кутуб ситтә, № 2848 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنِ اغْتَسَلَ يَوْمَ الْجُمُعَةِ غُسْلَ الْجَنَابَةِ ثُمَّ رَاحَ إِلَى الْجُمُعَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ بَدَنَةً، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الثَّانِيَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ بَقَرَةً، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الثَّالِثَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ كَبْشًا أَقْرَنَ، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الرَّابِعَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ دَجَاجَةً، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الْخَامِسَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ بَيْضَةً. فَإِذَا خَرَجَ الْإِمَامُ حَضَرَتِ الْمَلَائِكَةُ يَسْتَمِعُونَ الذِّكْرَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Кім жұма күні жүніптіктен тазарғандағыдай ғұсыл алып, жұма намазына ерте барса, түйе құрбан шалғандай сауап алады. Екінші мезгілде барған адам – сиыр, үшінші мезгілде барған адам – мүйізді қошқар, төртінші мезгілде барған адам тауықты құрбан шалғандай сауап алады. Бесінші мезгілде барған адамға жұмыртқа садақа еткендей сауап жазылады. Имам мінберге шыққанда, періштелер келіп, зікірді тыңдайды».1

Түсіндірме

1. Хадис жұма намазының өзге намаздарға тән болмаған бір артықшылығын көрсетеді.

Жұмаға ертерек келуге ұмтылған адам мал-мүлкімен де, денесімен де атқарылатын құлшылықтың сауабын алады. Осылайша жұма намазы екі түрлі ғибадаттың сауабын біріктіреді. Бұл – жұма намазының өзіне тән артықшылығы.

2. «Кімде-кім ғұсыл алса» деген сөз жалпы айтылғандықтан, ер мен әйелді, жас пен кәріні, азат адам мен құлды түгел қамтиды.

3. Хадис жүніптіктен тазарғанда құйынатын ғұсылды меңзеп тұр. Яғни ауыз бен мұрынға да су тигізіп, тұла бойын түгел жуады.

Бірқатар ғалымның пікірінше, бұл тіркес ерлі-зайыптылардың жұма күні жақындасуына да ишарат етеді. Мұның даналығы – нәпсіні адал жолмен тыйып, намазға бара жатқанда көзді орынсыз нәрсеге салудан сақтану. Сонда әйел де сол күні ғұсыл алады.

4. Хадистегі قَرَّبَ сөзін «құрбан шалу» деп аудардық. Мұндағы мақсат – Аллаға жақындап, Оның разылығына бөлену үшін түйе, сиыр, қой немесе тауық сойып, садақа тарату. Мал құрбандыққа сойылады. Ал жұмыртқа сойылмайды, тауық та шариғаттағы құрбандық малдың қатарына жатпайды. Сол себепті хадистегі бұл сөздің аясына садақа ету, Аллаға бағыштау деген мағыналар да кіреді.

Хадистегі түйе, сиыр, қошқар, тауық пен жұмыртқа арқылы берілген мысалды кей ғалымдар сыртқы мағынасында түсіндірген. Олардың айтуынша, жұмаға ерте келген адамның сауабы көзге көрінетін денеге енсе, хадисте аталған нәрселердің кейпінде болар еді. Енді бір ғалымдар бұл мысал ерте және кеш келгендердің сауабындағы айырманың қаншалық үлкен екенін көрсетеді деген. Мәселен, бірінші мезгілде келген мен екінші мезгілде келгеннің сауабы түйе мен сиырдың арасындағы айырмадай.

5. Мауәрди «Имам мінберге шыққанда, періштелер келіп, зікірді тыңдайды» деген сөзден құтбашының мінберге ерте шығуы мұстахаб еместігін түйген. Бұған жауап бергендер имамның мешітке ерте келуі мен мінберге шығуын екі бөлек қарастырған. Имам ерте келіп, арнайы орнында күтеді де, құтба уақыты кіргенде ғана мінберге шығады.

6. Хадис жұма күні ғұсыл алуға үндейді.

7. Жұма күнінің және жұма намазына ерте келудің артықшылығы баяндалған.

8. Адамдардың дәреже айырмасы амалдарына байланысты.

9. Шариғатта аз садақаның да қадірі бар.

10. Түйені құрбан шалу арқылы Аллаға жақындау сиыр шалғаннан абзал. Бұл үкімге қажылықта шалынатын һәди құрбандығы жөнінде ғалымдар бірауыздан келіскен. Басқа құрбандықтар жөнінде пікірлері әртүрлі болғанымен, басым көпшілігі оларда да түйе шалу абзал деген.

11. Хадистегі бес мезгіл

Хадисте мешітке алғашқы мезгілден бесінші мезгілге дейін келгендерге бес дәреже көрсетілген. Бір топ ғалым ерте келген мен кеш келген адамның сауап айырмасын нақты мысалмен көрсету арқылы жұмаға ертерек келуге ынталандыру көзделгенін айтқан. Өзгелері бұдан басқа мағына іздеген. Таластың егжей-тегжейіне тоқталмай, Алла елшісінің (с.а.с.) хадистеріне білім мен иман тұрғысынан зер салғанда ашылатын нәзік мағыналарды аңғарту үшін ғалымдардың бірнеше жорамалын келтіреміз.

Ибн Хажар кейбір пікір айырмасына тоқталып, хадистің бұл нұсқасында алты мезгіл болуы, ал жеткізушінің біреуін атамай кетуі мүмкін дейді. Бұған дәлел ретінде Нәсәидің бір риуаятында тауық пен жұмыртқаның арасына торғай дәрежесі қосылғанын еске салады. Осы қосымшаны қуаттайтын өзге де риуаяттар бар. Бұл нұсқаға сүйенсек, имамның шығуы алтыншы мезгілдің соңына келеді. Бұл жорамалдарда «сағат» сөзі әдеттегі өлшем мағынасында ұғынылған. Қаффал бұлай түсінуге қарсылық білдірген. Оның айтуынша, онда үкім қыс пен жазда өзгеше болар еді, өйткені қысқа күн он сағаттай, ұзақ күн он төрт сағаттай созылады.

