Хадис

Ораза ұстауға тыйым салынған күндер

Кутуб ситтә, 7-том, 433-тарау · 11 хадис · № 3169–3179

Хадистер

3169
Кутуб ситтә, № 3169 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَا يَصْلُحُ الصِّيَامُ فِي يَوْمَيْنِ: يَوْمِ الْفِطْرِ وَيَوْمِ النَّحْرِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمٍ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) Алла елшісінің: «Екі күнде ораза ұстауға болмайды: ораза айт күні және құрбан айттың алғашқы күні», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

Алла елшісі екі айттың алғашқы күнінде ораза ұстауға тыйым салған. Ал ораза ұстауды нәзір еткен адамның нәзірі айт күніне тұспа-тұс келсе, оны орындауға міндетті ме? Ғалымдар бұл сұраққа әртүрлі жауап берген.

Ғалымдар екі айттың алғашқы күнінде нәзір, кәффарат, нәпіл, қаза немесе тәматтуғ қажылығының оразасы тәрізді ешбір оразаны ұстауға болмайтынына бірауыздан келіскен. Пікір алшақтығы осы тыйымға қарамастан ораза ұстаған кісіге қандай үкім жүретініне қатысты.

• Әбу Ханифа мұндай ораза ораза болып есептеледі және нәзір күшіне енеді деп үкім берген.

Көпшілік бұл пікірге қосылмаған: «Зәйд “Келген күнімде ораза ұстаймын” деп нәзір етіп, айт күні келсе, нәзірі күшіне енбейді», – дейді. Ханафилер: «Нәзір күшіне енеді. Ол оразаның қазасын өтеуі қажет», – деген. Бір риуаятта ораза ұстаудың орнына кедейді тойғызу керек делінген. Әузағидың пікірінше, қаза міндетті, бірақ ол ниетінде айт күнін алып тастаса, қаза қажет емес. Имам Мәликтен жеткен бір риуаятта қазаны өтеуге ниет етсе, өтейтіні, ниет етпесе, өтемейтіні айтылған.

Ибн Омарға осы сұрақ қойылғанда, ол жауап бермей, үкім айтуға асықпаған.

Бұл пікірталас «Тыйым салынған амалдың жарамды саналуы мүмкін бе?» деген сұрақтан туған. Көпшілік ғалым «Мүмкін емес» деген. Мұхаммед ибн әл-Хасан: «Мүмкін. Айт күні ораза ұстау мүмкін болғандықтан, ұстаған оразасы жарамды болады», – деген. Оған: «Бұл ақыл тұрғысынан мүмкін. Ал талас шариғаттағы үкім жайында болып тұр. Шариғат тыйған іс шариғат тұрғысынан орындалған болып саналмайды», – деп жауап берілген.

Рұқсат бермегендер мына дәлелді де келтіреді: «Жалпы нәпіл амал саналатын іске тыйым салынса, сол жерде ол амал жарамды деп танылмайды. Тыйым харамдықты білдірсе де, мәкрүһтікті білдірсе де, оны істемеген жөн. Ал нәпілді істеу құпталады. Осы екі үкім бір амалға қатар жүрмейді».

Имам Нәуәуи бұл мәселені былай түйіндейді: «Ғалымдар осы екі күнде нәзір, нәпіл, кәффарат секілді қандай мақсатпен болса да ораза ұстау харам екеніне бірауыздан келіскен. Адам осы екі күнде біле тұра ораза ұстауды нәзір етсе, Шафиғи мен көпшілік ғалым: “Нәзірі күшіне енбейді, қазасын өтеу де міндетті емес”, – дейді. Әбу Ханифа: “Нәзірі күшіне енеді, қазасын өтеуі керек. Сол екі күннің бірінде ораза ұстаған болса, нәзірін орындаған болып саналады”, – дейді. Өзге ғалымдар бұл мәселеде Әбу Ханифаға қосылмаған».

