وَعَنْهُ أَيْضًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: نَهَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ صَوْمِ يَوْمِ عَرَفَةَ بِعَرَفَةَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі арафа күні Арафатта ораза ұстауға тыйым салды», – дейді.1
Түсіндірме
Хаттаби: «Бұл тыйымды ұстану міндетті емес, мұстахаб. Алла елшісі ихрамдағы адам оразадан әлсіреп, осы мүбәрак мекенде дұға етіп, жалбарынудан қалып қоймасын деп тыйған», – деген.
Күш-қуаты жеткілікті, ораза ұстаса да әлсіремейтін адам үшін ораза абзал болар деп үміт етіледі. Жоғарыда келтірілген хадисте Алла елшісі: «Арафа күні ұсталған ораза өткен жылдың және келер жылдың күнәларына кәффарат болады», – деген.
Ғалымдар қажылыққа барған адамның арафа күні ораза ұстауы жайлы түрлі пікір айтқан. Осман ибн Әбу әл-Ас пен Ибн әз-Зубайрдың сол күні ораза ұстағаны риуаят етілген. Ахмад ибн Ханбал: «Шамасы жеткен адам ораза ұстайды. Аузын ашық ұстаса да болады, өйткені оған сол күні күш керек», – деген. Исхақ қажыға бұл оразаны мұстахаб санаған. Ата: «Қыста ұстаймын, жазда ұстамаймын», – деген. Имам Мәлик, Суфиян әс-Сәури мен Шафиғи қажының Арафатта аузы ашық болғанын жөн көрген.
- 1Әбу Дәуіт, «Саум», 63 (№ 2440).