Хадис

Кутуб ситтә, № 2848

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
389. Жұма намазы
Нөмірі
№ 2848 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
2848
Кутуб ситтә, № 2848 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنِ اغْتَسَلَ يَوْمَ الْجُمُعَةِ غُسْلَ الْجَنَابَةِ ثُمَّ رَاحَ إِلَى الْجُمُعَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ بَدَنَةً، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الثَّانِيَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ بَقَرَةً، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الثَّالِثَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ كَبْشًا أَقْرَنَ، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الرَّابِعَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ دَجَاجَةً، وَمَنْ رَاحَ فِي السَّاعَةِ الْخَامِسَةِ فَكَأَنَّمَا قَرَّبَ بَيْضَةً. فَإِذَا خَرَجَ الْإِمَامُ حَضَرَتِ الْمَلَائِكَةُ يَسْتَمِعُونَ الذِّكْرَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Кім жұма күні жүніптіктен тазарғандағыдай ғұсыл алып, жұма намазына ерте барса, түйе құрбан шалғандай сауап алады. Екінші мезгілде барған адам – сиыр, үшінші мезгілде барған адам – мүйізді қошқар, төртінші мезгілде барған адам тауықты құрбан шалғандай сауап алады. Бесінші мезгілде барған адамға жұмыртқа садақа еткендей сауап жазылады. Имам мінберге шыққанда, періштелер келіп, зікірді тыңдайды».1

Түсіндірме

1. Хадис жұма намазының өзге намаздарға тән болмаған бір артықшылығын көрсетеді.

Жұмаға ертерек келуге ұмтылған адам мал-мүлкімен де, денесімен де атқарылатын құлшылықтың сауабын алады. Осылайша жұма намазы екі түрлі ғибадаттың сауабын біріктіреді. Бұл – жұма намазының өзіне тән артықшылығы.

2. «Кімде-кім ғұсыл алса» деген сөз жалпы айтылғандықтан, ер мен әйелді, жас пен кәріні, азат адам мен құлды түгел қамтиды.

3. Хадис жүніптіктен тазарғанда құйынатын ғұсылды меңзеп тұр. Яғни ауыз бен мұрынға да су тигізіп, тұла бойын түгел жуады.

Бірқатар ғалымның пікірінше, бұл тіркес ерлі-зайыптылардың жұма күні жақындасуына да ишарат етеді. Мұның даналығы – нәпсіні адал жолмен тыйып, намазға бара жатқанда көзді орынсыз нәрсеге салудан сақтану. Сонда әйел де сол күні ғұсыл алады.

4. Хадистегі قَرَّبَ сөзін «құрбан шалу» деп аудардық. Мұндағы мақсат – Аллаға жақындап, Оның разылығына бөлену үшін түйе, сиыр, қой немесе тауық сойып, садақа тарату. Мал құрбандыққа сойылады. Ал жұмыртқа сойылмайды, тауық та шариғаттағы құрбандық малдың қатарына жатпайды. Сол себепті хадистегі бұл сөздің аясына садақа ету, Аллаға бағыштау деген мағыналар да кіреді.

Хадистегі түйе, сиыр, қошқар, тауық пен жұмыртқа арқылы берілген мысалды кей ғалымдар сыртқы мағынасында түсіндірген. Олардың айтуынша, жұмаға ерте келген адамның сауабы көзге көрінетін денеге енсе, хадисте аталған нәрселердің кейпінде болар еді. Енді бір ғалымдар бұл мысал ерте және кеш келгендердің сауабындағы айырманың қаншалық үлкен екенін көрсетеді деген. Мәселен, бірінші мезгілде келген мен екінші мезгілде келгеннің сауабы түйе мен сиырдың арасындағы айырмадай.

5. Мауәрди «Имам мінберге шыққанда, періштелер келіп, зікірді тыңдайды» деген сөзден құтбашының мінберге ерте шығуы мұстахаб еместігін түйген. Бұған жауап бергендер имамның мешітке ерте келуі мен мінберге шығуын екі бөлек қарастырған. Имам ерте келіп, арнайы орнында күтеді де, құтба уақыты кіргенде ғана мінберге шығады.

6. Хадис жұма күні ғұсыл алуға үндейді.

7. Жұма күнінің және жұма намазына ерте келудің артықшылығы баяндалған.

8. Адамдардың дәреже айырмасы амалдарына байланысты.

9. Шариғатта аз садақаның да қадірі бар.

10. Түйені құрбан шалу арқылы Аллаға жақындау сиыр шалғаннан абзал. Бұл үкімге қажылықта шалынатын һәди құрбандығы жөнінде ғалымдар бірауыздан келіскен. Басқа құрбандықтар жөнінде пікірлері әртүрлі болғанымен, басым көпшілігі оларда да түйе шалу абзал деген.