  1. 1Бұхари, «Саум», 67, Фадлус-«Салат», 6. Мүслим, «Сиям», 288, (827). Әбу Дәуіт, «Саум», 48 (№ 2417). Тирмизи, «Саум», 58, (772).
3170
Кутуб ситтә, № 3170 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Уқба ибн Амир (р.а.)

وَعَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «يَوْمُ عَرَفَةَ، وَيَوْمُ النَّحْرِ، وَأَيَّامُ التَّشْرِيقِ عِيدُنَا أَهْلَ الْإِسْلَامِ، وَهِيَ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَقَالَ التِّرْمِذِيُّ: حَدِيثٌ حَسَنٌ صَحِيحٌ.

Қазақша аудармасы

Уқба ибн Амир (р.а.) Алла елшісінің: «Арафа күні, құрбан шалатын күн және тәшриқ күндері – біз мұсылмандардың мерекесі. Бұл – ішіп-жейтін күндер», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

1. Алла елшісі мұнда мерекенің бір сипатын айтқан. Мереке – ішіп-жейтін күн. Сондықтан екі айттың алғашқы күнінде ораза ұстауға тыйым салынған.

2. Бұл хадисте тәшриқ күндері де мереке саналған. Оларды «әййәм әл-мағдудат» және «әййәм Мина» деп те атайды. Олар зұлхижжаның он бірінші, он екінші және он үшінші күндеріне сәйкес келеді. Тәшриқ күндерін белгілеуде пікір алшақтығы болғанымен, дәйекті пікір бойынша, олар – құрбан шалатын күннен кейінгі үш күн. «Тәшриқ» құрбан етін күн көзіне жайып кептіру дегенді білдіреді.

Тәшриқ күндері ораза ұстау жайында ғалымдардың пікірлері әртүрлі. Нәуәуи: «Ол күндері ешқандай ораза ұстау халал емес дейтіндерге осы хадис дәлел», – дейді. Шафиғи мәзһабындағы екі пікірдің негізге алынғаны да осы. Әбу Ханифа мен Ибн әл-Мүнзир де осы пікірде. Кей ғалымдар кез келген адамға сол күндері нәпіл және басқа да ораза ұстауға болады деген. Зубайр ибн әл-Аууам, Ибн Омар және Ибн Сириннен осындай пікір жеткен. Мәлик, Әузағи, Исхақ ибн Раһуя және Шафиғи бір пікірінде: «Бұл күндері тек тәматтуғ қажылығын жасап, шалатын құрбандық таба алмаған адамға ораза ұстауға рұқсат», – деген. Олар Бұхариде Айша мен Ибн Омардан мауқуф түрде жеткен мына риуаятқа сүйенген: «Тәшриқ күндері шалатын құрбандық малын таба алмаған адамға ғана ораза ұстауға рұқсат етілді».2

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», 49 (№ 2419). Тирмизи, «Саум», 59 (№ 773). Нәсәи, «Мәнәсик», 195 (5/252). Тирмизи бұл хадисті хасан-сахих деп бағалаған.
  2. 2Бұхари, «Саум» (№ 1997–1998).
3171
Кутуб ситтә, № 3171 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ نُبَيْشَةَ الْهُذَلِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَيَّامُ التَّشْرِيقِ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ وَذِكْرٍ لِلَّهِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ. «أَيَّامُ التَّشْرِيقِ»: ثَلَاثَةُ أَيَّامٍ بَعْدَ النَّحْرِ، سُمِّيَتْ بِذَلِكَ لِأَنَّهُمْ كَانُوا يُشَرِّقُونَ فِيهَا لُحُومَ الْأَضَاحِيِّ فِي الشَّمْسِ.

