وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ بُسْرٍ السُّلَمِيِّ عَنْ أُخْتِهِ الصَّمَّاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَا تَصُومُوا يَوْمَ السَّبْتِ إِلَّا فِيَمَا افْتَرَضَ اللَّهُ عَلَيْكُمْ، فَإِنْ لَمْ يَجِدْ أَحَدُكُمْ إِلَّا لِحَاءَ عِنَبَةٍ أَوْ عُودَ شَجَرَةٍ فَلْيَمْضُغْهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَقَالَ إِنَّهُ حَدِيثٌ مَنْسُوخٌ، وَحَسَّنَهُ التِّرْمِذِيُّ. «لِحَاءُ الْعِنَبَةِ»: قِشْرُهَا.
Абдулла ибн Буср әс-Суләми бірге туған әс-Саммадан (р.а.) мына риуаятты жеткізген: «Алла елшісі: “Алла сендерге парыз еткен оразадан басқа оразаны сенбі күні ұстамаңдар. Қайсыбірің жеуге жүзім сабағының қабығынан не ағаштың бір шыбығынан басқа ештеңе таппаса, соны шайнасын”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадисте сенбіні жеке бөліп, ораза ұстауға тыйым салынған. Ғалымдар сенбіні жұма секілді жеке оразаға арнауға тыйым салынуын яһудилерден ерекшеленумен түсіндірген. Көпшілік бұл тыйымды харамдықты білдіретін тыйымға емес, істемеу абзал саналатын мәкрүһке жатқызған. Хадистегі ерекшелікке парыз, нәзір, қаза және кәффарат оразалары кіреді. Арафа, Ашура, айдың жарық күндеріндегі ораза не адам әдетте ұстап жүрген нәпіл ораза сенбіге түссе де, оразаға рұқсат берген. Ибн әл-Мәләк осы қатарға зұлхижжаның алғашқы он күніндегі ораза мен Дәуіт пайғамбардың оразасын да қосқан. Оның түсіндіруінше, тыйым сенбіге яһудилер секілді айрықша мән беріп, сол күні ораза ұстауды міндет санауға қатысты. Кей ғалымдар сенбіні осылай жеке белгілеп ораза ұстауды харамға жақын мәкрүһ санаған.
2. Хадистегі لِحَاءَ عِنَبَةٍ тіркесі сырттай «жүзімнің қабығы» дегенді білдіреді. Ғалымдар оны жүзім сабағының қабығы деп түсіндірген. Одан кейін ағаш шыбығының аталуы осы күні ораза ұстамау керектігін күшейте түседі. Яғни жеуге ештеңе табылмаса, бір шыбықты шайнап болса да оразаны үзу айтылған.
- 1Әбу Дәуіт, «Саум», 51 (№ 2421). Тирмизи, «Саум», 43 (№ 744). Ибн Мәжа, «Сиям», 38 (№ 1726). Әбу Дәуіт хадис үкімінің күші жойылғанын айтқан. Тирмизи хадисті хасан деп бағалаған.