وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «صَلَّى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي الْمَسْجِدِ فَصَلَّى بِصَلَاتِهِ نَاسٌ كَثِيرٌ ثُمَّ صَلَّى مِنَ الْقَابِلَةِ فَكَثُرُوا ثُمَّ اجْتَمَعُوا مِنَ اللَّيْلَةِ الثَّالِثَةِ فَلَمْ يَخْرُجْ إِلَيْهِمْ فَلَمَّا أَصْبَحَ قَالَ: قَدْ رَأَيْتُ صَنِيعَكُمْ فَلَمْ يَمْنَعْنِي مِنَ الْخُرُوجِ إِلَيْكُمْ إِلَّا أَنَّي خَشِيتُ أَنْ تُفْرَضَ عَلَيْكُمْ، وَذَلِكَ فِي رَمَضَانَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Айша (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) бір түні мешітте нәпіл намаз оқыды. Бірнеше кісі оған ұйыды. (Ертеңіне жұрт мұны бір-біріне айтты.) Келесі түні де Алла елшісі намаз оқып, оған ұйығандар көбейді. Үшінші немесе төртінші түні жұрт тағы жиналды. (Тіпті мешітке сыймай қалды.) Алайда Алла елшісі (с.а.с.) ол түні сыртқа шықпады. Таң атқанда: “Не істегендеріңді көрдім. Бұл намаз сендерге парыз болып қала ма деп қорыққандықтан, алдарыңа шықпадым”, – деді. Бұл оқиға рамазан айында болған еді».1
Түсіндірме
1. Хадис бірнеше жолмен, әртүрлі нұсқада жеткен. Жақшадағы сөздер өзге риуаяттардан алынған.
2. Пайғамбардың (с.а.с.) «Бұл намаз сендерге парыз болып қала ма деп қорыққандықтан, алдарыңа шықпадым» деген сөзі ғалымдар арасында талқыға түскен. Пайғамбар (с.а.с.) парыз намаздармен бірге оқылатын рауатиб нәпіл намаздарын да үзбей оқыған. Сахабалар да солай істеген. Алайда бұл нәпілдер парызға айналмаған. Ғалымдар оның сөзін бірнеше жолмен түсіндірген.
– Мухибб әт-Табари былай дейді: «Алла тағала Пайғамбарына “Бұл намазды олармен бірге үзбей оқысаң, оларға парыз болады” деп уахи еткен болуы мүмкін. Сондықтан Пайғамбар сахабаларына жеңілдік болсын деп әдетін өзгертіп, бұл намазды жамағатпен оқымаған. Мұны өз ижтиһадымен айтқан болуы да ықтимал. Өйткені Алла елшісі Аллаға жақындататын амалдардың бірін үзбей орындаса, ол өзіне парыз болатын».
– Кейбір ғалымдардың пікірінше, Пайғамбар (с.а.с.) осы намазды үзбей оқыса, үмбеті оны уәжіп деп қабылдай ма деп қауіптенген. Мұны құптаған Қуртуби былай түсіндіреді: «“Сендерге парыз болып қала ма деп қорықтым” дегені – “Сендер мұны парыз деп қабылдап, сол тұжырымға сүйенгендіктен, өздеріңе парыз болып қала ма деп қорықтым” деген сөз». Өйткені мүжтаһид бір істі халал немесе харам деп түйсе, өз тұжырымына сай амал етуі керек.
– Тағы бір түсіндіру бойынша, бұл жерде «Пайғамбар бір игі істі үзбей орындаса, жұрт та оған еріп, сол істі тұрақты атқарса, ол парызға айналады» деген үкім меңзелген.
– Ибн Батталдың пікірінше, бұл сөз түнгі намаз Пайғамбарға парыз болып, үмбетіне әлі парыз болмаған кезде айтылуы мүмкін. Пайғамбар (с.а.с.) оны үзбей орындап, жұрт та оған ілесе берсе, бұл үкімнің өзіне ғана тән сипаты жойылып, баршаға бірдей парыз бола ма деп қауіптенген. Өйткені дінде негізгі ұстаным – теңдік. Құлшылық мәселесінде Пайғамбар мен үмбетіне ортақ үкім жүреді.
– Пайғамбар (с.а.с.) сахабалар осы намазды үзбей оқығандықтан, ол уәжіп болып қала ма деп қауіптенген болуы да мүмкін. Кейін бұл намазды оқу кейбіріне ауыр тиіп, оны тәрк етіп, Алла елшісіне (с.а.с.) еруден бас тартса, күнәға қалуы ықтимал еді.
