Хадис

Ауыз ашуға асығу

Кутуб ситтә, 8-том, 436-тарау · 14 хадис · № 3190–3203

Хадистер

3190
Кутуб ситтә, № 3190 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Сәһл ибн Сағд (р.а.)

عَنْ سَهْلِ بْنِ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يَزَالُ النَّاسُ بِخَيْرٍ مَا عَجَّلُوا الْفِطْرَ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) «Адамдар ауыз ашуға асыққан сайын жақсылықтан кенде болмайды», – дегенін жеткізеді.1

  1. 1Бұхари, «Саум», 45 (№1957). Мүслим, «Сиям», №1098. Мәлик, «Муатта», «Сиям», 6 (1/288). Тирмизи, «Саум», №699.
3191
Кутуб ситтә, № 3191 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ سَمِعَ عَبْدَ الْكَرِيمِ بْنَ أَبِي الْمُخَارِقِ يَقُولُ: «مِنْ عَمَلِ النُّبُوَّةِ تَعْجِيلُ الْفِطْرِ وَالِاسْتِينَاءُ بِالسَّحُورِ». «اسْتِينَاءُ»: التَّأَنِّي وَالتَّأْخِيرُ.

Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Абдулкарим ибн Әбу әл-Мухариқтың «Ауызашарды ертерек, сәресіні кейінірек ішу – пайғамбарлардың амалынан», – дегенін естіген.1

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Қаср әс-салат», 46 (1/158).
3192
Кутуб ситтә, № 3192 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يُفْطِرُ قَبْلَ أَنْ يُصَلِّيَ عَلَى رُطَبَاتٍ، فَإِنْ لَمْ تَكُنْ رُطَبَاتٌ فَتُمَيْرَاتٍ، فَإِنْ لَمْ تَكُنْ تُمَيْرَاتٌ حَسَا حَسَوَاتٍ مِنْ مَاءٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَاللَّفْظُ لَهُ.

Қазақша аудармасы

Әнәстің (р.а.) айтуынша, Алла Елшісі (с.а.с.) намаз оқымай тұрып бірнеше балғын құрмамен ауыз ашатын. Балғын құрма табылмаса, кепкен құрмамен ауыз ашатын. Кепкен құрма да болмаса, бірнеше жұтым су ішетін.1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», №2356. Тирмизи, «Саум», №696.
3193
Кутуб ситтә, № 3193 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ مُعَاذِ بْنِ زُهْرَةَ قَالَ: «بَلَغَنِي أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ كَانَ إِذَا أَفْطَرَ قَالَ: اللَّهُمَّ لَكَ صُمْتُ وَعَلَى رِزْقِكَ أَفْطَرْتُ».

Қазақша аудармасы

Муғаз ибн Зуһра былай дейді: «Маған жеткен хабарда Алла Елшісі (с.а.с.) ауыз ашқанда “Аллаһумма ләкә сумту уә ғалә ризқикә әфтарту”, яғни “Уа, Алла! Сен үшін ораза ұстадым, берген ризығыңмен ауыз аштым”, – дейтін».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», №2358.
3194
Кутуб ситтә, № 3194 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ مَرْوَانَ بْنِ سَالِمٍ عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يَقُولُ إِذَا أَفْطَرَ: ذَهَبَ الظَّمَأُ، وَابْتَلَّتِ الْعُرُوقُ، وَثَبَتَ الْأَجْرُ إِنْ شَاءَ اللَّهُ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَزَادَ رَزِينٌ فِي أَوَّلِهِ: «الْحَمْدُ لِلَّهِ».

