Хадис

Сапарда екі намазды қосып оқу

Кутуб ситтә, 7-том, 395-тарау · 9 хадис · № 2910–2918

Хадистер

2910
Кутуб ситтә, № 2910 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا ارْتَحَلَ قَبْلَ أَنْ تَزِيغَ الشَّمْسُ أَخَّرَ الظُّهْرَ إِلَى وَقْتِ الْعَصْرِ ثُمَّ يَنْزِلُ فَيَجْمَعُ بَيْنَهُمَا. وَإِنْ زَاغَتِ الشَّمْسُ قَبْلَ أَنْ يَرْتَحِلَ صَلَّاهُمَا ثُمَّ ارْتَحَلَ».

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) күн төбеден аумастан жолға шықса, бесінді екінті уақытына дейін кешіктіретін. Екінтінің уақыты кіргенде аялдап, екі намазды қосып оқитын. Ал жолға шығардан бұрын күн төбеден ауып, бесіннің уақыты кірсе, екі намазды да оқып алып, содан соң жолға шығатын».

2911
Кутуб ситтә, № 2911 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ: «إِذَا كَانَ عَجِلَ عَلَيْهِ السَّيْرُ يُؤَخِّرُ الظُّهْرَ إِلَى وَقْتِ الْعَصْرِ وَيَجْمَعُ بَيْنَهُمَا وَيُؤَخِّرُ الْمَغْرِبَ حَتَّى يَجْمَعَ بَيْنَهَا وَبَيْنَ الْعِشَاءِ حِينَ يَغِيبُ الشَّفَقُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта былай делінген: «Жолда асығу керек болса, бесінді екінті уақытына дейін кешіктіріп, екеуін қосып оқитын. Сол сияқты ақшамды кешіктіріп, көкжиектегі шапақ сөнгенде құптанмен қосып оқитын».1

Түсіндірме

1. Әнәстен (р.а.) екі нұсқада жеткен риуаятқа қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) сапарда бесінді кешіктіріп, екінті уақытында екеуін бірге оқыған. Бірінші нұсқада мұны бесіннің уақыты кірмей жолға шыққанда, екіншісінде жолда асыққанда істегені айтылады.

Бесінді кешіктіріп екінтімен немесе ақшамды кешіктіріп құптанмен қосып оқу «жамғ таһир» деп аталады. Имам Шафиғи сапарда осы риуаятты негізге алған. Әбу Ханифа мұны ақшамды өз уақытының соңында, құптанды өз уақыты кірген бойда оқу деп түсіндірген. Оның пікірінше, әр намаз өз уақытында оқылады.

2. Бұл хадистер екі намазды екіншісінің уақытында қосып оқуға болатынын көрсетеді. Ғалымдардың бір тобы осыған сүйеніп, «жамғ тақдимді», яғни екі намазды біріншісінің уақытында қосып оқуды құптамаған. Алайда Ибн Раһуия келтірген бір риуаятта: «Алла елшісі (с.а.с.) күн төбеден ауған кезде жолға шығатын болса, бесін мен екінтіні бесін уақытында қосып оқып алып, содан соң жолға шығатын», – делінген. Ибн Хажар осы мәселені зерттегенде, Тирмизи, Әбу Дәуіт, Ахмад ибн Ханбал және Ибн Хиббан Муаз ибн Жәбәлдан келтірген риуаяттарды, сондай-ақ Ахмад ибн Ханбал мен Әбу Дәуіт (тағлиқ түрінде) Ибн Аббастан келтірген риуаяттарды атайды. Ірі мұхаддистер бұл риуаяттарды әлсіз санағандықтан, оларды негізге алмаған.

