Хадис

Тарауих намазы

Кутуб ситтә, 7-том, 407-тарау · 8 хадис · № 3026–3033

Хадистер

3026
Кутуб ситтә, № 3026 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُرَغِّبُهُمْ فِي قِيَامِ رَمَضَانَ مِنْ غَيْرِ أَنْ يَأْمُرَهُمْ بِعَزِيمَةٍ فَيَقُولُ: مَنْ قَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ، فَتُوُفِّيَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَالأَمْرُ عَلَى ذَلِكَ، ثُمَّ كَانَ الْأَمْرُ عَلَى ذَلِكَ فِي خِلَافَةِ أَبِي بَكْرٍ، وَصَدْرًا مِنْ خِلَافَةِ عُمَرَ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) жұртты рамазан түндерінде намаз оқуға ынталандырған, бірақ мұны міндеттеп бұйырмаған. Ол: «Кім рамазан түндерінде иманмен әрі сауабын Алладан күтіп намаз оқыса, бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.

Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден өткенше осы тәртіп сақталды. Әбу Бәкірдің халифалығы тұсында да, Омардың (р.а.) халифалығының алғашқы кезінде де солай болды.

3027
Кутуб ситтә, № 3027 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ: «مَنْ قَامَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَأَخْرَجَ الْبُخَارِيُّ: «الْمَرْفُوعَ مِنْهُ فِي قِيَامِ رَمَضَانَ وَقِيَامِ لَيْلَةِ الْقَدْرِ».

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта: «Кім Қадір түнінде иманмен әрі сауабын Алладан күтіп намаз оқыса, бұрынғы күнәлары кешіріледі», – делінген. Мұны алты хадис жинағының авторлары жеткізген. Бұхари рамазан түндерінде және Қадір түнінде намаз оқу жайындағы Алла елшісіне (с.а.с.) тікелей телінген сөздерді келтірген.1

Түсіндірме

1. Рамазан түндерін құлшылықпен өткізу дегеніміз – сол түндері намаз оқу. Нәуәуи мұны тарауих намазын оқу деп түсінген. Демек, тарауих оқыған адам түнгі құлшылықтың сауабына ие болады. Дегенмен рамазан түніндегі құлшылық тарауихпен шектелмейді.

2. Рамазан түндерінде құлшылық еткен адамның үлкен күнәлары, кіші күнәлары әлде екеуі де кешіріле ме? Ибн әл-Мунзир хадистегі сөздің жалпы айтылуына сүйеніп, екеуін де қамтиды деп есептеген. Нәуәуи осылай келген хадистердегі кешірім кіші күнәларға қатысты деген.

3. Хадис тарауихтың жеке-жеке оқылғанын аңғартады. Пайғамбар мен Әбу Бәкірдің кезінде тарауих осылай оқылып, бұл тәртіп Омардың халифалығының алғашқы кезеңіне дейін жалғасты. Омардың (р.а.) бұйрығымен жұрт Үбәй ибн Кағбқа ұйып, тарауихты жамағатпен оқи бастады. Кейбір риуаяттарда жұрттың рамазан айында бір имамға ұйып, бір жамағат болуы алғаш рет сол кезде орын алғаны айтылады. Омар (р.а.) осыны меңзеп: «Бұл қандай жақсы бидғат!» – деген.

  1. 1Бұхари, «Тарауих», 1 (2008); «Саум», 6 (1901); Мүслим, «Мусафирин», 174 (759); Әбу Дәуіт, «Салат», 318 (1371); Тирмизи, «Саум», 83 (808); Нәсәи, «Сиям», 39 (4/154–155); Мәлик, «Муатта», «Салат фи рамазан», 2 (1/119).
3028
Кутуб ситтә, № 3028 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَجْتَهِدُ فِي رَمَضَانَ مَا يَجْتَهِدُ فِي غَيْرِهِ، وَفِي الْعَشْرِ الْأَوَاخِرِ أَشَدَّ، وَكَانَ يُحْيِي لَيْلَهُ وَيُوقِظُ أَهْلَهُ وَيَشُدُّ مِئْزَرَهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. «شَدُّ الْمِئْزَرِ» كِنَايَةٌ عَنْ اجْتِنَابِ النِّسَاءِ أَوْ عَنْ الْجِدِّ وَالِاجْتِهَادِ فِي الْعَمَلِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) рамазанда өзге айлардағыдан әлдеқайда көп құлшылық ететін. Соңғы он күнінде ынтасын одан сайын арттырып, түнді құлшылықпен өткізетін, отбасын оятатын әрі белін буатын».1