Қади Хусейін бұған былай жауап берген: «Мұндағы сағаттардың саны күн ұзарып-қысқарғанда да өзгермейді. Күндіз он екі сағат болады, бірақ әр сағаттың ұзақтығы өзгеріп отырады. Түн де солай. Уақыт өлшемін зерттеген ғалымдар бұларды “маусымдық сағаттар” деп атайды».

Әбу Дәуіт пен Нәсәи Жәбирден: «Жұма күні – он екі сағат», – деген риуаят жеткізген. Бұл сөз жұмаға ерте бару жөніндегі хадисте емес, дұға қабыл болатын мезетті іздеуге үндеген хадисте айтылған. Кейбір ғалымдар ерте келгендердің дәрежесін білдіретін бес мезгілді таң атқаннан күн тас төбеге көтерілгенге дейінгі уақытқа бөлген. Ғазали оларды былай белгілеген: «Бірінші мезгіл – күн шыққанға дейін, екіншісі – күн көтерілгенге дейін, үшіншісі – күннің шуағы жайылғанға дейін, төртіншісі – жер табан күйдірердей қызғанға дейін, бесіншісі – сәскеден күн ауғанға дейін».

Ибн Дақиқ әл-Ид Ғазалидің бұл жіктеуіне қарсылық білдірген: «Хадистегі сағаттарды көпшілікке белгілі сағат өлшемімен түсіндірген орынды. Әйтпесе ұзақтығы әртүрлі бес мезгілді дәл осы санмен атаудың мәні қалмайды».

Шафиғи және Мәлики ғалымдарының бір тобы жұмадағы «сағаттар» деп бес қысқа мезгілді түсіндірген. Олардың пікірінше, алғашқысы күн тас төбеден ауғанда, соңғысы имам құтба айту үшін мінберге отырғанда болады.

Бұл пікірді жақтағандар екі дәлел келтіреді.

1) «Сағат» сөзі жалпылама қолданылса, белгілі бір ұзақтықты білдірмейді. Мысалы, «Пәлен сағатта келдім» дегенді «Белгілі бір мезгілде келдім» деп түсінеміз.

2) Хадисте «бару» мағынасында رَاحَ («раха») етістігі қолданылған. Бұл жұмаға бару мезгілі күн тас төбеден ауғанда басталатынын аңғартады. Тілде «рауах» күн ауғаннан күн батқанға дейінгі жүрісті, ал «ғудуу» таңертеңнен күн ауғанға дейінгі жүрісті білдіреді.

Бұған қарсы пікір айтқандар арабтардың «рауах» сөзін тәуліктің кез келген уақытындағы жүріске де қолданатынын алға тартқан. Ибн Хажар хадистің өзге нұсқаларында «рауахтың» орнына «ғудуу» және басқа да сөздер келгенін мысалмен көрсеткен.

Хадистегі «сағаттар» сөзін ғалымдар осылайша әртүрлі түсіндірген.

  1. 1Бұхари, Жұма: 4, 19; Мүслим, Жұма: 10, (850); Муатта, Жұма: 1, (1, 101); Әбу Дәуіт, Таһарат: 129, (351); Тирмизи, Намаз: 358, (499); Нәсәи, Жұма: 14, (3, 99); Ибн Мәжа, Иқамат: 82, (1092).
2849
Кутуб ситтә, № 2849 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ: «إِذَا كَانَ يَوْمُ الْجُمُعَةِ كَانَ عَلَى كُلِّ بَابٍ مِنْ أَبْوَابِ الْمَسْجِدِ مَلَائِكَةٌ يَكْتُبُونَ الْأَوَّلَ فَالْأَوَّلَ. فَإِذَا جَلَسَ الْإِمَامُ طَوَوُا الصُّحُفَ وَجَاءُوا يَسْتَمِعُونَ الذِّكْرَ».

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта былай делінген: «Жұма күні мешіттің әр есігінде періштелер тұрып, келгендерді ретімен жазып отырады. Имам мінберге отырғанда, олар дәптерлерін жауып, зікірді тыңдауға келеді».1

Түсіндірме

Хадис жұма намазына кешікпеуге үндейді. Періштелер есік алдында тұрып, имам мінберге отырғанға дейін келгендерді ретімен жазады. Имам отырғанда, дәптерлерін жауып, құтба тыңдауға келеді. Одан кейін келгендерді жазбайды. Кей риуаятта дәптерлері де, қаламдары да нұрдан екені айтылған. Осы риуаятты негізге алған кей ғалымдар бұларды адамның амалдарын жазатын хафаза періштелерінен өзге періштелер деп таныған.

Дәптерлердің жабылуы жұмаға ертерек келгендердің сауабын жазуға арналған дәптерлерге қатысты болса керек. Өйткені құтба тыңдау, намазға қатысу, зікір мен дұғаға әзір болу, ықылас таныту және үндемей отыру сияқты амалдардың сауабы жазыла береді. Оларды хафаза періштелері жазады. Бұл хадистегі періштелердің өзге періштелер екенін аңғартады.

  1. 1Мүслим, «Жұма», № 850.
2850
Кутуб ситтә, № 2850 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ أَوْسِ بْنِ أَوْسٍ الثَّقَفِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ غَسَّلَ وَاغْتَسَلَ، وَبَكَّرَ وَابْتَكَرَ، وَمَشَى وَلَمْ يَرْكَبْ، وَدَنَا مِنَ الْإِمَامِ فَاسْتَمَعَ وَلَمْ يَلْغُ. كَانَ لَهُ بِكُلِّ خُطْوَةٍ عَمَلُ سَنَةٍ، أَجْرُ صِيَامِهَا وَقِيَامِهَا». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. وَقَالَ أَبُو دَاوُدَ: «سُئِلَ مَكْحُولٌ عَنْ غَسَّلَ وَاغْتَسَلَ؟ فَقَالَ: غَسَلَ رَأْسَهُ وَجَسَدَهُ. وَكَذَلِكَ قَالَ سَعِيدٌ بْنُ عَبْدِ الْعَزِيزِ». قَوْلُهُ «غَسَّلَ» أَيْ: جَامَعَ امْرَأَتَهُ فَأَحْوَجَهَا إِلَى الْغُسْلِ، وَذَلِكَ يَكُونُ أَغَضَّ لِطَرْفِهِ إِذَا خَرَجَ إِلَى الْجُمُعَةِ، وَاغْتَسَلَ هُوَ بَعْدَ الْجِمَاعِ. وَقِيلَ «غَسَّلَ» أَسْبَغَ الْوُضُوءَ وَأَكْمَلَهُ ثُمَّ اغْتَسَلَ بَعْدَهُ لِلْجُمُعَةِ. «وَبَكَّرَ» أيْ: إِلَى الصَّلَاةِ فِي أَوَّلِ وَقْتِهَا. «وَابْتَكَرَ» أَدْرَكَ أَوَّلَ الْخُطْبَةِ.

