وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ: «صَلَّى الظُّهْرَ وَالْعَصْرَ جَمِيعًا وَالْمَغْرِبَ وَالْعِشَاءَ جَمِيعًا مِنْ غَيْرِ خَوْفٍ وَلَا سَفَرٍ. وَقَالَ مَالِكٌ: أَرَى ذَلِكَ فِي الْمَطَرِ».
Мүслимнің басқа бір риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) қауіп төнбесе де, сапарда болмаса да, бесін мен екінтіні, ақшам мен құптанды қосып оқыды», – делінген.
Имам Мәлик: «Меніңше, ол мұны жаңбыр жауғанда істеген», – дейді.1
Түсіндірме
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен бұл нұсқа Алла елшісінің (с.а.с.) қауіп-қатер сияқты, кей мәзһабтар намаздарды қосуға негіз санайтын белгілі бір себеп болмаса да екі намазды қосып оқығанын көрсетеді. Осындай мағынадағы риуаят «Кутуб әс-ситтадағы» алты жинақтың бәрінде әртүрлі жолмен жеткен. Олардың орындары алдыңғы хадисте көрсетілді.
Мүслимдегі бір нұсқада Әбу әз-Зубайр былай дейді: «Хадисті естігенде Сағид ибн Жубайрдан: “Алла елшісі (с.а.с.) мұны неге істеді?” – деп сұрадым. Ол: “Сен менен қалай сұрасаң, мен де Ибн Аббастан (р.а.) солай сұрадым. Ол: ‘Алла елшісі (с.а.с.) үмбетін қиындыққа түсіргісі келмеді’, – деді”, – деп жауап берді».
Тирмизи «Сүнәннің» «Иләл» бөлімінде ғалымдардың ешқайсысы Ибн Аббастың бұл хадисімен амал етпегенін айтады. Оның пікірінше, сапар, жаңбыр, қауіп, сырқат сияқты себеп болмаса, ешбір ғалым екі намазды қосып оқуға пәтуа бермеген. Бұл пікірге қарсылық айтылған. Оны қарастырмас бұрын Тирмизидің осы және басқа хадистерді келтірген «Тұрғылықты жерде екі намазды қосып оқу туралы риуаяттар» тарауындағы мына мәліметтерге тоқталайық:
• Ғалымдар екі намазды сапарда және Арафатта қосып оқуға болады деген.
• Табиғин ғалымдарының бір тобы сырқат адамға екі намазды қосып оқуға рұқсат берген.
• Кейбір ғалымдар, соның ішінде Шафиғи, Ахмад және Исхақ, жаңбыр жауғанда екі намазды қосып оқуға болады деген. Шафиғи сырқат адамға оларды қосып оқуға рұқсат бермеген.
Ибн Аббас Алла елшісінің (с.а.с.) қауіп төнбесе де, сапарда болмаса да, бесін мен екінтіні, ақшам мен құптанды қосып оқығанын жеткізген. Тирмизи осы хадиспен бірде-бір фақиһ амал етпеген деген. Бұған орай Ибн Хажар Нәуәуиден мына сөзді келтіреді: «Бір топ имам хадистің сыртқы мағынасына сүйеніп, кісі мұны әдетке айналдырмаса, қажет кезінде тұрғылықты жерде де намаздарды қосып оқуға рұқсат берген. Ибн Сирин, Рабиға, Әшһәб, Ибн әл-Мунзир және әл-Қаффал әл-Кәбир – осы пікірді ұстанғандардың қатарында». Хаттаби бір топ хадис ғалымынан осы пікірді жеткізген. Оған Мүслимде Сағид ибн Жубайр арқылы жеткен мына сөзді дәлел етеді: «Ибн Аббастан: “Алла елшісі (с.а.с.) мұны неге істеді?” – деп сұрадым. Ол: “Алла елшісі (с.а.с.) үмбетін қиындыққа түсіргісі келмеді”, – деді». Нәсәидің бір риуаятында Ибн Аббастың Басрада жұмысы көбейіп, бесін мен екінтіні араға үзіліс салмай қосып оқығаны айтылады. Ибн Аббас Алла елшісінің (с.а.с.) де осылай оқығанын айтқан. Мүслимнің бір риуаятында Ибн Аббастың екінтіден кейін бастаған құтбасын жұлдыздар шыққанға дейін жалғастырып, ақшам мен құптанды қосып оқығаны баяндалады. Әбу Һурайра (р.а.) Ибн Аббастың бұл амалды Алла елшісінен (с.а.с.) жеткізгенін растайды. Табарани Ибн Мәсғудтан осыған ұқсас мәрфуғ риуаят келтіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) бесін мен екінтіні, ақшам мен құптанды қосып оқыды. Одан: “Неге бұлай істедіңіз?” – деп сұрағанда, ол: “Үмбетім қиындыққа түспесін деп осылай істедім”, – деді».
Демек, фақиһтар мен мұхаддистердің бір бөлігі Ибн Аббастың осы хадисін амалға негіз еткен.
- 1Муатта, Касру әс-Салат: 4, (1, 144); Мүслим, Мусафирин: 49, (705).