Қазақша аудармасы

Мәруан ибн Сәлим Ибн Омардан (р.а.) мына сөзді жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) ауыз ашқанда “Шөл қанды, тамырлар нәр алды. Алла қаласа, сауап та бекіді”, – дейтін». Разин жеткізген нұсқада дұға «Аллаға мақтау болсын» деген сөзбен басталады.1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», №2357. Разин нұсқасындағы қосымша Ибраһим Жананның «Күтүб-и ситтә» жинағының 9-томында (500-бет, №3194) келтірілген.
3195
Кутуб ситтә, № 3195 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «وَاصَلَ النَّبِيُّ ﷺ فِي آخِرِ شَهْرِ رَمَضَانَ، فَوَاصَلَ نَاسٌ مَعَهُ، فَبَلَغَهُ ذَلِكَ، فَقَالَ: لَوْ مُدَّ لَنَا الشَّهْرُ لَوَاصَلْنَا وِصَالًا يَدَعُ الْمُتَعَمِّقُونَ تَعَمُّقَهُمْ. إِنِّي لَسْتُ مِثْلَكُمْ، إِنِّي أَظَلُّ يُطْعِمُنِي رَبِّي وَيُسْقِينِي». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ. الْمُوَاصَلَةُ: هُنَا أَنْ يَصُومَ يَوْمَيْنِ أَوْ ثَلَاثَةً لَا يُفْطِرُ فِيهَا. وَالتَّعَمُّقُ: الْمُبَالَغَةُ وَمُجَاوَزَةُ الْحَدِّ فِي الْأَمْرِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.с.) Рамазанның соңында ауыз ашпастан оразасын жалғастырды. Кей адамдар да оған еріп, солай істеді. Бұл хабар Алла Елшісіне жеткенде, ол “Егер ай біз үшін ұзарса, шектен шыққандар райынан қайтатындай оразаны үзбей жалғастырар едік. Менің жағдайым сендердікіндей емес. Раббым мені тамақтандырып, сусындатып тұрады”, – деді».1

وَمَعْنَى «يُطْعِمُنِي وَيُسْقِينِي»: أَيْ يُعِينُنِي وَيُقَوِّينِي عَلَيْهِ، فَيَكُونُ ذَلِكَ بِمَنْزِلَةِ الطَّعَامِ وَالشَّرَابِ لَكُمْ.

Түсіндірме

1. Уисал – бірнеше күн қатарынан ауыз ашпай ораза ұстау. Алла Елшісі (с.а.с.) өзі уисал ұстағанымен, үмбетін оған үндемеген. Табандап қойғандарға шамалары жетпейтінін көрсету үшін рұқсат берген. Бірақ сол кезде Рамазан айы аяқталып қалды. Ай ұзарса, шектен шыққандар төзімі таусылып, жеңілдік сұрайтындай ұзақ жалғастыратынын айтқан.

Ибн Хажар мұны Алла Елшісінің (с.а.с.) Тайыфты қоршағандағы әрекетіне ұқсатады. Тайыф жұрты берік қамалына бекінгенде, Алла Елшісі қоршауды тоқтатып, кері қайтуды жөн көрді. Әскер қоршауды жалғастыруды қалады. Сонда Алла Елшісі ертесіне ертемен шайқасқа шығуды бұйырды. Бірталай кісі жараланып, қиындық көрді. Содан кейін әскер кері қайтуға бейіл болды. Алла Елшісі қайтуға бұйрық бергенде, жұрт қуанды.

2. Кей ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, уисалға түбегейлі тыйым салынбағанын, төзімі жеткен адам оны шамасына қарай ұстай алатынын айтқан. Дегенмен Пайғамбар (с.а.с.) былай деген:

إِيَّاكُمْ وَالْوِصَالَ، إِيَّاكُمْ وَالْوِصَالَ

«Уисалдан аулақ болыңдар, уисалдан аулақ болыңдар».

Ибн әл-Арабидің түсіндіруінше, сахабаларға берілген рұқсат оларды райынан қайтару үшін жасалған, оны жалпыға ортақ рұқсат деп түсінуге болмайды.

3. Хадистегі «тағаммуқ» сөзі қатты кетуді, шектен шығуды білдіреді. «Раббым мені тамақтандырады әрі сусындатады» дегенді оразаны жалғастыруға Алланың күш-қуат беруі деп те түсіндірген. Бұл қуат оған ас пен сусынның орнын басады.

  1. 1Бұхари, «Саум», 48, «Тәмәнни», 9. Мүслим, «Сиям», №1103–1105. Тирмизи, «Саум», №778.
3196
Кутуб ситтә, № 3196 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ أَبِي بَكْرِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ: «أَنَّ أَبَاهُ أَخْبَرَ مَرْوَانَ أَنَّ عَائِشَةَ وَأُمَّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَخْبَرَتَاهُ أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ كَانَ يُدْرِكُهُ الْفَجْرُ جُنُبًا فِي رَمَضَانَ مِنْ غَيْرِ حُلُمٍ، فَيَغْتَسِلُ وَيَصُومُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір ибн Абдуррахманның әкесі Мәруанға мына хабарды жеткізген: «Айша мен Үммі Сәләма (р.а.) “Алла Елшісі (с.а.с.) Рамазанда ихтиләм себепті емес, жүніп күйде таң атыратын. Содан кейін ғұсыл алып, оразасын ұстайтын”, – деген».1

Түсіндірме

1. Хадисте таң атқанда жүніп күйде болған адамның оразасына қатысты үкім айтылады. Алғашқы буын ғалымдары жүніп адамның оразасы жарамды ма, жүніп екенін білген адам мен ұмытқан адамның, сондай-ақ парыз бен нәпіл оразаның үкімі бірдей ме деген сауалдарға әртүрлі жауап берген. Көпшілік ғалым мұндай оразаны жарамды деп санаған.