Сапарда намаздарды қосып оқу туралы риуаяттар көп әрі олардың мазмұны мен түсіндірмелері әртүрлі. Сондықтан ғұламалар мынадай пікірлер айтқан:

1) Кейбір имамдар сапарда бесін мен екінтіні, сол сияқты ақшам мен құптанды екеуінің бірінің уақытында қосып оқуға болады деген. Мұны Әли, Сағд ибн Әбу Уаққас, Муаз ибн Жәбәл, Әбу Мұса әл-Ашғари (р.а.) және басқа сахабалардан жеткен риуаяттар растайды. Табиғиндер мен олардан кейінгі буыннан Ата, Таус, Мужаһид, Сәури және басқалар, сондай-ақ Имам Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ осы пікірде болған. Алайда Ибн Хажар Шафиғидің «Намаздарды бөлек оқыған абзал» дегенін, ал Имам Мәликтің бір риуаятта қосып оқуды мәкрүһ санағанын айтады.

2) Әузағи екі намазды қосып оқуға үзірі бар кісіге рұқсат берілетінін айтқан.

3) Имам Мәлик екі намазды тек асығыс сапарда қосып оқуға болады деген. Сахабалардан Абдулла ибн Омар мен Усама ибн Зәйд (р.а.) те осы пікірде болған.

4) Мәликилерден Ибн Хабиб екі намазды сапарға шығарда қосып оқуға рұқсат берген.

5) Имам Мәликтен екі намазды қосып оқу мәкрүһ деген пікір де жеткен.

6) Ибн Хазм «жамғ таһирге», яғни екі намазды екіншісінің уақытында қосып оқуға рұқсат беріп, «жамғ тақдимге» рұқсат бермеген. Имам Ахмад пен Мәликтен де осы пікір риуаят етілген.

7) Ханафи ғұламалары: «Сапарда екі намазды қосып оқуға болмайды. Қажылықта Арафатта бесін мен екінті бесіннің уақытында қосылып оқылады. Бұл – жамғ тақдим. Мұздалифада ақшам кешіктіріліп, құптанның уақытында онымен бірге оқылады. Бұл – жамғ таһир», – деген. Осы пікір Абдулла ибн Мәсғуд, Сағд ибн Әбу Уаққас және Абдулла ибн Омар (р.а.) сияқты сахабалардан да жеткен. Сәлафтардан Хасан Басри, Ибн Сирин, Ибраһим Нахағи және Әсуад осылай деген. Имам Мәлик те бір риуаятта осы пікірді таңдаған.

Ханафи мәзһабы сүйенген Ибн Мәсғуд пен Ибн Аббастың (р.а.) риуаяттары төменде берілген (№ 2914 және № 2916).

8) Фақиһтар намазды қосып оқу туралы Ибн Аббастың тағы бір риуаятын амалға негіз етпеген. Онда Алла елшісінің (с.а.с.) тұрғылықты кезінде, белгілі бір себепсіз екі намазды қосып оқығаны айтылады. Ол – осы тараудың соңындағы № 2918 хадис.

  1. 1Бұхари, «Тақсир әс-салат», 15–16. Мүслим, «Салат әл-мусафирин», 46 (№ 704). Әбу Дәуіт, «Салат», 274 (№ 1218, 1219). Нәсәи, «Мәуақит», 42 (1/284–285).
2912
Кутуб ситтә, № 2912 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَجْمَعُ بَيْنَ صَلَاتَيِ الظُّهْرِ وَالْعَصْرِ إِذَا كَانَ عَلَى ظَهْرِ سَيْرٍ وَيَجْمَعُ بَيْنَ الْمَغْرِبِ وَالْعِشَاءِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сапарда бесін мен екінтіні, ақшам мен құптанды қосып оқитын».1

  1. 1Бұхари, Тақсирус-Салат: 13.
2913
Кутуб ситтә, № 2913 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «صَلَّى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْمَغْرِبَ وَالْعِشَاءَ بِالْمُزْدَلِفَةِ جَمِيعًا كُلَّ وَاحِدَةٍ مِنْهُمَا بِإِقَامَةٍ وَلَمْ يُسَبِّحْ بَيْنَهُمَا وَلَا عَلَى أَثَرِ وَاحِدَةٍ مِنْهُمَا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мұздалифада ақшам мен құптанды қосып оқыды. Әрқайсысына жеке қамат айтты. Екі намаздың арасында да, соңдарынан да нәпіл оқымады».1