– Хаттаби мына сауалды алға тартады. Миғражда намаз парыз етілгенде, Алла тағала «Намаз күн сайын бес уақыт оқылады, сауабы елу уақыт намазға тең. Менің құзырымда бұл сөз өзгермейді» деген болса, Алла елшісі (с.а.с.) бес намаз жөніндегі үкімнің өзгермейтінін біле тұра неден қауіптенген? Хаттабидің түсіндіруінше, түнгі намаз Пайғамбарға (с.а.с.) парыз болған. Шариғат істерінде үмбеттің оған еруі де – парыз. Егер ол осы намазды жамағатпен үзбей оқыса, өзіне парыз болған амал үмбетіне де міндет болып қалуы мүмкін еді. Сондықтан бес уақыт намазға алтыншы парыз қосылып кетпесін деп, төртінші түні бұл намазды жамағатпен оқымаған. Мұндай міндет жаңа парыздың белгіленуінен емес, Пайғамбарға еруден туар еді. Бұл кісінің нәпіл амалды нәзір етіп, өзіне міндеттеп алуына ұқсайды. Нәзір сол адамға қосымша уәжіп жүктейді, ал шариғатта сол амалдың бастапқы үкімі өзгере қоймайды. Хаттаби сөзін былай жалғайды: «Алла намазды елу уақыт етіп парыз қылды. Содан кейін Пайғамбардың шапағатымен оны қысқартты. Бұрынғы үмбеттердің бір тобы рұһбандық жолын ұстанды. Алла тағала олардың бұл ісін айыптап, былай деді: وَرَهْبَانِيَّةً ابْتَدَعُوهَا مَا كَتَبْنَاهَا عَلَيْهِمْ إِلَّا ابْتِغَاءَ رِضْوَانِ اللَّهِ فَمَا رَعَوْهَا حَقَّ رِعَايَتِهَا “Ал өздері ойлап тапқан рухбандыққа келсек, Біз оны оларға парыз қылмаған едік. Олар оны тек қана Алланың разылығына бөленуді қалап, ойлап тапқан болатын. Алайда олар ол жолды лайықты түрде ұстана алмады.” (Хадид, 27). Алла елшісі (с.а.с.) үмбетіне жаны ашығандықтан, олардың да осы аятта айтылғандардың күйіне түсуінен қауіптеніп, бұл намазды жамағатпен оқуды қойды».
Бұл пікірлерге қоса өзге түсіндірмелер де айтылған. Біз осы айтылғандармен шектелеміз.
3. Хадистен түйетін тағылымдар.
• Түнгі намазды жамағатпен оқу, әсіресе рамазан айында, мәндүп. Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеден өткен соң, бұл намаздың парыз болып кету қаупі қалмады. Сондықтан Омар (р.а.) жұртқа тарауих намазында Үбәй ибн Кағбқа ұюды бұйырды.
• Хадистен Алланың бір тағдырынан Оның екінші тағдырына бет бұруға болатыны аңғарылады.
• Жұрт дағдыланған іске қайшы әрекет істелсе, оның себебін, үкімі мен хикметін түсіндіру керек.
• Бұл оқиғадан Алла елшісінің (с.а.с.) дүниеге байланбай, тақуалық ұстанғаны, азға қанағат еткені және үмбетіне мейіріммен қарағаны көрінеді.
• Бүліктің алдын алу үшін кейбір пайдалы істен бас тартуға болады.
• Екі пайдалы істің ішінен қажеттілігі басымын таңдау керек.
• Имам болуға ниет етпеген кісіге ұйып намаз оқуға болады. Алайда кейбір ғалымдар «Пайғамбардың (с.а.с.) имам болуға ниет етпегенін кесіп айта алмаймыз. Бұл жайында нақты хабар келмегендіктен, жорамалмен ақиқатына жету мүмкін емес» деген.
• Нәпіл намаз жамағатпен оқылса да, оған азан мен қамат айтылмайды.
- 1Бұхари, «Тарауих», 1 (2012); «Жұма», 29 (924); «Тәһәжжүд», 5 (1129); Мүслим, «Мусафирин», 177 (761); Мәлик, «Муатта», «Салат фи рамазан», 1 (1/113); Әбу Дәуіт, «Салат», 318 (1373–1374); Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 4 (3/202).