Қазақша аудармасы

Нубайша әл-Һузали (р.а.) Алла елшісінің: «Тәшриқ күндері – ішіп-жеу және Алланы еске алу күндері», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

Бұл хадистен исламдағы мерекенің тағы бір сипаты көрінеді: ол – Алланы еске алу. Мереке мен демалыстың мәнін ұғынуда осыған да назар аударған жөн. Мереке – ас ішіп, көңіл көтеретін әрі Алланы көбірек еске алатын күн. Мереке күнін парыз таң намазынан бөлек айт намазымен бастау да осыны білдіреді. Мүміннің апталық мерекесі – жұма күнінің де арнайы намазы мен құтбасы бар. Алланы еске алумен басталған мереке мен демалыс күнін мүмін осы мәнге сай өткізгені жөн. Тамақтану, зиярат жасау секілді істерде де дін белгілеген шектен шықпаған абзал.

  1. 1Мүслим, «Сиям», 144 (№ 1141a–b). Алланы еске алу тіркесі екінші нұсқасында бар.
3172
Кутуб ситтә, № 3172 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ صِلَةَ بْنِ زُفَرَ قَالَ: كُنَّا عِنْدَ عَمَّارٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي الْيَوْمِ الَّذِي يُشَكُّ فِيهِ مِنْ شَعْبَانَ أَوْ رَمَضَانَ، فَأُتِينَا بِشَاةٍ مَصْلِيَّةٍ، فَتَنَحَّى بَعْضُ الْقَوْمِ، فَقَالَ: إِنِّي صَائِمٌ. فَقَالَ عَمَّارٌ: «مَنْ صَامَ هَذَا الْيَوْمَ فَقَدْ عَصَى أَبَا الْقَاسِمِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ وَصَحَّحَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сыла ибн Зуфар былай дейді: «Шағбанның соңғы күні ме, рамазанның алғашқы күні ме деп күмәнданған күні Аммардың (р.а.) қасында едік. Алдымызға қақтап пісірілген қой әкелінді. Отырғандардың бірі: “Менің аузым берік”, – деп шегінді. Аммар: “Кім осы күні ораза ұстаса, Әбу әл-Қасымға қарсы шыққан болады”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұхари бұл хадисті мұғаллақ түрде келтірген.

2. Жоғарыда айтылғандай, ғалымдар күмәнді күні ораза ұстауды харам санаған. Ибн Хажар осы үкімді шығару жолын түсіндіріп, ғалымдардың мына пікірін келтіреді: «Сахабалар мұндай үкімді өздігінен айтпайды. Үкім Алла елшісінен жеткен болуы керек». Демек, риуаят сөзі жағынан мауқуф, үкімі жағынан марфуғ.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», 10 (№ 2334). Тирмизи, «Саум», 3, (686). Нәсәи, «Саум», 37, (4, 153). Ибн Мәжа, «Сиям», 3 (№ 1645).
3173
Кутуб ситтә, № 3173 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَرْفَعُهُ: «مَنْ صَامَ الْأَبَدَ فَلَا صَامَ وَلَا أَفْطَرَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің: «Кім ғұмыр бойы үзбей ораза ұстаса, ораза ұстаған да, аузын ашқан да болмайды», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

Ғалымдар Алла елшісі хадистегі «саум әл-әбәд» сөзімен айт пен тәшриқ күндерін қоса, жылдың әр күнінде ораза ұстауды меңзеген деп түсіндіреді. Олардың пікірінше, осы күндері ораза ұстамай, жылдың қалған күндерінде үзбей ораза ұстауға болады.

«Ораза ұстаған да, аузын ашқан да болмайды» деген сөз оның сауаптан айырылатынын білдіреді. Кей ғалымдар: «Сауабы аз болғандықтан, ораза ұстамағандай болады. Аштық пен шөлге төзіп үйренгендіктен, аузын ашпағандай болады», – деп түсіндірген. Тағы біреулер мұны адамды мұндай оразадан тыятын теріс дұға деп білген. Өзгелері: «Ораза оның әдетіне айналғандықтан, одан нәсіп алмайды. Аузын ашқанда ішкен асы да шынайы ауызашардай болмайды. Сондықтан екеуінен де үлес алмайды», – деген.

