عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّيْنَا الظُّهْرَ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْمَدِينَةِ أَرْبَعًا. وَخَرَجَ يُرِيدُ مَكَّةَ فَصَلَّى بِذِي الْحُلَيْفَةِ الْعَصْرَ رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Мәдинада Алла елшісімен (с.а.с.) бірге бесінді төрт рәкат оқыдық. Ол Меккеге жолға шығып, Зұлхуләйфаға жеткенде екінтіні екі рәкат оқыды».1
Түсіндірме
1. Бұхари бұл хадисті бірнеше тарауда келтіреді. «Намазды қысқарту» кітабында осы хадис алғаш келтірілген тарау «Сапарға шыққан кісі елді мекеннен шығысымен намазын қысқартады» деп аталады. Бұл жерде Алла елшісінің (с.а.с.) Меккеге бет алып, Мәдинадан шыққан соң Зұлхуләйфаға жеткені айтылады. Бесінді Мәдинада, екінтіні Зұлхуләйфада оқығанына қарағанда, екі жердің арасы алыс болмаған. Зұлхуләйфа Мәдинадан алты миль жерде орналасқан.
Ибн әл-Мунзир: «Сапарға шыққан адамның елді мекеннің шеткі үйлерінен өте салысымен намазын қысқартып оқитынына ғұламалар бірауыздан келіскен», – дейді.
Шеткі үйлерден өтпей тұрып намазды қысқартуға бола ма деген мәселеде пікір алшақтығы бар. Ғалымдардың көпшілігі жолаушы елді мекендегі соңғы үйлерден өтуі керек деген. Куфа ғалымдарының бір тобы: «Сапарға ниет еткен кісі үйінде болса да, намазын екі рәкат етіп оқиды», – десе, екінші бір тобы: «Көлігіне мінген соң, қаласа, намазын қысқартады», – деген.
Ибн Хажар: «Алла елшісінің (с.а.с.) сапарға ниеттеніп, Мәдинадан әлі шықпай тұрып намазын қысқартып оқығанына мысал білмеймін», – дейді.
2. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, жақын жерге шыққан адамның да намазын қысқартып оқуына болады деген. Бұл пікірге мынадай уәж айтылған: «Пайғамбар (с.а.с.) Зұлхуләйфаға баруды көздегендіктен намазын қысқартқан жоқ. Ол Меккеге бет алған еді. Зұлхуләйфа – жолдағы алғашқы аялдама. Сол жерге дейін келесі намаздың уақыты кірмеген. Намаздың уақыты кіргенде Алла елшісі (с.а.с.) сол алғашқы аялдамаға тоқтап, намазын қысқартып оқыды».
3. Бұл хадис Мужаһидтің «Жолаушы түн түспейінше намазын қысқартпайды» деген пікіріне де қарсы дәлел.
- 1Бұхари, «Тақсир әс-салат», 5, «Хаж», 24, 25, 27, 117, 119, «Жиһад», 104, 126. Мүслим, «Салат әл-мусафирин», 11 (№ 690). Әбу Дәуіт, «Салат», 271 (№ 1202). Тирмизи, «Салат», 391 (№ 546). Нәсәи, «Салат», 17 (1/237).