Түсіндірме

1. Хадистен Пайғамбардың рамазан айында көп уақытын Алланы еске алумен өткізгені байқалады. Айдың соңғы он күнінде зікірін бұрынғыдан да көбейтетін. Уақытының денін зікір, ғибадат, тәубе секілді құлшылықтарға арнайтын. Рамазан – қасиетті ай, осы айда істелген құлшылықтың сауабы да мол. Құранда рамазандағы Қадір түнінің мың айдан қайырлы екені айтылған. Қай түн екені белгісіз болғандықтан, рамазанның әр түні қасиетті. Қадір түнінің соңғы он күнде болуы ықтимал. Сондықтан осы күндері құлшылыққа бар ынтасын салып, әр түнді Қадір түні шығар деген үмітпен өткізу керек. Алла елшісі (с.а.с.) осылай істеген.

2. «Белін буатын» деген тіркесті ғалымдар астарлы мағынада түсінген. Пайғамбар (с.а.с.) соңғы он күнде жұбайларына жақындамай, уақытын құлшылыққа арнаған. Бұл тіркес құлшылыққа бар ынтасымен кіріскенін де білдіреді.

  1. 1Бұхари, «Қадір түнінің артықшылығы», 5 (2024); Мүслим, «Итиқаф», 8 (1175); Әбу Дәуіт, «Салат», 318 (1376); Тирмизи, «Саум», 73 (796); Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 17 (3/218).
3029
Кутуб ситтә, № 3029 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُومُ فِي رَمَضَانَ فَجِئْتُ فَقُمْتُ إِلَى جَنْبِهِ. فَجَاءَ رَجُلٌ آخَرُ فَقَامَ أَيْضًا حَتَّى كُنَّا رَهْطًا. فَلَمَّا أَحَسَّ أَنَّا خَلْفَهُ جَعَلَ يَتَجَوَّزُ فِي الصَّلَاةِ. ثُمَّ دَخَلَ رَحْلَهُ فَصَلَّى صَلَاةً لَا يُصَلِّيهَا عِنْدَنَا. فَقُلْتُ لَهُ حِينَ أَصْبَحْتُ: أَفَطِنْتَ لَنَا اللَّيْلَةَ؟ قَالَ: “نَعَمْ، ذَلِكَ الَّذِي حَمَلَنِي عَلَى مَا صَنَعْتُ”». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ. «التَّجَوُّزُ» الإِسْرَاعُ فِي الْعَمَلِ وَتَخْفِيفُهُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) рамазанда түнде намаз оқитын. Бір түні мен де барып, жанына намазға тұрдым. Сосын тағы бір кісі келіп ұйыды. Осылайша көбейіп, жамағат болдық. Пайғамбар (с.а.с.) артында тұрғанымызды білгенде, намазын қысқа қайырып, үйіне кетті. Біздің қасымызда оқымаған намазын сол жерде оқыды. Таң атқанда: “Артыңызда тұрғанымызды байқадыңыз ба?” – деп сұрадым. Ол: “Иә, солай істеуіме осы себеп болды”, – деді».1

  1. 1Мүслим, «Сиям», 59 (1104).
3030
Кутуб ситтә, № 3030 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «صَلَّى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي الْمَسْجِدِ فَصَلَّى بِصَلَاتِهِ نَاسٌ كَثِيرٌ ثُمَّ صَلَّى مِنَ الْقَابِلَةِ فَكَثُرُوا ثُمَّ اجْتَمَعُوا مِنَ اللَّيْلَةِ الثَّالِثَةِ فَلَمْ يَخْرُجْ إِلَيْهِمْ فَلَمَّا أَصْبَحَ قَالَ: قَدْ رَأَيْتُ صَنِيعَكُمْ فَلَمْ يَمْنَعْنِي مِنَ الْخُرُوجِ إِلَيْكُمْ إِلَّا أَنَّي خَشِيتُ أَنْ تُفْرَضَ عَلَيْكُمْ، وَذَلِكَ فِي رَمَضَانَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) бір түні мешітте нәпіл намаз оқыды. Бірнеше кісі оған ұйыды. (Ертеңіне жұрт мұны бір-біріне айтты.) Келесі түні де Алла елшісі намаз оқып, оған ұйығандар көбейді. Үшінші немесе төртінші түні жұрт тағы жиналды. (Тіпті мешітке сыймай қалды.) Алайда Алла елшісі (с.а.с.) ол түні сыртқа шықпады. Таң атқанда: “Не істегендеріңді көрдім. Бұл намаз сендерге парыз болып қала ма деп қорыққандықтан, алдарыңа шықпадым”, – деді. Бұл оқиға рамазан айында болған еді».1

Түсіндірме

1. Хадис бірнеше жолмен, әртүрлі нұсқада жеткен. Жақшадағы сөздер өзге риуаяттардан алынған.