Түсіндірме

Мұздалифа – Мина мен Арафат арасындағы уақфа орны. Арафа күні ақшамның уақыты кіргенде, қажылар намаз оқымай Арафаттан шығып, Мұздалифаға келеді. Мұнда ақшамды кешіктіріп, құптанмен бірге оқиды. Осы хадисте бұл екі намаздың қалай оқылатыны баяндалған.

а) Намаздар бірінен соң бірі оқылғанымен, әрқайсысына бөлек қамат айтылады.

ә) Нәпіл намаз оқылмайды. Хадисте «нәпіл» орнына «тәсбих» сөзі келген. Түсіндірме жазған ғалымдардың айтуынша, мұнда «тәсбих» сөзімен нәпіл намаз меңзелген. Яғни Алла елшісі (с.а.с.) ақшамнан кейінгі де, құптаннан кейінгі де нәпілдерді сол сәтте оқымаған. Оларды түнде оқыған болуы мүмкін. Сондықтан ғұламалар: «Ақшам мен құптанның нәпілдерін кейін оқуға болады», – деген.

Ибн әл-Мунзир: «Ғұламалар Мұздалифада ақшам мен құптанның арасында нәпіл оқылмайтынына бірауыздан келіскен. Өйткені екі намаз бірінен соң бірі жалғасып оқылады. Арасына нәпіл қосқан кісі сол жалғастықты бұзады», – дейді.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 93, 96. Мүслим, «Салат әл-мусафирин» (№ 703), «Хаж» (№ 1288). Мәлик, «Муатта», «Хаж», 196 (1/400). Әбу Дәуіт, «Мәнасиқ», 65 (№ 1926–1933). Тирмизи, «Хаж», 56 (№ 887, 888). Нәсәи, «Мәуақит», 49 (1/291).
2914
Кутуб ситтә, № 2914 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَا رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ صَلَّى صَلَاةً لِغَيْرِ مِيقَاتِهَا إِلَّا صَلَاتَيْنِ، جَمَعَ بَيْنَ الْمَغْرِبِ وَالْعِشَاءِ بِالْمُزْدَلِفَةِ، وَصَلَّى الْفَجْرَ يَوْمَئِذٍ قَبْلَ مِيقَاتِهَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) әдеттегі уақытынан басқа мезгілде оқыған екі намазын ғана көрдім. Ол Мұздалифада ақшам мен құптанды қосып оқыды, сол күні таң намазын да әдеттегіден ерте оқыды».1

Түсіндірме

Ханафилер Арафа күні Арафатта және одан соң Мұздалифада оқылатын намаздардан өзге намаздарды қосып оқуды құптамайды. Олар Ибн Мәсғудтың (р.а.) осы хадисіне сүйенеді. Қосып оқуға болады деген ғалымдар: «Бір істі көріп, риуаят еткен адамның сөзі ол жайында хабарсыз адамның сөзіне қарағанда дәлел болады», – деп, Ибн Аббас, Ибн Омар, Әнәс (р.а.) және басқа сахабалардың риуаяттарын келтіреді. Солардың бір бөлігі жоғарыда берілді.2