Қазақша аудармасы

Әус ибн Әус әс-Сақафи (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Кім жуындырып, өзі де жуынған соң жұмаға ерте шығып, құтбаның басына үлгерсе, көлікке мінбей жаяу барса, имамға жақын отырып, мұқият тыңдаса әрі бос сөз айтпаса, әр қадамына бір жыл ораза ұстап, түнде намаз оқығанның сауабы жазылады».1

Түсіндірме

1. Хадис жұма күні ғұсыл алу жайында. «Жұма күні» деген сөз риуаяттың кей нұсқасында бар, кей нұсқасында аталмаған.

2. «Жуындырды» деп аударған غَسَّلَ сөзін ғалымдар екі түрлі түсіндірген.

1) Ол әуелі басын жуады. Сонда одан кейінгі اِغْتَسَلَ сөзі денесінің қалған бөлігін жуып, толық жуынғанын білдіреді.

2) Ол жұбайының да ғұсыл алуына себеп болады. Яғни жұма күні жұбайымен жақындасып, өзі де ғұсыл алады, жұбайы да ғұсыл алады. Бұл түсінік бойынша хадисте, № 2848 риуаяттағыдай, ерлі-зайыптылардың жақындасуына астарлы ишарат бар.

Мағыналас екі сөз бірін-бірі күшейту үшін қатар қолданылған болуы да мүмкін.

Бұхари мен Әбу Дәуіттегі нұсқалар бірінші түсінікті қуаттайды. Әбу Дәуітте «Кім басын жуып, ғұсыл алса», Бұхариде «Ғұсыл алыңдар, бастарыңды да жуыңдар» деп келген.

3) Қатар келген بَكَّرَ және اِبْتَكَرَ сөздері де мағыналас. Біріншісі мешітке ерте баруды, екіншісі құтбаның басына үлгеруді білдіреді деп түсіндірілген.

Жуыну мен ерте баруды білдіретін мағыналас сөздердің қосарланып келуіне осы хадистегі «көлікке мінбей жаяу барса» тіркесі мысал болады. Жаяу жүру мен көлікке мінбеу – бір мағынаның екі түрлі айтылуы.

  1. 1Әбу Дәуіт, Таһарат: 129, (345, 346); Тирмизи, Намаз: 356, (496); Нәсәи, Жұма: 12, (3, 97); Ибн Мәжа, Иқамат: 80, (1027); Бұхари, Жұма: 6.
2851
Кутуб ситтә, № 2851 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр (р.а.)

وَعَنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَحْضُرُ الْجُمُعَةَ ثَلَاثَةُ نَفَرٍ: فَرَجُلٌ حَضَرَهَا يَلْغُو وَهُوَ حَظُّهُ مِنْهَا، وَرَجُلٌ حَضَرَهَا يَدْعُو، فَهُوَ رَجُلٌ دَعَا اللَّهَ إِنْ شَاءَ أَعْطَاهُ وَإِنْ شَاءَ مَنَعَهُ، وَرَجُلٌ حَضَرَهَا بِإِنْصَاتٍ وَسُكُوتٍ وَلَمْ يَتَخَطَّ رَقَبَةَ مُسْلِمٍ وَلَمْ يُؤْذِ أَحَدًا، فَهِيَ كَفَّارَةٌ لَهُ إِلَى الْجُمُعَةِ الَّتِي تَلِيهَا وَزِيَادَةُ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ، وَذَلِكَ بِأَنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَقُولُ: مَنْ جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا».

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.анһума) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Жұма намазына үш түрлі адам келеді. Бірі келіп, бос сөз айтады. Жұмадан алар үлесі – сол сөзі. Екіншісі келіп, Аллаға дұға етеді. Алла қаласа, тілегін береді, қаласа, бермейді. Үшіншісі үндемей, құлақ қойып тыңдайды, ешбір мұсылманның мойнынан аттамайды, ешкімге жапа шектірмейді. Оның бұл жұмасы келесі жұмаға дейінгі және оған қосылған үш күннің күнәларына кәффарат болады. Өйткені Алла Тағала ﴿مَنْ جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا﴾ “Кімде-кім Алланың алдына бір ғана жақсылықпен келсе, оған сол жақсылығы үшін он есе сауап жазылады.”1 деген».2

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте жұма намазына келудің әдебін көрсетіп, жамағатты үш топқа бөледі.

1) Бірінші топ – жұма намазына келіп, бос сөз сөйлейтіндер. Алдымен ойға құтба үстінде сөйлейтіндер келеді. Дегенмен № 2778, № 2782 және № 2834 хадистерде айтылғандай, кісі намазды ниет етіп, үйден шыққаннан бастап намаз үстінде болып саналады. Сондықтан адам жұмаға бармақ болып үйінен шыққан сәттен бос сөзден тыйылып, зікір айтып не үнсіз жүруге, ал құтба басталғанда оны мұқият тыңдауға тиіс. Құтбаға осылай құлақ қоюды «инсат» дейді.