2. Пайғамбардың (с.а.с.) «Бұл намаз сендерге парыз болып қала ма деп қорыққандықтан, алдарыңа шықпадым» деген сөзі ғалымдар арасында талқыға түскен. Пайғамбар (с.а.с.) парыз намаздармен бірге оқылатын рауатиб нәпіл намаздарын да үзбей оқыған. Сахабалар да солай істеген. Алайда бұл нәпілдер парызға айналмаған. Ғалымдар оның сөзін бірнеше жолмен түсіндірген.

– Мухибб әт-Табари былай дейді: «Алла тағала Пайғамбарына “Бұл намазды олармен бірге үзбей оқысаң, оларға парыз болады” деп уахи еткен болуы мүмкін. Сондықтан Пайғамбар сахабаларына жеңілдік болсын деп әдетін өзгертіп, бұл намазды жамағатпен оқымаған. Мұны өз ижтиһадымен айтқан болуы да ықтимал. Өйткені Алла елшісі Аллаға жақындататын амалдардың бірін үзбей орындаса, ол өзіне парыз болатын».

– Кейбір ғалымдардың пікірінше, Пайғамбар (с.а.с.) осы намазды үзбей оқыса, үмбеті оны уәжіп деп қабылдай ма деп қауіптенген. Мұны құптаған Қуртуби былай түсіндіреді: «“Сендерге парыз болып қала ма деп қорықтым” дегені – “Сендер мұны парыз деп қабылдап, сол тұжырымға сүйенгендіктен, өздеріңе парыз болып қала ма деп қорықтым” деген сөз». Өйткені мүжтаһид бір істі халал немесе харам деп түйсе, өз тұжырымына сай амал етуі керек.

– Тағы бір түсіндіру бойынша, бұл жерде «Пайғамбар бір игі істі үзбей орындаса, жұрт та оған еріп, сол істі тұрақты атқарса, ол парызға айналады» деген үкім меңзелген.

– Ибн Батталдың пікірінше, бұл сөз түнгі намаз Пайғамбарға парыз болып, үмбетіне әлі парыз болмаған кезде айтылуы мүмкін. Пайғамбар (с.а.с.) оны үзбей орындап, жұрт та оған ілесе берсе, бұл үкімнің өзіне ғана тән сипаты жойылып, баршаға бірдей парыз бола ма деп қауіптенген. Өйткені дінде негізгі ұстаным – теңдік. Құлшылық мәселесінде Пайғамбар мен үмбетіне ортақ үкім жүреді.

– Пайғамбар (с.а.с.) сахабалар осы намазды үзбей оқығандықтан, ол уәжіп болып қала ма деп қауіптенген болуы да мүмкін. Кейін бұл намазды оқу кейбіріне ауыр тиіп, оны тәрк етіп, Алла елшісіне (с.а.с.) еруден бас тартса, күнәға қалуы ықтимал еді.