  1. 1Бұхари, «Хаж», 97, 99. Мүслим, «Хаж», 292 (№ 1289). Әбу Дәуіт, «Мәнасиқ», 65 (№ 1934). Нәсәи, «Мәуақит», 49 (1/291–292).
  2. 2№ 2910–2913 хадистер.
2915
Кутуб ситтә, № 2915 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ جَعْفَرٍ بْنِ مُحَمَّدٍ، عَنْ أَبِيهِ، قَالَ: «صَلَّى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الظُّهْرَ وَالْعَصْرَ بِأَذَانٍ وَاحِدٍ وَإِقَامَتَيْنِ بِعَرَفَةَ وَلَمْ يُسَبِّحْ بَيْنَهُمَا، وَصَلَّى الْمَغْرِبَ وَالْعِشَاءَ بِجَمْعٍ بِأَذَانٍ وَاحِدٍ وَإِقَامَتَيْنِ وَلَمْ يُسَبِّحْ بَيْنَهُمَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жағфар ибн Мұхаммед әкесінен мына риуаятты жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Арафатта бесін мен екінтіні бір азан және екі қаматпен оқыды. Араларында нәпіл оқымады. Мұздалифада ақшам мен құптанды да бір азан және екі қаматпен оқыды. Олардың арасында да нәпіл оқымады».1

Түсіндірме

сін № 2913 хадистен қараңыз.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнасиқ», 57 (№ 1906).
2916
Кутуб ситтә, № 2916 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ جَمَعَ بَيْنَ الصَّلَاتَيْنِ مِنْ غَيْرِ عُذْرٍ فَقَدْ أَتَى بَابًا مِنْ أَبْوَابِ الْكَبَائِرِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَضَعَّفَهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Үзірсіз екі намазды қосып оқыған кісі үлкен күнәлардың біріне барған болады»1. Тирмизи бұл риуаятты әлсіз деп бағалаған.

Түсіндірме

Тирмизи ғалымдардың осы хадиске сүйеніп, сапар мен Арафаттан тыс жерде екі намазды қосып оқуға пәтуа бермегенін айтады. Ханафилер сапарды үзірге жатқызбай, осы хадиспен амал етеді. Олардың пікірінше, сапарда екі намазды қосып оқуға болмайды. Шафиғилер сапарды үзір санап, сапарда қосып оқуға болады деген. Мұның түсіндірмесі жоғарыда берілді.2

  1. 1Тирмизи, Салат: 138, (188).
  2. 2№ 2911 хадистің түсіндірмесі.
2917
Кутуб ситтә, № 2917 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْمَدِينَةِ سَبْعًا وَثَمَانِيًا الظُّهْرَ وَالْعَصْرَ وَالْمَغْرِبَ وَالْعِشَاءَ. قَالَ أَيُّوبُ: لَعَلَّهُ فِي لَيْلَةٍ مَطِيرَةٍ؟ قَالَ عَسَى». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَزَادَ فِي رِوَايَةِ الشَّيْخَيْنِ: «قِيلَ لِلرَّاوِي عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ أَظُنُّهُ أَخَّرَ الظُّهْرَ وَعَجَّلَ الْعَصْرَ وَأخَّرَ الْمَغْرِبَ وَعَجَّلَ الْعِشَاءَ. قَالَ: وَأَنَا أظُنُّ ذَلِكَ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинада жеті және сегіз рәкат етіп, ақшам мен құптанды, бесін мен екінтіні қосып оқыды». Әйюб әс-Сахтияни: «Бәлкім, жаңбырлы түн болған шығар?» – дегенде, Әбу әш-Шағса: «Мүмкін», – деп жауап берді.1

«Сахихайндағы» нұсқада мына сөздер қосылған: «Ибн Аббастан жеткізген рауиден: “Бесінді кешіктіріп, екінтіні ертерек, ақшамды кешіктіріп, құптанды ертерек оқыған шығар деп ойлаймын. Сен не дейсің?” – деп сұрады. Ол: “Мен де солай ойлаймын”, – деді».

Түсіндірме

1. Жеті және сегіз рәкаттың мәні мынадай:

• Сегіз рәкат – бесіннің төрт және екінтінің төрт рәкат парызы.

• Жеті рәкат – ақшамның үш және құптанның төрт рәкат парызы.