«Бос сөз» деп аударған «лағу» ұғымы жұма әдебіне сыймайтын кез келген сөзді қамтиды. Әбу Дәуіт жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Жұма күні имам құтба айтып тұрғанда қасыңдағы адамға “Үндеме!” десең, бос сөз айтқан боласың», – деген. Ғалымдар жұрттың арасына қыстырылу, үстінен аттап өту секілді жамағатқа жапа шектіретін амалдарды да лағуға жатқызған. Ибн Хажар мына түсіндірмелерді келтіреді. Ахфаш күмәнді, өтірік, негізсіз сөзді лағу деген. Ибн Арафа орынсыз сөзді де осыған жатқызған. Зәйн ибн әл-Мунир тәпсіршілердің лағуды «жағымсыз, нашар сөз» деп бірауыздан түсіндіргенін айтады.

Демек, құтба үстінде сөйлеген, жұртты аттап өткен немесе қатар отырған екі адамның арасына қыстырылып, басқалардың мазасын алған кісіге жұмадан сол жапасы ғана үлес болып қалады. Алла елшісі (с.а.с.) жамағатқа қандай жағдайда да жапа шектіруге қатаң тыйым салған. Ибн Хажар әл-Мәккидің түсіндіруінше, құтба кезінде бос сөз айтқан адам жұма намазының сауабын толық ала алмайды.

2) Екінші топ – құтба үстінде дұға ететіндер. Дұға өз алдына зікір әрі ғибадат саналады. Құтба үстінде мұқият тыңдау бұйырылғандықтан, сол сәтте тыңдауға бөгет болатын дұғаны қоя тұрған абзал.

Алла тағала мұндай кісінің құтба үстінде жасаған дұғасын рақым етіп, қабыл алуы да мүмкін. Үндемей отырып, құтбаны мұқият тыңдау әдебін сақтамағаны үшін дұғасы қабыл болмай қалуы да мүмкін.

3) Үшінші топ – басқалардың үстінен аттамай, ешкімнің мазасын алмай жайғасып, құтбаны үнсіз тыңдайтындар. Ғалымдар жұрттың мазасын алатын әрекеттерге орынсыз тұруды, жанындағы адамға сүйенуді, біреудің жайнамазын рұқсатсыз пайдалануды, лас жүруді және жағымсыз иіс шығаруды да жатқызған.

Хадисте құлақ қойып тыңдау мен үнсіздік қатар аталады. Кей ғалымдар мағыналары жақын болғандықтан, екіншісі біріншісін күшейтеді дейді. Енді бір түсінік бойынша, «инсат», яғни құлақ қою мінберге жақын отырғандарға, ал үнсіздік мінберден алыс отырғандарға көбірек қатысты. Имамды анық ести алмай, құтбаға ілесе алмаған кісі де үндемей отырады.

Хадистің бұл бөлігі де жұма күні мешітке ерте баруға үндейді. Ерте келгендер мінберге жақын, алдыңғы саптардан орын алады. Олар жұрттың үстінен аттап не арасына қыстырылып, ешкімге жапа шектірмей, құтбаға мұқият құлақ қоя алады.

4) «Оның бұл жұмасы» деп аударылған هِيَ есімдігіне аталған әдептер де, құтба мен намаз да кіреді. Осылайша әдебі сақталып, толық орындалған жұма намазы адамның он күндік кіші күнәларына кәффарат болады.

Хадистің сыртқы мағынасына қарағанда, бұл мерзімді «алдағы он күн» деп түсінуге болады. Өзге риуаяттар бойынша, кәффарат бұдан бұрынғы жұмаға дейінгі күндер мен оған дейінгі тағы үш күнді, яғни өткен он күнді қамтиды. Алла елшісі (с.а.с.) әдебі сақталған жұма намазының осы мерзімдегі күнәларды өтейтініне Құраннан дәлел келтіріп, мүміннің көңілін орнықтырады.

  1. 1«Әнғам» сүресі, 160-аят.
  2. 2Әбу Дәуіт, Намаз: 235, (1113).
2852
Кутуб ситтә, № 2852 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ وَهُوَ عَلَى الْمِنْبَرِ فِي الْكُوفَةِ يَخْطُبُ: «إِذَا كَانَ يَوْمُ الْجُمُعَةِ غَدَتِ الشَّيَاطِينُ بِرَايَاتِهَا إِلَى الْأَسْوَاقِ فَيَرْمُونَ النَّاسَ بِالتَّرَابِيثِ، أَوْ قَالَ بِالرَّبَائِثِ وَيُثَبِّطُونَهُمْ عَنِ الْجُمُعَةِ وَتَغْدُو الْمَلَائِكَةُ فَيَجْلِسُونَ عَلَى أَبْوَابِ الْمَسْجِدِ وَيَكْتُبُونَ الرَّجُلَ مِنْ سَاعَةٍ، وَالرَّجُلَ مِنْ سَاعَتَيْنِ حَتَّى يَخْرُجَ الْإِمَامُ. فَإِذَا جَلَسَ الرَّجُلُ مَجْلِسًا يَسْتَمْكِنُ فِيهِ مِنَ الاسْتِمَاعِ وَالنَّظَرِ فَأَنْصَتَ وَلَمْ يَلْغُ كَانَ لَهُ كِفْلَانِ مِنْ أَجْرٍ، فَإِنْ نَأَى وَجَلَسَ حَيْثُ لَا يَسْمَعُ فَأَنْصَتَ وَلَمْ يَلْغُ كَانَ لَهُ كِفْلٌ مِنْ أَجْرٍ، وَإِنْ جَلَسَ مَجْلِسًا يَسْتَمْكِنُ فِيهِ مِنَ الاسْتِمَاعِ وَالنَّظَرِ فَلَغَا وَلَمْ يُنْصِتْ كَانَ عَلَيْهِ كِفْلَانِ مِنْ وِزْرٍ. وَمَنْ نَأَى فَلَغَا وَلَمْ يُنْصِتْ كَانَ عَلَيْهِ كِفْلٌ مِنْ وِزْرٍ، وَمَنْ قَالَ لِصَاحِبِهِ يَوْمَ الْجُمُعَةِ صَهْ فَقَدْ لَغَا، وَمَنْ لَغَا فَلَيْسَ لَهُ فِي جُمُعَتِهِ تِلْكَ شَيْءٌ. ثُمَّ قَالَ فِي آخِرِهِ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ. «التَّرَابِيثُ أَوِ الرَّبَائِثُ» جَمْعُ رَبِيثَةٍ وَهِيَ مَا يَحْبِسُ الْإِنْسَانَ عَنْ مَهَامِهِ وَيُشَغِّلُهُ عَنْهَا وَيُثَبِّطُهُ. قَالَ الْخَطَّابِيُّ «وَأَمَّا التَّرَابِيثُ» فَلَيْسَ بِشَيْءٍ. وَقَوْلُهُ «يَرْمُونَ» إِنَّمَا هُوَ فَيَرْبِثُونَ النَّاسَ. كَذَا رُوِيَ لَنَا فِي غَيْرِ هَذَا الْحَدِيثِ. «وَالْكِفْلُ» النَّصِيبُ. وَقِيلَ الْضَّعْفُ. «وَالْوِزْرُ» الْإثْمُ الْمُثْقِلُ لِلظَّهْرِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әли (р.а.) Куфада мінберден құтба айтып тұрып, былай деген: «Жұма күні шайтандар жалауларын көтеріп, базарларға ертелетіп барады. Адамдарды жұмаға жібермеу, тым болмаса кешіктіру үшін мың сан кедергі жасайды. Періштелер де ерте келіп, мешіттің есіктерінде тұрады. Келгендерді “бірінші мезгілде келді, екінші мезгілде келді” деп, имам мінберге шыққанша жазып отырады. Кісі имамды көріп, ести алатын жерге отырып, үндемей құлақ қойса, екі үлес сауап алады. Имамды ести алмайтын алыс жерге отырып, үндемесе, бір үлес сауап алады. Имамды көріп, ести алатын жерде отырып, бос сөз айтса, екі үлес күнә, көре де, ести де алмайтын жерде бос сөз айтса, бір үлес күнә жазылады. Кім жұма күні қасындағы адамға “Тыныш отыр!” десе, өзі де бос сөз айтқан болады. Ал бос сөз айтқан адам сол жұманың сауабынан құр қалады».