– Хаттаби мына сауалды алға тартады. Миғражда намаз парыз етілгенде, Алла тағала «Намаз күн сайын бес уақыт оқылады, сауабы елу уақыт намазға тең. Менің құзырымда бұл сөз өзгермейді» деген болса, Алла елшісі (с.а.с.) бес намаз жөніндегі үкімнің өзгермейтінін біле тұра неден қауіптенген? Хаттабидің түсіндіруінше, түнгі намаз Пайғамбарға (с.а.с.) парыз болған. Шариғат істерінде үмбеттің оған еруі де – парыз. Егер ол осы намазды жамағатпен үзбей оқыса, өзіне парыз болған амал үмбетіне де міндет болып қалуы мүмкін еді. Сондықтан бес уақыт намазға алтыншы парыз қосылып кетпесін деп, төртінші түні бұл намазды жамағатпен оқымаған. Мұндай міндет жаңа парыздың белгіленуінен емес, Пайғамбарға еруден туар еді. Бұл кісінің нәпіл амалды нәзір етіп, өзіне міндеттеп алуына ұқсайды. Нәзір сол адамға қосымша уәжіп жүктейді, ал шариғатта сол амалдың бастапқы үкімі өзгере қоймайды. Хаттаби сөзін былай жалғайды: «Алла намазды елу уақыт етіп парыз қылды. Содан кейін Пайғамбардың шапағатымен оны қысқартты. Бұрынғы үмбеттердің бір тобы рұһбандық жолын ұстанды. Алла тағала олардың бұл ісін айыптап, былай деді: وَرَهْبَانِيَّةً ابْتَدَعُوهَا مَا كَتَبْنَاهَا عَلَيْهِمْ إِلَّا ابْتِغَاءَ رِضْوَانِ اللَّهِ فَمَا رَعَوْهَا حَقَّ رِعَايَتِهَا “Ал өздері ойлап тапқан рухбандыққа келсек, Біз оны оларға парыз қылмаған едік. Олар оны тек қана Алланың разылығына бөленуді қалап, ойлап тапқан болатын. Алайда олар ол жолды лайықты түрде ұстана алмады.” (Хадид, 27). Алла елшісі (с.а.с.) үмбетіне жаны ашығандықтан, олардың да осы аятта айтылғандардың күйіне түсуінен қауіптеніп, бұл намазды жамағатпен оқуды қойды».

Бұл пікірлерге қоса өзге түсіндірмелер де айтылған. Біз осы айтылғандармен шектелеміз.

3. Хадистен түйетін тағылымдар.

• Түнгі намазды жамағатпен оқу, әсіресе рамазан айында, мәндүп. Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеден өткен соң, бұл намаздың парыз болып кету қаупі қалмады. Сондықтан Омар (р.а.) жұртқа тарауих намазында Үбәй ибн Кағбқа ұюды бұйырды.

• Хадистен Алланың бір тағдырынан Оның екінші тағдырына бет бұруға болатыны аңғарылады.

• Жұрт дағдыланған іске қайшы әрекет істелсе, оның себебін, үкімі мен хикметін түсіндіру керек.

• Бұл оқиғадан Алла елшісінің (с.а.с.) дүниеге байланбай, тақуалық ұстанғаны, азға қанағат еткені және үмбетіне мейіріммен қарағаны көрінеді.

• Бүліктің алдын алу үшін кейбір пайдалы істен бас тартуға болады.

• Екі пайдалы істің ішінен қажеттілігі басымын таңдау керек.

• Имам болуға ниет етпеген кісіге ұйып намаз оқуға болады. Алайда кейбір ғалымдар «Пайғамбардың (с.а.с.) имам болуға ниет етпегенін кесіп айта алмаймыз. Бұл жайында нақты хабар келмегендіктен, жорамалмен ақиқатына жету мүмкін емес» деген.

• Нәпіл намаз жамағатпен оқылса да, оған азан мен қамат айтылмайды.

  1. 1Бұхари, «Тарауих», 1 (2012); «Жұма», 29 (924); «Тәһәжжүд», 5 (1129); Мүслим, «Мусафирин», 177 (761); Мәлик, «Муатта», «Салат фи рамазан», 1 (1/113); Әбу Дәуіт, «Салат», 318 (1373–1374); Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 4 (3/202).
3031
Кутуб ситтә, № 3031 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى النَّاسِ فِي رَمَضَانَ وَهُمْ يُصَلُّونَ فِي نَاحِيَةِ الْمَسْجِدِ: فَقَالَ: مَا هَؤُلَاءِ؟ قِيلَ: أُنَاسٌ لَيْسَ مَعَهُمْ قُرْآنٌ. وَأُبَيُّ بْنُ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يُصَلِّي بِهِمْ فَقَالَ: أَصَابُوا وَنِعْمَ مَا صَنَعُوا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَقَالَ: لَيْسَ هَذَا الْحَدِيثُ بِالْقَوِيِّ، مُسْلِمُ بْنُ خَالِدٍ ضَعِيفٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) рамазанда мешіттің бір бұрышында намаз оқып тұрған адамдарды көріп: “Бұлар не істеп жатыр?” – деп сұрады. Жұрт: “Бұлар – Құранды жатқа білмейтін кісілер. Оларға Үбәй ибн Кағб намаз оқытып жатыр”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Дұрыс істеген. Бұл – қандай жақсы іс!” – деді». Әбу Дәуіт бұл хадистің қуатты еместігін, оны жеткізген Мүслим ибн Халидтің әлсіз рауи екенін айтқан.1

Түсіндірме

Хадис Үбәй ибн Кағбтың Пайғамбар (с.а.с.) кезінде рамазанда жамағатқа намаз оқытқанын көрсетеді. Ибн Хажар атап өткендей, тарауихтың жамағатпен тұрақты оқыла бастағаны Омардың (р.а.) халифалығы тұсында анық мәлім. Бұл мәселенің кейбір қырлары алдыңғы екі хадисте (№ 3026, 3027) түсіндірілді. Мұндағы намаз тарауихтан бөлек оқылған намаз болуы да мүмкін.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 318 (1377).
3032
Кутуб ситтә, № 3032 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Зәрр (р.а.)

