وَعَنْ نُبَيْشَةَ الْهُذَلِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَيَّامُ التَّشْرِيقِ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ وَذِكْرٍ لِلَّهِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ. «أَيَّامُ التَّشْرِيقِ»: ثَلَاثَةُ أَيَّامٍ بَعْدَ النَّحْرِ، سُمِّيَتْ بِذَلِكَ لِأَنَّهُمْ كَانُوا يُشَرِّقُونَ فِيهَا لُحُومَ الْأَضَاحِيِّ فِي الشَّمْسِ.
Нубайша әл-Һузали (р.а.) Алла елшісінің: «Тәшриқ күндері – ішіп-жеу және Алланы еске алу күндері», – дегенін жеткізген.1
Түсіндірме
Бұл хадистен исламдағы мерекенің тағы бір сипаты көрінеді: ол – Алланы еске алу. Мереке мен демалыстың мәнін ұғынуда осыған да назар аударған жөн. Мереке – ас ішіп, көңіл көтеретін әрі Алланы көбірек еске алатын күн. Мереке күнін парыз таң намазынан бөлек айт намазымен бастау да осыны білдіреді. Мүміннің апталық мерекесі – жұма күнінің де арнайы намазы мен құтбасы бар. Алланы еске алумен басталған мереке мен демалыс күнін мүмін осы мәнге сай өткізгені жөн. Тамақтану, зиярат жасау секілді істерде де дін белгілеген шектен шықпаған абзал.
- 1Мүслим, «Сиям», 144 (№ 1141a–b). Алланы еске алу тіркесі екінші нұсқасында бар.