Хадис

Кутуб ситтә, № 3180

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
434. Ораза сүннеттері
Нөмірі
№ 3180 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3180
Кутуб ситтә, № 3180 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: تَسَحَّرُوا فَإِنَّ فِي السَّحُورِ بَرَكَةً». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) «Сәресі ішіңдер. Өйткені сәресіде береке бар», – дегенін жеткізеді.1

Түсіндірме

1. Алла Елшісі (с.а.с.) бұл хадисте сәресі ішуге үндейді. Ғалымдар өзге риуаяттарды да ескере отырып, бұл бұйрық сәресінің мәндүп екенін білдіреді деген. Ибн Хажардың жеткізуінше, Ибн әл-Мунзир сәресі ішудің мәндүп екеніне ғалымдар бірауыздан келіскенін айтқан.

Сәресі – ораза ұстайтын адамның таң атпай тұрып ішетін асы. Сәресі ішу үшін тойып алу шарт емес. Алла Елшісі (с.а.с.) «Бір жұтым су болса да, сәресі ішіңдер», – деген. Ибн Хажар аздап ас жеп не су ішудің өзі сәресіге жататынын айтады. Ахмад ибн Ханбалдың Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткізген хадисінде Алла Елшісі (с.а.с.) «Сәресі – береке. Бір жұтым су болса да, сәресіні өткізіп алмаңдар. Алла сәресі ішкендерге рақым етеді, періштелер олар үшін дұға қылады», – деген.

2. Ибн Хажар хадисте уәде етілген берекені сауап деп түсіндіреді. Сәресіден алған күш оразаны сергек өткізуге көмектесетінін де айтады. Кейбір ғалымдар берекені таңсәріде оянып, дұға ету мүмкіндігі деп түсіндірсе, енді біреулер сәресіден әр алуан береке табылатынын айтқан.

• Сүннетті орындау.

• Ораза ұстауда кітап иелеріне ұқсамау.

• Құлшылыққа күш жинау.

• Күнді сергек өткізу.

• Аштық салдарынан мінездің бұзылуына жол бермеу.

• Сол уақытта қайыр сұраған адамға не дастарқандас кісіге садақа беру мүмкіндігін табу.

• Дұға қабыл болатын түннің соңғы бөлігінде дұға етіп, зікір айту.

• Ұйықтар алдында оразаға ниет етуді ұмытқан адамның ниетін жаңғыртуына мүмкіндік тууы.

  1. 1Бұхари, «Саум», 20 (№1923). Мүслим, «Сиям», №1095. Тирмизи, «Саум», №708. Нәсәи, «Саум», 18 (4/141).