وَعَنْ زِرِّ بْنِ حُبَيْشٍ قَالَ: «قُلْنَا لِحُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَيَّ سَاعَةٍ تَسَحَّرْتَ مَعَ النَّبِيِّ ﷺ؟ قَالَ: هُوَ النَّهَارُ إِلَّا أَنَّ الشَّمْسَ لَمْ تَطْلُعْ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.
Зирр ибн Хубайш былай дейді: «Хузайфадан (р.а.) “Алла Елшісімен (с.а.с.) сәресіні қай уақытта іштің?” – деп сұрадық. Ол “Күндіз еді, бірақ күн әлі шықпаған”, – деп жауап берді».1
Түсіндірме
Синди бұл хадистегі «наһар» сөзін шариғаттағы «күндіз» ұғымымен2 байланыстырады, ал «шәмс» сөзі бұл жерде таңды меңзейді дейді. Оның түсіндіруінше, Хузайфа сәресіні таң атуға таяу ішкенін айтқан.
Қуртуби бұл риуаят пен алдыңғы хадистің арасында қайшылық барын айтады. Алдыңғы хадисте сәресі таң атпай аяқталғаны баяндалса, мұнда оқиға басқаша көрінеді. Ибн Хажар екі хадисті екі бөлек жағдайға қатысты деп түсіндірген. Хузайфаның риуаяты Алла Елшісінің (с.а.с.) үнемі солай сәресі ішкенін білдірмейді. Ибн Хажар Хузайфа баяндаған оқиғаны ертерек болған деп болжайды.
Айни бұл жауапты жеткіліксіз деп санап, Әбу Жағфар әт-Тахауидің түсіндірмесін келтіреді. Тахауи Хузайфа жеткізген хадистен кейін оған сырттай қайшы көрінетін бірнеше риуаятты, соның ішінде Бұхари мен Мүслім екеуі де жеткізген мына хадисті атайды: «Біләлдің азаны тамақтануларыңа бөгет болмасын. Ол намаз оқып тұрған кісіні қайтару және ұйықтап жатқан кісіні ояту үшін азанды ертерек айтады». Бұл сөздің «Таңның ақ жібін түннің қара жібінен ажыратқанға дейін жеп-ішіңдер» («Бақара» сүресі, 187-аят) деген аят түспей тұрып айтылуы да мүмкін. Әбу Бәкір әр-Рази Хузайфаға телінген риуаяттың ахад екенін және оның Хузайфадан жеткенінің өзі анық еместігін алға тартады. Оның пікірінше, таңның ағаруын айқын меже еткен аяттың үкіміне сүйену керек.