عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «صَحِبْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَلَمْ أَرَهُ يُسَبِّحُ فِي السَّفَرِ، وَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ. وَقَالَ ابْنُ عُمَرَ: لَوْ كُنْتُ مُسَبِّحًا لَأَتْمَمْتُ صَلَاتِي». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) сапарда бірге болдым. Оның сапарда нәпіл оқығанын көрмедім. Алла Тағала ﴿لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا﴾ “Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін теңдессіз үлгі-өнеге бар.”1 деп айтқан». Ибн Омар: «Егер нәпіл оқысам, парызымды толық оқыр едім», – деді.2
Түсіндірме
1. Риуаяттан сүннетті берік ұстанған Абдулла ибн Омардың (р.а.) сапарда парыздан бұрын да, кейін де нәпіл намаз оқымағанын көреміз. Өйткені ол Алла елшісінің (с.а.с.) сапарда бұлай істегенін көрмеген. Ибн Омар осы мәселеде сүннетке еру керегін аятпен негіздеген.
2. Әбу Дәуіттің нұсқасында Ибн Омар Алла елшісімен (с.а.с.) он сегіз рет сапарға шыққанын айтады. Ол ізгі халифалардың үшеуімен – Әбу Бәкір, Омар және Османмен (р.а.) – де сапарда болып, олардың екі рәкаттан артық оқымағанын жеткізеді.
3. Нәуәуи Ибн Омардың (р.а.) «Егер нәпіл оқысам, парызымды толық оқыр едім» деген сөзін былай түсіндіреді: «Егер нәпіл оқуды жөн көрсем, парызды төрт рәкат етіп толық оқуды одан да артық көрер едім. Алайда екеуін де құптамаймын. Сапарда парызды қысқартып оқып, нәпілді оқымау – сүннет».
Мұндағы нәпіл – парыз намаздардың алдында не соңында оқылатын рәуатиб намаздар. Ал белгілі бір парызға байланысты емес мутлақ нәпілдерді Ибн Омардың сапарда оқығаны риуаят етілген. Мұндай нәпілдің сапарда мұстахаб екеніне ғалымдар келіскен. Рәуатиб нәпілдерге келгенде олардың пікірі әртүрлі. Ибн Омар мен бірқатар ғалым сапарда оларды оқымаған. Шафиғилер мен ғалымдардың көпшілігі мұны мұстахаб деп санайды.