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صُمْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَلَمْ يَقُمْ بِنَا شَيْئًا مِنَ الشَّهْرِ حَتَّى بَقِيَ سَبْعٌ مِنَ الشَّهْرِ فَقَامَ بِنَا حَتَّى ذَهَبَ ثُلُثُ اللَّيْلِ. ثُمَّ لَمْ يَقُمْ بِنَا فِي السَّادِسَةِ وَقَامَ فِي الْخَامِسَةِ حَتَّى ذَهَبَ شَطْرُ اللَّيْلِ. فَقُلْنَا لَهُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَوْ نَفَّلْتَنَا بَقِيَّةَ لَيْلَتِنَا هَذِهِ؟ فَقَالَ: إِنَّهُ مَنْ قَامَ مَعَ الْإِمَامِ حَتَّى يَنْصَرِفَ كُتِبَ لَهُ قِيَامُ لَيْلَةٍ. ثُمَّ لَمْ يَقُمْ بِنَا حَتَّى بَقِيَ ثَلَاثٌ مِنَ الشَّهْرِ فَصَلَّى بِنَا فِي الثَّالِثَةِ وَدَعَا أَهْلَهُ وَنِسَاءَهُ وَقَامَ بِنَا حَتَّى خَشِينَا أَنْ يَفُوتَنَا الْفَلَاحُ. قِيلَ: وَمَا الْفَلَاحُ؟ قَالَ: السَّحُورُ. ثُمَّ لَمْ يَقُمْ بِنَا بَقِيَّةَ الشَّهْرِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ وَصَحَّحَهُ التِّرْمِذِيُّ. «السَّحُورُ» بِفَتْحِ السِّينِ: مَا يَتَسَحَّرُ بِهِ، وَبِالضَّمِّ: الْفِعْلُ نَفْسُهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) айтты: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге рамазан оразасын ұстадық. Айдың бітуіне жеті түн қалғанша, ол бізге түнгі намаз оқытқан жоқ. Жеті түн қалғанда, түннің үштен бірі өткенше намаз оқытты. Алты түн қалғанда, намаз оқытпады. Бес түн қалғанда, түннің жартысына дейін намаз оқытты. “Уа, Алла елшісі! Осы түннің қалған бөлігінде де бізге нәпіл намаз оқытсаңыз”, – дедік. Ол: “Кім имаммен бірге ол намазын аяқтағанша тұрса, сол кісіге бір түнді құлшылықпен өткізгеннің сауабы жазылады”, – деді.

Содан кейін айдың бітуіне үш түн қалғанша, Алла елшісі (с.а.с.) бізге түнгі намаз оқытпады. Үш түн қалғанда, отбасы мен жұбайларын шақырып, бізге намаз оқытты. Намазды сонша ұзақ оқыдық, “фалахтан” құр қаламыз ба деп қорықтық». Әбу Зәррден «Фалах деген не?» деп сұрағанда, «Сәресі», – деп жауап берді. Содан кейін айдың қалған түндерінде бізге намаз оқытпады.1

Түсіндірме

1. Әбу Зәррдің (р.а.) бұл риуаяты Пайғамбардың (с.а.с.) рамазанда тарауихты қалай оқығанын көрсетеді. Оқиғаның қай жылы болғаны белгісіз. Рамазанның соңғы аптасындағы бірнеше түнді есептемегенде, ол жұртқа парыз намаздан өзге намаз оқытпаған. Парыз намаздарын оқып болған соң, бөлмесіне кірген.

2. Ай жиырма тоғыз күн болса, хадисте айтылған түндер мына күндерге сәйкес келеді.

– Соңынан жетінші түн – рамазанның жиырма үшінші түні.

– Соңынан алтыншы түн – рамазанның жиырма төртінші түні.

– Соңынан бесінші түн – рамазанның жиырма бесінші түні.