Әзірет Әли сөзінің соңында: «Мұны Алла елшісінен (с.а.с.) естідім»1, – деген.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят жұмаға ерте барып, құтбашыны көріп, ести алатын жерге отыруға үндейді. Құтбашыны көру жайы бүгін де мәнді. Қазір дауысзорайтқыш арқылы құтбаны сыртта да анық естуге болады. Дегенмен құтба айтқан имам көрінетін жерге орналасу үшін ерте барып, соған ниет еткен жөн. Мешітке сыймай сыртта қалғандар үндемей тыңдаса, Алланың рақымымен хадистегі қос сауапқа жетуден үміттенуге болады. Мүміннің ниеті – басты өлшем.

2. Рауи «тәрабис» пе, «рәбаис» пе деп күмәнданған. Хаттабидің айтуынша, «тәрабис» қолданыстағы сөз емес. Хадиске түсіндірме берген ғалымдар дұрысы «рәбаис», яғни «рәбиса» сөзінің көпше түрі екенін айтады. «Рәбиса» – адамды діттеген мақсатына жеткізбей бөгейтін кедергі.

3. «Бос сөз» деп аударылған «лағу» – құнсыз, бұрыс, қабылданбайтын, үкімі жүрмейтін сөз. Кей ғалымдар оны «бұрыс сөз», «орынсыз сөйлеу» деп түсіндірген. Бұл хадисте құтба үстіндегі сөз атаулы лағуға жатады. Құтба әдебі үндемей, бар ықыласпен тыңдауды талап етеді. Хадисте сөйлеп отырған адамға أَنْصِتْ, яғни «Тыныш отыр!» деудің өзі лағу саналған. Негізінде мұндай ескерту – жақсылыққа шақыру, құптарлық амал. Сонда құтба үстінде өзге сөздердің де лағу екені аңғарылады. Алдыңғы хадисте құтба кезінде дұға ету лағу деп ашық аталмағанымен, оған да тыйым салынған. Олай болса, дұға да лағуға жатуы мүмкін. Нәуәуи сөйлеп отырған жанға алдымен ишаратпен ескертіп, түсінбесе, барынша аз сөзбен тоқтатуды жөн көрген.

Ғалымдар құтба үстінде сөйлеудің харам не мәкрүһ екенін, ал мәкрүһ болса, тахрими не танзиһи мәкрүһке жататынын талқылаған. Шафиғи бір пікірінде құтбаны екі рәкат намазға теңеген. Бұл пікір бойынша құтба кезінде сөйлеу – харам. Ал негізгі пікірінде құтба екі рәкат намазға теңелмейді, сондықтан сөйлеу харам саналмайды.

Құтба естілмеген жағдайда да оны тыңдағандай үнсіз отыру қажет пе деген мәселеде пікір әртүрлі. Ғалымдардың басым көпшілігі қажет деген. Ахмад ибн Ханбал, Ибраһим Нәһәи және бір пікірінде Шафиғи мұны міндетті деп санамаған. Ибн Хажар құтба үстінде сөйлеуге жол бергендердің де болғанын жазған. Кейбір алғашқы буын ғалымдары Әмәуи әкімдерінің орынсыз сөзіне құтба үстінде қарсылық білдірген.

«Әл-Муғниде» намаз үстінде сөйлеуге рұқсат беретін зәрулік құтба кезінде де сөйлеуге рұқсат беретініне ғалымдар бірауыздан келіскені жазылған. Мәселен, көзі көрмейтін адамды шұңқырға түсуден сақтандыру осыған жатады. Шафиғи: «Біреуге қауіп төніп тұрғанын ишаратпен білдіре алмаса, сөзбен ескерткенін әбестік көрмеймін», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Намаз», № 1051. Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 9-том, 184–186-беттер. Әбу Дәуіттің осы нұсқасында бір үлес күнә аталады.
2853
Кутуб ситтә, № 2853 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Тариқ ибн Шиһаб (р.а.)