2. Хадистің соңында бесін мен екінтінің, ақшам мен құптанның қалай қосылып оқылғаны түсіндіріледі. Алғашқы намаз өз уақытының соңына шегеріледі де, екіншісі уақыты кіре сала оқылады. Бесіннің соңы мен екінтінің басы, сол сияқты ақшамның соңы мен құптанның басы іргелес жатады.2 Осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда айтылған Әбу Ханифаның пікірі орынды. Шафиғидің түсіндірмесінде екі намаздың уақытын біріктіріп оқу көзделеді.

3. Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинада екі намазды үзірлі жағдайда қосып оқыған болуы мүмкін. Кейбіреулер сол күні жаңбыр жауғанын айтқан. Келесі риуаятта Имам Мәлик осы болжамды алға тартады. Кей ғалымдар Пайғамбарымыз (с.а.с.) сырқат болған шығар деген. Ибн Хажар мұны әлсіз болжам деп санайды. Өйткені сырқат болғанда, Алла елшісі (с.а.с.) сау адамдарға намаздарын әдеттегіше оқуды бұйырар еді. Ибн Хажар тағы бір болжамды келтіреді: «Күн бұлтты болып, Алла елшісі (с.а.с.) бесінді оқыған соң бұлт сейілген. Екінтінің уақыты кіріп кеткені сонда мәлім болып, екінтіні бірден оқыған». Нәуәуи: «Бұл қисынсыз. Бесін мен екінтіде осылай болуы мүмкін дегеннің өзінде, ақшам мен құптанда бұлай болмайды», – дейді. Ибн Хажардың айтуынша, бұрынғы және кейінгі ғұламалардың көпшілігі қосып оқуды бірінші намазды өз уақытының соңына шегеріп, екінші намазды өз уақытының басында оқумен түсіндірген. Риуаятты жеткізушілердің өздері де осы пікірді айтқан.

  1. 1Бұхари, Мәуақит 12, Тәһәжжуд: 30; Мүслим, Мусафирин: 49, (705); Әбу Дәуіт, Салат: 274, (1210, 1211, 1214); Тирмизи, Салат: 138, (187); Нәсәи, Мәуақит: 47, (1, 290).
  2. 2Имам Шафиғиден «Бесін мен екінтінің арасында екі намаздың да уақытына жатпайтын аралық бар» деген сөз риуаят етілген. Ибн Хажар оны теріске шығарып: «Шафиғи мәзһабының кітаптарында мұндай сөз жоқ. Одан ауызша жеткен пікірге қарағанда, бесіннің соңғы уақыты екінтінің алғашқы уақытына жалғасады», – деген.
2918
Кутуб ситтә, № 2918 · тараудағы реті: 9

وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ: «صَلَّى الظُّهْرَ وَالْعَصْرَ جَمِيعًا وَالْمَغْرِبَ وَالْعِشَاءَ جَمِيعًا مِنْ غَيْرِ خَوْفٍ وَلَا سَفَرٍ. وَقَالَ مَالِكٌ: أَرَى ذَلِكَ فِي الْمَطَرِ».

Қазақша аудармасы

Мүслимнің басқа бір риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) қауіп төнбесе де, сапарда болмаса да, бесін мен екінтіні, ақшам мен құптанды қосып оқыды», – делінген.

Имам Мәлик: «Меніңше, ол мұны жаңбыр жауғанда істеген», – дейді.1

Түсіндірме

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен бұл нұсқа Алла елшісінің (с.а.с.) қауіп-қатер сияқты, кей мәзһабтар намаздарды қосуға негіз санайтын белгілі бір себеп болмаса да екі намазды қосып оқығанын көрсетеді. Осындай мағынадағы риуаят «Кутуб әс-ситтадағы» алты жинақтың бәрінде әртүрлі жолмен жеткен. Олардың орындары алдыңғы хадисте көрсетілді.