Егер рамазан отыз күн болса, бұл сандарға бір күн қосылады. Сонда жиырма төртінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы түндер шығады. Хадистің соңындағы қосымша мәлімет кейбір риуаятта ғана бар. Онда айдың соңғы екі түнінде, жиырма сегізі мен жиырма тоғызында жамағатқа түнгі намаз оқытылмағаны айтылады.

3. Хаттаби «фалах» сөзінің түпкі мағынасы «мәңгі қалу» екенін айтады. Сәресіге осы атаудың берілуі оразаны соңына дейін ұстауға күш беретініне байланысты. Азандағы «Хаййә аләл-фалах» деген де «Сендерді жәннатта мәңгі қалдыратын амалға келіңдер» деген мағынаны білдіреді. Кейбір ғалымдар сәресі оразаны толық ұстауға жәрдемдесетіндіктен «фалах» аталған дейді.

4. «Сахур» деп түннің соңында сәресіге ішіп-жейтін ас-суды атайды. Ал «сухур» сәресі ішу амалын білдіреді. «Ән-Ниһая» еңбегінде сәресіге берекет пен сауап тән екені де айтылады. Көптеген риуаятта бұл сөз «сахур» түрінде келеді. «Ән-Ниһаяда» сауап асқа емес, оны ішу амалына тән болғандықтан, «сухур» нұсқасын дұрысырақ санаған пікір де келтірілген.

5. Әли әл-Қари бұл хадистен сахабалардың сәресіге ерекше мән бергенін аңғарған. Олар сәресін өткізіп алудан қорыққан.

6. Пайғамбардың (с.а.с.) бұл түндерде неше рәкат намаз оқығаны Мұхаммед ибн Наср әл-Мәруазидің «Қиямул-ләйл» еңбегінде келтірілген. Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) рамазанда бізге сегіз рәкат намаз және үтір оқытты. Келесі түні мешітке жиналып, намаз оқытады деп, таң атқанша күттік. Оған: “Уа, Алла елшісі! Бізге намаз оқытарсыз деп жиналдық. Не себепті намаз оқытпадыңыз?” – дедік. Ол: “Үтір намазы сендерге парыз болып қала ма деп қорықтым”, – деді».2

Хузайфаның (р.а.) риуаятында намазға қатысты өзге жайттармен бірге Алла елшісінің (с.а.с.) рамазанның бір түнінде сахабалармен төрт рәкат намаз оқығаны айтылады. Намаз аяқталған соң, Біләл келіп, таң намазының уақыты кіргенін хабарлаған.

Жәбирден (р.а.) жеткен тағы бір риуаятта былай делінген: «Рамазанның бір күні Үбәй ибн Кағб Пайғамбарға келіп: “Уа, Алла елшісі! Өткен түні бір жайт болды. Ауылымыздың әйелдері үйіме келіп: ‘Біз Құран оқи алмаймыз, саған ұйып намаз оқығымыз келеді’, – деді. Мен оларға сегіз рәкат намаз және үтір оқыттым”, – деді. Пайғамбар (с.а.с.) үндемеді. Үндемеуі сол істі құптағанын аңғартты».

Омардың (р.а.) бұйрығымен Үбәй ибн Кағбтың жұртқа он бір рәкат, кей риуаят бойынша он үш рәкат намаз оқытқанын жоғарыда айтқан едік. Омардың (р.а.) рамазан намазын жамағатқа оқытуды Үбәй ибн Кағб пен Тәмим әд-Дариге тапсырғаны және екеуінің бұл міндетті бірге атқарғаны айтылады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 318 (1375); Тирмизи, «Саум», 81 (806); Нәсәи, «Сәһу», 103 (3/83–84), «Қиямул-ләйл», 4 (3/202).
  2. 2Ибн Хиббан, «Сахих» (2415); Ибн Ади, «Әл-Кәмил», 6/438.
3033
Кутуб ситтә, № 3033 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي بَكْرٍ قَالَ: «سَمِعْتُ أَبِي يَقُولُ: كُنَّا نَنْصَرِفُ فِي رَمَضَانَ فَنَسْتَعْجِلُ الْخَدَمَ بِالطَّعَامِ مَخَافَةَ الْفَجْرِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Әбу Бәкір айтты: «Әкемнің былай дегенін естідім: “Рамазанда түнгі намаздан қайтқанда, таң атып кетпесін деп, қызметшілерден асты тезірек әкелуін сұрайтынбыз”».1

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Салат фи рамазан», 7 (1/116).