Кей ғалымдар мұндай ораза сүннетке қайшы болғандықтан тыйылған деп түсіндірген.

  1. 1Нәсәи, «Саум», 71 (4/205–206, № 2374).
3174
Кутуб ситтә, № 3174 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِذَا انْتَصَفَ شَعْبَانُ فَلَا تَصُومُوا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَهَذَا لَفْظُ أَبِي دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің: «Шағбан айы ортасына жеткенде ораза ұстамаңдар», – дегенін жеткізген.1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», 12 (№ 2337). Тирмизи, «Саум», 38, (738).
3175
Кутуб ситтә, № 3175 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَا يَتَقَدَّمَنَّ أَحَدُكُمْ رَمَضَانَ بِصَوْمِ يَوْمٍ أَوْ يَوْمَيْنِ، إِلَّا أَنْ يَكُونَ رَجُلٌ كَانَ يَصُومُ صَوْمًا فَلْيَصُمْهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің: «Ешқайсың рамазанды бір не екі күн бұрын ораза ұстап қарсы алмаңдар. Ал бұрыннан белгілі күндері ораза ұстап жүрген адам оразасын ұстай берсін», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

Хадис рамазанға бір-екі күн қалғанда ораза бастауды тыяды. Ғалымдар мұны «Рамазан кіріп қойған шығар» деп, сақтық үшін ораза ұстауға тыйым салу деп түсінген. Хадистің жалғасы бұған дейін басталған оразаны рамазанға бір-екі күн қалғанда да жалғастыруға болатынын көрсетеді. Тирмизи хадисті келтірген соң: «Ғалымдар оны басшылыққа алып, рамазан басталып кетуі мүмкін деген оймен бір-екі күн бұрын ораза ұстауды мәкрүһ санаған. Ал адамның бұрыннан ұстап жүрген оразасы сол күндерге түссе, оны жалғастырудың сөкеттігі жоқ», – деген.

Кей ғалымдар бұл тыйымның себебін «Тамақтанып, рамазанға күш жинау әрі ораза айына сергек кіру» деп түсіндірген. Ибн Хажар: «Бұл пікірді талқылауға болады. Хадиске қарағанда, адамға үш-төрт күн бұрын ораза бастауға рұқсат», – деген. Тыйым парыз бен нәпіл араласып кетпесін деп қойылған дегендер де бар. Оларға бұрыннан нәпіл ораза ұстауды әдет еткен адамға рұқсат берілгені айтылған. Үшінші түсіндірме бойынша, рамазан жаңа айдың көрінуімен басталады. Бір-екі күн бұрын ораза бастаған адам осы қағидаға қайшы келеді. Ибн Хажар соңғы түсіндірмені негізге алған. Хадистегі ерекшелік бұрыннан ораза ұстауды әдетке айналдырған адамға қатысты. Адамға қалыптасқан әдетін тастау ауыр, сондықтан оған бұрынғы оразасын ұстауға рұқсат берілген. Мұны рамазанды арнайы оразамен қарсы алу деп түсінбеу керек. Қаза мен нәзір оразалары да уәжіп болғандықтан осы ерекшелікке кіреді. Кей ғалымдар олардың міндетті екені нақты дәлелдермен бекігенін, сондықтан оларды күмәнді себеппен тоқтатуға болмайтынын айтқан.

  1. 1Бұхари, «Саум», 14 (№ 1914). Мүслим, «Сиям», 21 (№ 1082). Әбу Дәуіт, «Саум», 11 (№ 2335). Тирмизи, «Саум», 2 (№ 684–685). Нәсәи, «Саум», 31–32 (4/149).
3176
Кутуб ситтә, № 3176 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ أَيْضًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: نَهَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ صَوْمِ يَوْمِ عَرَفَةَ بِعَرَفَةَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі арафа күні Арафатта ораза ұстауға тыйым салды», – дейді.1

Түсіндірме

Хаттаби: «Бұл тыйымды ұстану міндетті емес, мұстахаб. Алла елшісі ихрамдағы адам оразадан әлсіреп, осы мүбәрак мекенде дұға етіп, жалбарынудан қалып қоймасын деп тыйған», – деген.

