Хадис

Кутуб ситтә, № 3129

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
420. Оразаның рүкіндері. Ниет
Нөмірі
№ 3129 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3129
Кутуб ситтә, № 3129 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ عَائِشَةَ وَحَفْصَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَتَا: «لَا يَصُومُ إِلَّا مَنْ أَجْمَعَ الصِّيَامَ قَبْلَ الْفَجْرِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша мен Хафса анамыз (р.а.): «Таң атпай ораза ұстауға бекем ниет еткен адамның ғана оразасы жарамды»1, – деген.

Түсіндірме

1. Хафса анамыздың риуаятының мауқуф не марфуғ екені даулы. Дегенмен ғалымдар «сенімді рауидің қосымшасы қабылданады» деген қағидаға сүйеніп, оны марфуғ деп таныған. Бұл қағида бойынша сенімді рауи жеткізген нұсқада өзге нұсқаларда жоқ сөз болса, ол қосымша да қабылданады.

2. Екі хадис те ниеттің ораза шарты екенін көрсетеді. Хадистің сыртқы мағынасына сүйенсек, таң атқанға дейін ниет етпеген адамның парыз да, нәпіл де оразасы жарамсыз. Ибн Омар, Жәбир ибн Зәйд, имам Мәлик, Мүзәни және Дәуіт әз-Заһири осы пікірді ұстанған. Өзге ғалымдар нәпіл оразаға күндіз де ниет етуге болады деп, Айша анамыздың мына риуаятына сүйенген: «Алла елшісі күндіз үйге келіп: “Жеуге бірдеңе бар ма?” – деп сұрайтын. “Ештеңе жоқ”, – десем: “Онда бүгін ораза ұстаймын”, – дейтін де, сол күнін оразамен өткізетін».

3. Тирмизи: «Бір топ ғалымның пікірінше, рамазан оразасына, оның қазасына немесе нәзір оразасына таң атпай бекем ниет ету керек. Таң атқанға дейін ниет етілмесе, ораза жарамсыз», – дейді.

Ханафилердің пікірінше, оразаға ниет етудің уақыты күн батқаннан басталады. Күн ауғаннан кейін ниет жарамсыз болады. Ниет етудің соңғы мерзімі оразаның түріне қарай белгіленеді.

• Рамазан оразасына күн батқаннан келесі күні күн тас төбеге келгенге дейін ниет етуге болады.

• Қаза, кәффарат және күні белгіленбеген нәзір оразасына күн батқаннан таң атқанға дейін ниет етіледі. Одан кейін ниет етуге болмайды.

• Нәпіл оразаға күн батқаннан келесі күні күн тас төбеге келгенге дейін ниет етуге болады.

4. Шафиғилердің пікірінше, адам оразаны бұзатын іс жасамаған болса, күн батқанға дейін нәпіл оразаға ниет ете алады.

5. Мәликилердің пікірінше, нәпіл оразаның өзіне ниет ету уақыты тал түске дейін созылмайды.

  1. 1Нәсәи, «Саум», 68, (4, 197, 198). Муатта, «Сиям», 5, (1, 288).