وَعَنْ طَارِقٍ بْنِ شِهَابٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْجُمُعَةُ حَقٌّ وَاجِبٌ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ فِي جَمَاعَةٍ إِلَّا عَلَى أَرْبَعَةٍ: عَبْدٍ مَمْلُوكٍ، أَوْ امْرَأَةٍ، أَوْ صَبِيٍّ، أَوْ مَرِيضٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَقَالَ أَبُو دَاوُدَ: طَارِقٌ قَدْ رَأَى النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهُوَ يُعَدُّ مِنْ أَصْحَابِهِ وَلَمْ يَسْمَعْ مِنْهُ شَيْئًا.

Қазақша аудармасы

Тариқ ибн Шиһаб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Жұма намазын жамағатпен оқу әр мұсылманға міндет. Төрт адамға бұл міндет жүктелмейді: құлға, әйелге, балаға және науқасқа».1

Түсіндірме

1. Тариқ ибн Шиһаб (р.а.) жаһилия дәуірінде өмір сүріп, Алла елшісін (с.а.с.) көргендердің бірі саналады. Алайда оны мүлде көрмегені де айтылады. Ол Әбу Бәкір мен Омардың (р.анһума) тұсында отыз үш не отыз төрт жорыққа қатысып, һижри 82 жылы қайтыс болған. Осы есеппен риуаят мүрсәл хадиске жатады. Мүрсәл дегеніміз – табиғиннің арадағы сахабаны атамай, сөзді тікелей Пайғамбарға (с.а.с.) теліп жеткізуі.

2. «Жұма – хақ» деген сөз жұма намазының Құран мен сүннет арқылы кесімді түрде парыз етілгенін аңғартады. Бұл – Алланың құлдарына жүктеген парыздарының бірі.

3. Хадистегі عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ, яғни «әрбір мұсылманға» деген сөз жұма намазын парыз кифая санайтын пікірге жауап болады.

4. فِي الْجَمَاعَةِ, яғни «жамағатпен» деген сөз жұма намазының жамағатпен оқылатынын білдіреді. Ғалымдар осыған бірауыздан келіскен.

Жамағаттың ең аз саны жөнінде пікірлері әртүрлі.

• Әбу Ханифаның пікірінше, имамнан бөлек кемінде үш кісі жамағат құрайды. Олардың бәрінің құтбаны тыңдауы шарт емес. Оны имамнан өзге екі адам тыңдаса жеткілікті. Әузағи әкім де солардың арасында болса, жұмаға үш адам жеткілікті деген. Әбу Сәур жұмаға арнайы сан белгіленбейтінін, басқа намаздар тәрізді оны екі адам да оқи алатынын айтқан.

• Шафиғи мәзһабында жамағат кемінде қырық адамнан құралады. Шафиғидің пікірінше, олар азат әрі тұрғылықты кісілер болуы керек.

• Ахмад ибн Ханбал, Исхақ ибн Рахуия, Омар ибн Абдулазиз секілді бірқатар ғалым да жұма намазының парыз болуы үшін кемінде қырық кісінің жиналуын шарт санаған. Омар ибн Абдулазиз олардың арасында әкім болуын да талап еткен. Шафиғи мұндай шарт қоймаған.

• Имам Мәлик жамағатқа нақты сан белгілемеген. Оның пікірінше, үйлері іргелес орналасқан ауылда жұрт жиналатын мешіт пен сауда орны болса, сол елдің жамағатына жұма намазы парыз болады.

Имам Мәлик те әкімнің қатысуын шарт етпеген. Осындай зәрулік туған жағдайда ең абзалы – имамның соңында тұрып намаз оқу. Мешіттердің өзге артықшылықтары бірдей болса, алғаш салынғанында оқыған жөн. Екеуі бір мезгілде салынса, жақынына барған дұрыс. Жамағаты көп мешітті таңдауға да болады.

5. Жұма намазы әйелдерге парыз емес. Шафиғи жасы үлкен әйелдердің жамағатқа қосылғанын мұстахаб санаған.

6. Жұма намазының балаларға парыз еместігіне ғалымдар бірауыздан келіскен. Мұндағы бала – әлі балиғатқа толмаған кісі. Балиғатқа жақындаған жасөспірімді намазға баулып, дағдыландыру үшін мешітке ертіп апарып, ынталандыру ислам тәрбиесіне жатады.

7. Жұмаға келу науқасқа машақат түсірсе, жұма намазы оған парыз болмайды. Қиындық пен зиян келтірмейтін жеңіл сырқат парызды түсірмейді. Имам Ағзам жетелейтін адамы болса да, көзі көрмейтін кісіге жұма парыз емес деген. Шафиғидің пікірінше, оны жетелейтін адам табылса, жұма парыз болады.

8. Құлға жұма намазының парыз болуы жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Хасан Басри мен Қатада жұмаға бара алатын құлға парыз деген. Суюти Әузағидің де осы пікірді ұстанғанын жазған.

9. Зуһри «Жолаушы азанды естісе, жұмаға барады» деген. Ибраһим Нәһәиден де осыған ұқсас пәтуа жеткен. Бұл жұманың парыз айн екенін аңғартады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Намаз: 215, (1067).
2854
Кутуб ситтә, № 2854 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр (р.а.)

وَعَنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: الْجُمُعَةُ عَلَى كُلِّ مَنْ سَمِعَ النِّدَاءَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.анһума) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Азанды естіген әр адамға жұма намазы парыз».1

Түсіндірме

Хадистің сыртқы мағынасы жұма парыз болуы үшін азанды естуді шарт етеді. Ал аятта жұмаға азан айтылып, намазға шақырылған мезгіл көрсетіледі. ﴿إِذَا نُودِيَ لِلصَّلَاةِ مِنْ يَوْمِ الْجُمُعَةِ فَاسْعَوْا إِلَىٰ ذِكْرِ اللَّهِ﴾ «Жұма күні азан айтылып намазға шақырылғанда, дереу Алланы еске алып, зікір етуге асығыңдар»2 делінген. Сондықтан ғалымдар хадисті азанды ести алатын әр адамға жұма парыз деп түсіндірген. Басым көпшіліктің пікірінше, азанды естіген және ести алатын адамға, елді мекеннің ішінде болсын, сыртында болсын, жұма парыз. Зәйнаддин әл-Ирақидің «Шарх әт-Тирмизи» еңбегінде жазғанындай, Мәлик, Шафиғи және Ахмад ибн Ханбал қала тұрғындарының бәріне, тіпті азанды естімесе де, жұма парыз дегенге келіскен.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Намаз», № 1056.
  2. 2«Жұма» сүресі, 9-аят.
2855
Кутуб ситтә, № 2855 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Хафса (р.а.)