Күш-қуаты жеткілікті, ораза ұстаса да әлсіремейтін адам үшін ораза абзал болар деп үміт етіледі. Жоғарыда келтірілген хадисте Алла елшісі: «Арафа күні ұсталған ораза өткен жылдың және келер жылдың күнәларына кәффарат болады», – деген.

Ғалымдар қажылыққа барған адамның арафа күні ораза ұстауы жайлы түрлі пікір айтқан. Осман ибн Әбу әл-Ас пен Ибн әз-Зубайрдың сол күні ораза ұстағаны риуаят етілген. Ахмад ибн Ханбал: «Шамасы жеткен адам ораза ұстайды. Аузын ашық ұстаса да болады, өйткені оған сол күні күш керек», – деген. Исхақ қажыға бұл оразаны мұстахаб санаған. Ата: «Қыста ұстаймын, жазда ұстамаймын», – деген. Имам Мәлик, Суфиян әс-Сәури мен Шафиғи қажының Арафатта аузы ашық болғанын жөн көрген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», 63 (№ 2440).
3177
Кутуб ситтә, № 3177 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «لَا يَصُومَنَّ أَحَدُكُمْ يَوْمَ الْجُمُعَةِ إِلَّا يَوْمًا قَبْلَهُ أَوْ بَعْدَهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ الْبُخَارِيِّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің: «Ешқайсың жұма күні жеке ораза ұстамасын. Жұманың алдындағы не кейінгі күні де ораза ұстаса, жұмада ұстауына болады», – дегенін жеткізген.1

  1. 1Бұхари, «Саум», 63 (№ 1985). Мүслим, «Сиям», 147 (№ 1144a). Әбу Дәуіт, «Саум», 50 (№ 2420). Тирмизи, «Саум», 42 (№ 743).
3178
Кутуб ситтә, № 3178 · тараудағы реті: 10

وَفِي رِوَايَةٍ لِمُسْلِمٍ: «لَا تَخْتَصُّوا لَيْلَةَ الْجُمُعَةِ بِقِيَامٍ مِنْ بَيْنِ اللَّيَالِي، وَلَا تَخُصُّوا يَوْمَ الْجُمُعَةِ بِصِيَامٍ مِنْ بَيْنِ الْأَيَّامِ، إِلَّا أَنْ يَكُونَ فِي صَوْمٍ يَصُومُهُ أَحَدُكُمْ».

Қазақша аудармасы

Мүслим келтірген риуаятта Алла елшісі: «Өзге түндердің арасынан жұма түнін ғана намазға арнамаңдар. Өзге күндердің арасынан жұма күнін ғана оразаға белгілемеңдер. Араларыңда әдетте ораза ұстайтын күн жұмаға тура келсе, ұстауға болады», – деген.1

Түсіндірме

Бұл екі хадис жұманы жеке бөліп, ораза ұстауға тыйым салады. Қаза, нәзір не нәпіл ниетімен басталған оразаның бір күні жұмаға түссе, үзу қажет емес. Өйткені жұма – мұсылманның апталық мерекесі. Мереке – ішіп-жейтін және құлшылық ететін күн. Нәуәуи ғалымдардың мына түсіндірмесін келтіреді: «Бұл тыйымның мәні – жұма дұға, зікір және құлшылық күні. Ғұсыл алу, намазға ерте барып күту, құтба тыңдау, намаздан соң ﴿فَإِذَا قُضِيَتِ الصَّلَاةُ فَانْتَشِرُوا فِي الْأَرْضِ وَابْتَغُوا مِنْ فَضْلِ اللَّهِ وَاذْكُرُوا اللَّهَ كَثِيرًا﴾ “Намаз өтелген соң, жер бетіне тараңдар және Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер. Бұған қоса, Алланы көп еске алыңдар” (“Жұма” сүресі, 10-аят)2 деген аятқа сай Алланы көп еске алу – жұмаға тән амалдар. Осы істерді сергек әрі ықыласпен орындап, шаршап қалмау үшін жұма күні тамақтану мұстахаб».

