Хадис

Кутуб ситтә, № 3170

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
433. Ораза ұстауға тыйым салынған күндер
Нөмірі
№ 3170 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3170
Кутуб ситтә, № 3170 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Уқба ибн Амир (р.а.)

وَعَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «يَوْمُ عَرَفَةَ، وَيَوْمُ النَّحْرِ، وَأَيَّامُ التَّشْرِيقِ عِيدُنَا أَهْلَ الْإِسْلَامِ، وَهِيَ أَيَّامُ أَكْلٍ وَشُرْبٍ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَقَالَ التِّرْمِذِيُّ: حَدِيثٌ حَسَنٌ صَحِيحٌ.

Қазақша аудармасы

Уқба ибн Амир (р.а.) Алла елшісінің: «Арафа күні, құрбан шалатын күн және тәшриқ күндері – біз мұсылмандардың мерекесі. Бұл – ішіп-жейтін күндер», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

1. Алла елшісі мұнда мерекенің бір сипатын айтқан. Мереке – ішіп-жейтін күн. Сондықтан екі айттың алғашқы күнінде ораза ұстауға тыйым салынған.

2. Бұл хадисте тәшриқ күндері де мереке саналған. Оларды «әййәм әл-мағдудат» және «әййәм Мина» деп те атайды. Олар зұлхижжаның он бірінші, он екінші және он үшінші күндеріне сәйкес келеді. Тәшриқ күндерін белгілеуде пікір алшақтығы болғанымен, дәйекті пікір бойынша, олар – құрбан шалатын күннен кейінгі үш күн. «Тәшриқ» құрбан етін күн көзіне жайып кептіру дегенді білдіреді.

Тәшриқ күндері ораза ұстау жайында ғалымдардың пікірлері әртүрлі. Нәуәуи: «Ол күндері ешқандай ораза ұстау халал емес дейтіндерге осы хадис дәлел», – дейді. Шафиғи мәзһабындағы екі пікірдің негізге алынғаны да осы. Әбу Ханифа мен Ибн әл-Мүнзир де осы пікірде. Кей ғалымдар кез келген адамға сол күндері нәпіл және басқа да ораза ұстауға болады деген. Зубайр ибн әл-Аууам, Ибн Омар және Ибн Сириннен осындай пікір жеткен. Мәлик, Әузағи, Исхақ ибн Раһуя және Шафиғи бір пікірінде: «Бұл күндері тек тәматтуғ қажылығын жасап, шалатын құрбандық таба алмаған адамға ораза ұстауға рұқсат», – деген. Олар Бұхариде Айша мен Ибн Омардан мауқуф түрде жеткен мына риуаятқа сүйенген: «Тәшриқ күндері шалатын құрбандық малын таба алмаған адамға ғана ораза ұстауға рұқсат етілді».2

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», 49 (№ 2419). Тирмизи, «Саум», 59 (№ 773). Нәсәи, «Мәнәсик», 195 (5/252). Тирмизи бұл хадисті хасан-сахих деп бағалаған.
  2. 2Бұхари, «Саум» (№ 1997–1998).