Хадис

Кутуб ситтә, № 2851

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
389. Жұма намазы
Нөмірі
№ 2851 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
2851
Кутуб ситтә, № 2851 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр (р.а.)

وَعَنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَحْضُرُ الْجُمُعَةَ ثَلَاثَةُ نَفَرٍ: فَرَجُلٌ حَضَرَهَا يَلْغُو وَهُوَ حَظُّهُ مِنْهَا، وَرَجُلٌ حَضَرَهَا يَدْعُو، فَهُوَ رَجُلٌ دَعَا اللَّهَ إِنْ شَاءَ أَعْطَاهُ وَإِنْ شَاءَ مَنَعَهُ، وَرَجُلٌ حَضَرَهَا بِإِنْصَاتٍ وَسُكُوتٍ وَلَمْ يَتَخَطَّ رَقَبَةَ مُسْلِمٍ وَلَمْ يُؤْذِ أَحَدًا، فَهِيَ كَفَّارَةٌ لَهُ إِلَى الْجُمُعَةِ الَّتِي تَلِيهَا وَزِيَادَةُ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ، وَذَلِكَ بِأَنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَقُولُ: مَنْ جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا».

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.анһума) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Жұма намазына үш түрлі адам келеді. Бірі келіп, бос сөз айтады. Жұмадан алар үлесі – сол сөзі. Екіншісі келіп, Аллаға дұға етеді. Алла қаласа, тілегін береді, қаласа, бермейді. Үшіншісі үндемей, құлақ қойып тыңдайды, ешбір мұсылманның мойнынан аттамайды, ешкімге жапа шектірмейді. Оның бұл жұмасы келесі жұмаға дейінгі және оған қосылған үш күннің күнәларына кәффарат болады. Өйткені Алла Тағала ﴿مَنْ جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا﴾ “Кімде-кім Алланың алдына бір ғана жақсылықпен келсе, оған сол жақсылығы үшін он есе сауап жазылады.”1 деген».2

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте жұма намазына келудің әдебін көрсетіп, жамағатты үш топқа бөледі.

1) Бірінші топ – жұма намазына келіп, бос сөз сөйлейтіндер. Алдымен ойға құтба үстінде сөйлейтіндер келеді. Дегенмен № 2778, № 2782 және № 2834 хадистерде айтылғандай, кісі намазды ниет етіп, үйден шыққаннан бастап намаз үстінде болып саналады. Сондықтан адам жұмаға бармақ болып үйінен шыққан сәттен бос сөзден тыйылып, зікір айтып не үнсіз жүруге, ал құтба басталғанда оны мұқият тыңдауға тиіс. Құтбаға осылай құлақ қоюды «инсат» дейді.

«Бос сөз» деп аударған «лағу» ұғымы жұма әдебіне сыймайтын кез келген сөзді қамтиды. Әбу Дәуіт жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Жұма күні имам құтба айтып тұрғанда қасыңдағы адамға “Үндеме!” десең, бос сөз айтқан боласың», – деген. Ғалымдар жұрттың арасына қыстырылу, үстінен аттап өту секілді жамағатқа жапа шектіретін амалдарды да лағуға жатқызған. Ибн Хажар мына түсіндірмелерді келтіреді. Ахфаш күмәнді, өтірік, негізсіз сөзді лағу деген. Ибн Арафа орынсыз сөзді де осыған жатқызған. Зәйн ибн әл-Мунир тәпсіршілердің лағуды «жағымсыз, нашар сөз» деп бірауыздан түсіндіргенін айтады.

Демек, құтба үстінде сөйлеген, жұртты аттап өткен немесе қатар отырған екі адамның арасына қыстырылып, басқалардың мазасын алған кісіге жұмадан сол жапасы ғана үлес болып қалады. Алла елшісі (с.а.с.) жамағатқа қандай жағдайда да жапа шектіруге қатаң тыйым салған. Ибн Хажар әл-Мәккидің түсіндіруінше, құтба кезінде бос сөз айтқан адам жұма намазының сауабын толық ала алмайды.

2) Екінші топ – құтба үстінде дұға ететіндер. Дұға өз алдына зікір әрі ғибадат саналады. Құтба үстінде мұқият тыңдау бұйырылғандықтан, сол сәтте тыңдауға бөгет болатын дұғаны қоя тұрған абзал.

Алла тағала мұндай кісінің құтба үстінде жасаған дұғасын рақым етіп, қабыл алуы да мүмкін. Үндемей отырып, құтбаны мұқият тыңдау әдебін сақтамағаны үшін дұғасы қабыл болмай қалуы да мүмкін.

3) Үшінші топ – басқалардың үстінен аттамай, ешкімнің мазасын алмай жайғасып, құтбаны үнсіз тыңдайтындар. Ғалымдар жұрттың мазасын алатын әрекеттерге орынсыз тұруды, жанындағы адамға сүйенуді, біреудің жайнамазын рұқсатсыз пайдалануды, лас жүруді және жағымсыз иіс шығаруды да жатқызған.

Хадисте құлақ қойып тыңдау мен үнсіздік қатар аталады. Кей ғалымдар мағыналары жақын болғандықтан, екіншісі біріншісін күшейтеді дейді. Енді бір түсінік бойынша, «инсат», яғни құлақ қою мінберге жақын отырғандарға, ал үнсіздік мінберден алыс отырғандарға көбірек қатысты. Имамды анық ести алмай, құтбаға ілесе алмаған кісі де үндемей отырады.

Хадистің бұл бөлігі де жұма күні мешітке ерте баруға үндейді. Ерте келгендер мінберге жақын, алдыңғы саптардан орын алады. Олар жұрттың үстінен аттап не арасына қыстырылып, ешкімге жапа шектірмей, құтбаға мұқият құлақ қоя алады.

4) «Оның бұл жұмасы» деп аударылған هِيَ есімдігіне аталған әдептер де, құтба мен намаз да кіреді. Осылайша әдебі сақталып, толық орындалған жұма намазы адамның он күндік кіші күнәларына кәффарат болады.

Хадистің сыртқы мағынасына қарағанда, бұл мерзімді «алдағы он күн» деп түсінуге болады. Өзге риуаяттар бойынша, кәффарат бұдан бұрынғы жұмаға дейінгі күндер мен оған дейінгі тағы үш күнді, яғни өткен он күнді қамтиды. Алла елшісі (с.а.с.) әдебі сақталған жұма намазының осы мерзімдегі күнәларды өтейтініне Құраннан дәлел келтіріп, мүміннің көңілін орнықтырады.

  1. 1«Әнғам» сүресі, 160-аят.
  2. 2Әбу Дәуіт, Намаз: 235, (1113).