Ибн Хажар бұл хадисті былай түсіндіреді: «Жұманың алдындағы не кейінгі күнімен қосып ораза ұстауға болады. Айдың жарық күндері секілді ораза ұстау мұстахаб саналатын күндер жұмаға түссе, сол күні ораза ұстауға рұқсат. Арафа секілді күні ораза ұстауды әдет еткен адамға да ол күн жұмаға түссе, рұқсат. “Зәйд келген күні ораза ұстаймын” деген адамға Зәйд жұма күні келсе, сол күні ораза ұстауға болады».

  1. 1Мүслим, «Сиям», 148 (№ 1144b).
  2. 2«Жұма» сүресі, 10-аят.
3179
Кутуб ситтә, № 3179 · тараудағы реті: 11

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ بُسْرٍ السُّلَمِيِّ عَنْ أُخْتِهِ الصَّمَّاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَا تَصُومُوا يَوْمَ السَّبْتِ إِلَّا فِيَمَا افْتَرَضَ اللَّهُ عَلَيْكُمْ، فَإِنْ لَمْ يَجِدْ أَحَدُكُمْ إِلَّا لِحَاءَ عِنَبَةٍ أَوْ عُودَ شَجَرَةٍ فَلْيَمْضُغْهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَقَالَ إِنَّهُ حَدِيثٌ مَنْسُوخٌ، وَحَسَّنَهُ التِّرْمِذِيُّ. «لِحَاءُ الْعِنَبَةِ»: قِشْرُهَا.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Буср әс-Суләми бірге туған әс-Саммадан (р.а.) мына риуаятты жеткізген: «Алла елшісі: “Алла сендерге парыз еткен оразадан басқа оразаны сенбі күні ұстамаңдар. Қайсыбірің жеуге жүзім сабағының қабығынан не ағаштың бір шыбығынан басқа ештеңе таппаса, соны шайнасын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте сенбіні жеке бөліп, ораза ұстауға тыйым салынған. Ғалымдар сенбіні жұма секілді жеке оразаға арнауға тыйым салынуын яһудилерден ерекшеленумен түсіндірген. Көпшілік бұл тыйымды харамдықты білдіретін тыйымға емес, істемеу абзал саналатын мәкрүһке жатқызған. Хадистегі ерекшелікке парыз, нәзір, қаза және кәффарат оразалары кіреді. Арафа, Ашура, айдың жарық күндеріндегі ораза не адам әдетте ұстап жүрген нәпіл ораза сенбіге түссе де, оразаға рұқсат берген. Ибн әл-Мәләк осы қатарға зұлхижжаның алғашқы он күніндегі ораза мен Дәуіт пайғамбардың оразасын да қосқан. Оның түсіндіруінше, тыйым сенбіге яһудилер секілді айрықша мән беріп, сол күні ораза ұстауды міндет санауға қатысты. Кей ғалымдар сенбіні осылай жеке белгілеп ораза ұстауды харамға жақын мәкрүһ санаған.

2. Хадистегі لِحَاءَ عِنَبَةٍ тіркесі сырттай «жүзімнің қабығы» дегенді білдіреді. Ғалымдар оны жүзім сабағының қабығы деп түсіндірген. Одан кейін ағаш шыбығының аталуы осы күні ораза ұстамау керектігін күшейте түседі. Яғни жеуге ештеңе табылмаса, бір шыбықты шайнап болса да оразаны үзу айтылған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», 51 (№ 2421). Тирмизи, «Саум», 43 (№ 744). Ибн Мәжа, «Сиям», 38 (№ 1726). Әбу Дәуіт хадис үкімінің күші жойылғанын айтқан. Тирмизи хадисті хасан деп бағалаған.