وَعَنْ مَالِكٍ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا كَانَ يَقْصُرُ الصَّلَاةَ فِي مِثْلَ مَا بَيْنَ مَكَّةَ وَالطَّائِفِ، وَفِي مِثْلِ مَا بَيْنَ مَكَّةَ وَعُسْفَانَ، وَفِي مِثْلِ مَا بَيْنَ مَكَّةَ وَجِدَّةَ. قَالَ مَالِكٌ: وَذَلِكَ أَرْبَعَةُ بُرُدٍ». «الْبُرُدُ» جَمْعُ بَرِيدٍ، وَالْبَرِيدُ اثْنَا عَشَرَ مِيلًا، وَقِيلَ سِتَّةَ أَمْيَالٍ.
Имам Мәликке жеткен риуаят бойынша, Ибн Аббас (р.а.) Мекке мен Тайфтың, Мекке мен Усфанның және Мекке мен Жидданың арасындай қашықтықта намазын қысқартып оқитын. Мәлик: «Бұл қашықтық – төрт бәрид», – дейді. «Буруд» – «бәрид» сөзінің көпше түрі. Бір бәрид он екі мильге тең. Оны алты миль деген пікір де бар.1
Түсіндірме
1. Бұл – Имам Мәликтің «бәләғат» деп аталатын, жеткізушілер тізбегі түсірілген мұғаллақ хадистерінің бірі.
Әбул-Уәлид әл-Бажи: «Мәлик сахабалардың іс-әрекетін баяндайтын мұндай риуаяттарды көп жеткізген. Өйткені оның пайымынша, бұл риуаяттарда баяндалған істер Пайғамбарымыздың (с.а.с.) іс-әрекетінен алшақ емес», – дейді.
Ибн Хажар Дарақутнидің Ибн Аббастан жеткізген мәрфуғ риуаятының мәтінін былай келтіреді: «Уа, Мекке тұрғындары! Төрт бәридтен, яғни Мекке мен Усфанның арасынан қысқа сапарда намаздарыңды қысқартпаңдар!»
2. «Буруд» – «бәрид» сөзінің көпше түрі. Бәрид – қашықтық өлшемі. Бір бәрид төрт фарсахқа немесе он екі мильге тең делінген.2 Зурқани Ибн Аббастан намазды қысқартуға негіз болатын қашықтық туралы мына риуаяттарды да келтіреді: «Намаз бір күндік жолда ғана қысқартылады. Одан қысқа жолда қысқартылмайды». «Намаз бір күн, бір түн жүретін жолда қысқартылады…»
Зурқани бұл риуаяттарды: «Төрт бәрид жолды бір күнде жүріп өтуге болады», – деп ұштастырады.
Демек, Ибн Аббастың пікірінше, намазды қысқартуға негіз болатын қашықтық – он алты фарсах немесе қырық сегіз миль. Осындай алыс жерге бет алған адам елді мекеннің шеткі үйлерінен асқан бойда жолаушы саналады да, намазын қысқартып оқи алады.
Зурқани Имам Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал және бір топ ғалым осы пікірді ұстанғанын айтады. Содан соң Ибн әл-Қасымның мына сөзін келтіреді: «Имам Мәлик “Намазды қысқартуға негіз болатын қашықтық – бір күн, бір түн жүретін жол” деген бұрынғы пікірінен қайтқан».