وَعَنْ حَفْصَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: عَلَى كُلِّ مُحْتَلِمٍ رَوَاحٌ إِلَى الْجُمُعَةِ، وَعَلَى كُلِّ مَنْ رَاحَ إِلَى الْجُمُعَةِ الْغُسْلُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Хафса (р.анһа) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Балиғатқа жеткен әр ер адам жұмаға баруға міндетті. Жұмаға барған әр адам ғұсыл алуға міндетті».1

Түсіндірме

1. Хадис жалпы түрде айтылып, балиғатқа жеткен әр мұсылманға жұма парыз екенін білдіреді. Ал № 2853 хадистің түсіндірмесінде көрсетілгендей, әйелге, науқасқа, жолаушыға, көзі көрмейтін адамға және құлға балиғат жасына жетсе де жұма намазы парыз болмайды.

2. Әбу Дәуіт риуаяттың соңында: «Кісі таң атқаннан кейін жүніптіктен тазару үшін ғұсыл алса, бұл жұма ғұсылының да орнына жүреді», – деп түсіндіреді. Ғалымдардың пікірінше, жұма күні басталмай тұрып, яғни таң атқанға дейін алынған ғұсыл жұма ғұсылы болып саналмайды. Хадисте бұйырылған жұма ғұсылы таң атқаннан кейін алынады. Таңнан кейінгі ғұсыл жүніптіктен тазару үшін алынған болса да жеткілікті, жұма үшін қайта ғұсыл алудың қажеті жоқ. Әбу Қатаданың балаларының бірі әкесінің жұма күні жүніптіктен тазару үшін алған ғұсыл жұмаға да жарайды дегенін жеткізген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Таһарат: 129, (342); Нәсәи, Жұма: 2, (3, 89).
2856
Кутуб ситтә, № 2856 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْجُمُعَةُ عَلَى كُلِّ مَنْ آوَاهُ اللَّيْلُ إِلَى أَهْلِهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَضَعَّفَهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Жұма намазы сол түні отбасына орала алатын әр адамға парыз».1

Түсіндірме

Тирмизи бұл хадисті келтірген соң оның әлсіз екеніне назар аударады. Оның айтуынша, Ахмад ибн әл-Хасан жұма намазының кімге парыз екенін талқылағанда осы риуаятты Ахмад ибн Ханбалға дәлел ретінде айтқан. Тізбегінде үш әлсіз жеткізуші бар хадистің келтірілгеніне ашуланған Ахмад ибн Ханбал: «Раббыңнан кешірім сұра! Раббыңнан кешірім сұра!» – деген.

Тирмизидің түсіндіруінше, Ахмад ибн Ханбал тізбегі әлсіз болғандықтан бұл риуаятты дәлелге жарамды деп санамаған.

Хадисті дұрыс түсіну үшін Тирмизидің оны қай тақырыпта келтіргеніне назар аударайық. Бөлім «Жұма намазына қанша қашықтан келу керек?» деп аталған.

Бөлімнің алғашқы хадисінде: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге Құба ауылынан жұмаға келуді бұйыратын», – делінген.2 Тирмизи былай дейді: «Бұл хадисті осы тізбектен ғана білеміз. Бұл тақырыпта Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен сахих риуаят жоқ». Содан соң ол Әбу Һурайраның Алла елшісінен (с.а.с.) жеткізген мына сөзін келтіреді: «Жұма намазы сол түні отбасына орала алатын адамға парыз».

Яғни жұма намазы сол түні отбасына орала алатындай қашықта жүрген кісіге парыз. Ол тауда болса да, жұмаға келуге тиіс.

Әл-Музһирдің түсіндіруінше, жұма оқылатын жер мен үйдің арасы кісі намаздан кейін сол түні үйіне жететіндей болса, жұма оған парыз. Ибн Омардан да: «Жұма парыз болған адамға ғұсыл алу міндет. Түнді үйінде өткізетін адамға жұма міндет», – деген сөз жеткен. Ибн Хажар мұны намаздан кейін түн түскенше үйіне орала алатын кісіге жұма парыз, одан шалғайдағыға парыз емес деп түсіндірген.

Тирмизи ғалымдардың жұма кімге парыз деген мәселеде әртүрлі пікір айтқанын жазады. Бір тобы: «Түнде үйіне орала алған адамға парыз», – деген. Екінші тобы азанды естіген адамға парыз деп санаған. Шафиғи, Ахмад және Исхақ осы екінші пікірді ұстанған.

Қашықтықты шамалау үшін айта кетейік, аталған Құба ауылы Мәдинадан екі-үш миль жерде орналасқан.

  1. 1Тирмизи, «Жұма», № 502.
  2. 2№ 2859 риуаятты қараңыз.
2857
Кутуб ситтә, № 2857 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ أَدْرَكَ رَكْعَةً مِنَ الْجُمُعَةِ أَوْ غَيْرِهَا فَقَدْ تَمَّتْ صَلَاتُهُ».

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.анһума) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Жұма не басқа намаздың бір рәкатына үлгерген кісі намазына толық үлгерген болады».1

Түсіндірме

Жұма немесе басқа намаздың бір рәкатын имаммен оқып, қалған рәкаттарын жеке аяқтаған кісі намазды жамағатпен түгел оқыған болып саналады, яғни жамағат намазының сауабын алады.