11. Хадистегі бес мезгіл

Хадисте мешітке алғашқы мезгілден бесінші мезгілге дейін келгендерге бес дәреже көрсетілген. Бір топ ғалым ерте келген мен кеш келген адамның сауап айырмасын нақты мысалмен көрсету арқылы жұмаға ертерек келуге ынталандыру көзделгенін айтқан. Өзгелері бұдан басқа мағына іздеген. Таластың егжей-тегжейіне тоқталмай, Алла елшісінің (с.а.с.) хадистеріне білім мен иман тұрғысынан зер салғанда ашылатын нәзік мағыналарды аңғарту үшін ғалымдардың бірнеше жорамалын келтіреміз.

Ибн Хажар кейбір пікір айырмасына тоқталып, хадистің бұл нұсқасында алты мезгіл болуы, ал жеткізушінің біреуін атамай кетуі мүмкін дейді. Бұған дәлел ретінде Нәсәидің бір риуаятында тауық пен жұмыртқаның арасына торғай дәрежесі қосылғанын еске салады. Осы қосымшаны қуаттайтын өзге де риуаяттар бар. Бұл нұсқаға сүйенсек, имамның шығуы алтыншы мезгілдің соңына келеді. Бұл жорамалдарда «сағат» сөзі әдеттегі өлшем мағынасында ұғынылған. Қаффал бұлай түсінуге қарсылық білдірген. Оның айтуынша, онда үкім қыс пен жазда өзгеше болар еді, өйткені қысқа күн он сағаттай, ұзақ күн он төрт сағаттай созылады.

Қади Хусейін бұған былай жауап берген: «Мұндағы сағаттардың саны күн ұзарып-қысқарғанда да өзгермейді. Күндіз он екі сағат болады, бірақ әр сағаттың ұзақтығы өзгеріп отырады. Түн де солай. Уақыт өлшемін зерттеген ғалымдар бұларды “маусымдық сағаттар” деп атайды».

Әбу Дәуіт пен Нәсәи Жәбирден: «Жұма күні – он екі сағат», – деген риуаят жеткізген. Бұл сөз жұмаға ерте бару жөніндегі хадисте емес, дұға қабыл болатын мезетті іздеуге үндеген хадисте айтылған. Кейбір ғалымдар ерте келгендердің дәрежесін білдіретін бес мезгілді таң атқаннан күн тас төбеге көтерілгенге дейінгі уақытқа бөлген. Ғазали оларды былай белгілеген: «Бірінші мезгіл – күн шыққанға дейін, екіншісі – күн көтерілгенге дейін, үшіншісі – күннің шуағы жайылғанға дейін, төртіншісі – жер табан күйдірердей қызғанға дейін, бесіншісі – сәскеден күн ауғанға дейін».

Ибн Дақиқ әл-Ид Ғазалидің бұл жіктеуіне қарсылық білдірген: «Хадистегі сағаттарды көпшілікке белгілі сағат өлшемімен түсіндірген орынды. Әйтпесе ұзақтығы әртүрлі бес мезгілді дәл осы санмен атаудың мәні қалмайды».

Шафиғи және Мәлики ғалымдарының бір тобы жұмадағы «сағаттар» деп бес қысқа мезгілді түсіндірген. Олардың пікірінше, алғашқысы күн тас төбеден ауғанда, соңғысы имам құтба айту үшін мінберге отырғанда болады.

Бұл пікірді жақтағандар екі дәлел келтіреді.

1) «Сағат» сөзі жалпылама қолданылса, белгілі бір ұзақтықты білдірмейді. Мысалы, «Пәлен сағатта келдім» дегенді «Белгілі бір мезгілде келдім» деп түсінеміз.

2) Хадисте «бару» мағынасында رَاحَ («раха») етістігі қолданылған. Бұл жұмаға бару мезгілі күн тас төбеден ауғанда басталатынын аңғартады. Тілде «рауах» күн ауғаннан күн батқанға дейінгі жүрісті, ал «ғудуу» таңертеңнен күн ауғанға дейінгі жүрісті білдіреді.

Бұған қарсы пікір айтқандар арабтардың «рауах» сөзін тәуліктің кез келген уақытындағы жүріске де қолданатынын алға тартқан. Ибн Хажар хадистің өзге нұсқаларында «рауахтың» орнына «ғудуу» және басқа да сөздер келгенін мысалмен көрсеткен.

Хадистегі «сағаттар» сөзін ғалымдар осылайша әртүрлі түсіндірген.

  1. 1Бұхари, Жұма: 4, 19; Мүслим, Жұма: 10, (850); Муатта, Жұма: 1, (1, 101); Әбу Дәуіт, Таһарат: 129, (351); Тирмизи, Намаз: 358, (499); Нәсәи, Жұма: 14, (3, 99); Ибн Мәжа, Иқамат: 82, (1092).