Мүслимдегі бір нұсқада Әбу әз-Зубайр былай дейді: «Хадисті естігенде Сағид ибн Жубайрдан: “Алла елшісі (с.а.с.) мұны неге істеді?” – деп сұрадым. Ол: “Сен менен қалай сұрасаң, мен де Ибн Аббастан (р.а.) солай сұрадым. Ол: ‘Алла елшісі (с.а.с.) үмбетін қиындыққа түсіргісі келмеді’, – деді”, – деп жауап берді».

Тирмизи «Сүнәннің» «Иләл» бөлімінде ғалымдардың ешқайсысы Ибн Аббастың бұл хадисімен амал етпегенін айтады. Оның пікірінше, сапар, жаңбыр, қауіп, сырқат сияқты себеп болмаса, ешбір ғалым екі намазды қосып оқуға пәтуа бермеген. Бұл пікірге қарсылық айтылған. Оны қарастырмас бұрын Тирмизидің осы және басқа хадистерді келтірген «Тұрғылықты жерде екі намазды қосып оқу туралы риуаяттар» тарауындағы мына мәліметтерге тоқталайық:

• Ғалымдар екі намазды сапарда және Арафатта қосып оқуға болады деген.

• Табиғин ғалымдарының бір тобы сырқат адамға екі намазды қосып оқуға рұқсат берген.

• Кейбір ғалымдар, соның ішінде Шафиғи, Ахмад және Исхақ, жаңбыр жауғанда екі намазды қосып оқуға болады деген. Шафиғи сырқат адамға оларды қосып оқуға рұқсат бермеген.

Ибн Аббас Алла елшісінің (с.а.с.) қауіп төнбесе де, сапарда болмаса да, бесін мен екінтіні, ақшам мен құптанды қосып оқығанын жеткізген. Тирмизи осы хадиспен бірде-бір фақиһ амал етпеген деген. Бұған орай Ибн Хажар Нәуәуиден мына сөзді келтіреді: «Бір топ имам хадистің сыртқы мағынасына сүйеніп, кісі мұны әдетке айналдырмаса, қажет кезінде тұрғылықты жерде де намаздарды қосып оқуға рұқсат берген. Ибн Сирин, Рабиға, Әшһәб, Ибн әл-Мунзир және әл-Қаффал әл-Кәбир – осы пікірді ұстанғандардың қатарында». Хаттаби бір топ хадис ғалымынан осы пікірді жеткізген. Оған Мүслимде Сағид ибн Жубайр арқылы жеткен мына сөзді дәлел етеді: «Ибн Аббастан: “Алла елшісі (с.а.с.) мұны неге істеді?” – деп сұрадым. Ол: “Алла елшісі (с.а.с.) үмбетін қиындыққа түсіргісі келмеді”, – деді». Нәсәидің бір риуаятында Ибн Аббастың Басрада жұмысы көбейіп, бесін мен екінтіні араға үзіліс салмай қосып оқығаны айтылады. Ибн Аббас Алла елшісінің (с.а.с.) де осылай оқығанын айтқан. Мүслимнің бір риуаятында Ибн Аббастың екінтіден кейін бастаған құтбасын жұлдыздар шыққанға дейін жалғастырып, ақшам мен құптанды қосып оқығаны баяндалады. Әбу Һурайра (р.а.) Ибн Аббастың бұл амалды Алла елшісінен (с.а.с.) жеткізгенін растайды. Табарани Ибн Мәсғудтан осыған ұқсас мәрфуғ риуаят келтіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) бесін мен екінтіні, ақшам мен құптанды қосып оқыды. Одан: “Неге бұлай істедіңіз?” – деп сұрағанда, ол: “Үмбетім қиындыққа түспесін деп осылай істедім”, – деді».

Демек, фақиһтар мен мұхаддистердің бір бөлігі Ибн Аббастың осы хадисін амалға негіз еткен.

  1. 1Муатта, Касру әс-Салат: 4, (1, 144); Мүслим, Мусафирин: 49, (705).