Бұл мәселе № 2830 хадистің түсіндірмесінде кеңірек қарастырылған.

  1. 1Нәсәи, Мәуақит 30, (1, 274, 275).
2858
Кутуб ситтә, № 2858 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: مَنْ أَدْرَكَ مِنْ صَلَاةِ الْجُمُعَةِ رَكْعَةً فَقَدْ أَدْرَكَ». أَخْرَجَهُمَا النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Жұма намазының бір рәкатына үлгерген адам жұмаға үлгерген болады».1

Түсіндірме

Бұл хадис бойынша, жұма намазының бір рәкатын имаммен оқуға үлгерген кісі екінші рәкатын өзі аяқтайды. Осылайша жұма намазының парызын өтеген болып саналады.

  1. 1Нәсәи, Жұма: 41, (3, 112, 113).
2859
Кутуб ситтә, № 2859 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ رَجُلٍ مِنْ أَهْلِ قُبَاءَ عَنْ أَبِيهِ وَكَانَتْ لَهُ صُحْبَةٌ قَالَ: «أَمَرَنَا النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ نَشْهَدَ الْجُمُعَةَ مِنْ قُبَاءَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Құбалық бір кісі Алла елшісімен (с.а.с.) жүздескен әкесінен мына сөзді жеткізеді: «Пайғамбар (с.а.с.) бізге Құбадан келіп, жұма намазына қатысуды бұйырды».1

Түсіндірме

Бұл риуаят № 2856 хадистің түсіндірмесінде қарастырылды.

  1. 1Тирмизи, Намаз: 360, (501).
2860
Кутуб ситтә, № 2860 · тараудағы реті: 13

وَعَنْ أَبِي الْجَعْدِ الضُّمْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ تَرَكَ ثَلَاثَ جُمَعٍ تَهَاوُنًا بِهَا طَبَعَ اللَّهُ تَعَالَى عَلَى قَلْبِهِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Әбул-Жағд әд-Думри (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Кім немқұрайды қарап, үш жұма намазын қалдырса, Алла оның жүрегіне мөр басады».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Намаз», № 1052. Тирмизи, «Жұма», № 500. Нәсәи, «Жұма», № 1369.
2861
Кутуб ситтә, № 2861 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Сәмура ибн Жундуб (р.а.)

وَعَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ تَرَكَ الْجُمُعَةَ مِنْ غَيْرِ عُذْرٍ فَلْيَتَصَدَّقْ بِدِينَارٍ، فَإِنْ لَمْ يَجِدْ فَبِنِصْفِ دِينَارٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сәмура ибн Жундуб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Кім жұма намазын үзірсіз қалдырса, бір динар садақа берсін. Оны таба алмаса, жарты динар берсін».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Намаз: 211, (1053–1054); Нәсәи, Кәффарат: 3, (3, 89); Ибн Мәжа, Иқамат: 93, (1128).
2862
Кутуб ситтә, № 2862 · тараудағы реті: 15

وَعَنْ أَبِي الْمَلِيحِ عَنْ أَبِيهِ وَاسْمُهُ عُمَيْرٌ بْنُ عَامِرٍ الْهُذَلِيُّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ شَهِدَ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ زَمَنَ الْحُدَيْبِيَّةِ فِي يَوْمِ جُمُعَةٍ وَقَدْ أَصَابَهُمْ مَطَرٌ لَمْ يَبُلَّ أَسْفَلَ نِعَالِهِمْ فَأَمَرَهُمْ أَنْ يُصَلُّوا فِي رِحَالِهِمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбул-Мәлих әкесі Умәйр ибн Амир әл-Һузәлиден (р.а.) жеткізеді. Әкесі Худайбия сапарында жұма күні Пайғамбармен (с.а.с.) бірге болған. Сол күні аяқкиімнің табанын суламайтындай ғана жаңбыр жауған. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) әркімге өз тұрған жерінде намаз оқуды бұйырған.1

Түсіндірме

1. Жоғарыда келтірілген соңғы үш хадис жұма намазын үзірсіз қалдыру мәселесіне қатысты. Жұма намазы – Алланың бұйрығы. Оны себепсіз қалдыру Алланың қаһарын туғызатын күнә саналады. Алла елшісі (с.а.с.) оның жазасын «жүрекке мөр басылу» деп сипаттаған. Ғалымдар мұны жүрекке жақсылық жетпей қалуы деп түсіндіреді. Бір риуаятта: «Мұнафықтардың қатарына жазылады», – делінген.

2. Келесі хадис осы ауыр жазаға ұшыраудан қорқып, немқұрайдылығына өкінген адамға жасаған қатесінің өтеу жолын көрсетеді. Өтеу садақа түрінде белгіленген. Дегенмен Ибн Хажар әл-Мәкки бұл сома жұмадан қалған күнәға толық кәффарат бола алмайды дейді. Ол бір хабарда: «Қиямет күніне дейін оған кәффарат жоқ», – делінгенін еске салады. Оның пікірінше, садақа күнәні жеңілдетер деп үміттенуге болады.

Синди садақа беру үкімін ﴿إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّيِّئَاتِ﴾ «Шынында, жақсылықтар жамандықтарды жояды.»2 деген аятпен түсіндіреді. Хадистегі бұйрық садақа берудің абзалдығын білдіреді.

Өзге күнәлар сияқты жұма намазын қалдырғаны үшін де тәубе ету керек. Кісі садақа берсе де, бермесе де, тәубені қалдырмауға тиіс. Күнәнің бар түрін өшіретін ең пәрменді амал – тәубе.

3. Садақаның абзал амал екеніне оның мөлшерін таңдаудың адамның еркіне қалдырылуы дәлел. Бұл хадисте бір динар таба алмағанға жарты динар беруге жол көрсетілген. Әбу Дәуіт жеткізген басқа нұсқада бір не жарты дирһам, я болмаса бір не жарты сағ бидай беруді адамның өзі таңдайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Намаз: 213, (1058, 1059); Нәсәи, Имамат: 51, (2, 111).
  2. 2«Һуд» сүресі, 114-аят.