2. «Ихтиләм себепті емес» деген сөздің мәнін Үммі Сәләманың тағы бір риуаяты ашады: «Алла Елшісі (с.а.с.) менімен жақындасқаннан кейін жүніп күйде таң атыратын. Өзі ораза ұстап, маған да ұстауды бұйыратын».

Қуртуби бұл риуаяттан екі тұжырым шығарады:

• Алла Елшісі (с.а.с.) Рамазан түнінде жұбайымен жақындасып, таң атқаннан кейін ғұсыл алған. Осы арқылы үмбетіне мұның шариғатта рұқсат екенін көрсеткен.

• Ол түстегі ихтиләм салдарынан емес, жұбайымен жақындасқандықтан жүніп болған. Қуртубидің түсіндіруінше, ихтиләм шайтаннан, ал Алла Елшісі (с.а.с.) шайтанның кесапатынан қорғалған.

Кей ғалымдар «ихтиләм себепті емес» деген сөзден Алла Елшісінде (с.а.с.) де ихтиләм болуы мүмкін деген ишара көреді. Қуртуби оны шайтанның ықпалынан қорғалған деп, бұл пікірді қабылдамаған. Басқа түсіндірме бойынша, Үммі Сәләма Рамазан түнінде әдейі жақындасқан адамның келесі күнгі оразасы бұзылады деген пікірді теріске шығару үшін осы жағдайды айрықша атаған.

  1. 1Бұхари, «Саум», 22 және 25 (№1925–1926, №1930). Мүслим, «Сиям», №1109. Мәлик, «Муатта», «Сиям», 12 (1/291). Әбу Дәуіт, «Саум», №2388–2389. Тирмизи, «Саум», №779. Нәсәи, «Таһарат», 123 (1/108).
3197
Кутуб ситтә, № 3197 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Амир ибн Рабиға (р.а.)

وَعَنْ عَامِرِ بْنِ رَبِيعَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ مَا لَا أَعُدُّ وَلَا أُحْصِي يَسْتَاكُ وَهُوَ صَائِمٌ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَعْلِيقًا وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Амир ибн Рабиға (р.а.) «Алла Елшісінің (с.а.с.) ораза кезінде тісін мисуәкпен тазалағанын санап тауыса алмастай көп көрдім», – деген.1

  1. 1Бұхари, «Саум», 27 (муаллақ риуаят). Әбу Дәуіт, «Саум», №2364. Тирмизи, «Саум», №725.
3198
Кутуб ситтә, № 3198 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّهُ قَالَ: «يَسْتَاكُ الصَّائِمُ أَوَّلَ النَّهَارِ وَآخِرَهُ، وَلَا يَبْلَعُ رِيقَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) «Ораза ұстаған адам күннің басында да, соңында да мисуәк қолданады, сол кезде сілекейін жұтпайды», – деген.1

Түсіндірме

Бұл екі риуаят ораза ұстаған адамға мисуәк қолдануға болатынын көрсетеді. Хаттабидің айтуынша, кей ғалымдар оразалы адамның ауыз иісі ауызашарға дейін сақталсын деп, күннің соңына таман мисуәк қолдануды мәкруһ санаған. Бұл пікір Имам Шәфиғи мен Әузағиға да телінеді. Осы көзқарасты ұстанғандар Әбу Һурайраның (р.а.) Атаға айтқан мына сөзін дәлел еткен: «Мисуәкті екіндіге дейін қолдан. Екінді намазынан кейін оны қоя тұр. Өйткені мен Алла Елшісінің (с.а.с.) “Ораза ұстаған адамның ауыз иісі Алланың алдында жұпар иісінен де жағымды”, – дегенін естідім».

Бұл тақырыпта дәрежесі бұдан жоғары риуаяттар да бар. Сол себепті ғалымдардың көпшілігі оразалы адамның мисуәк қолдануын мәкруһ санамаған.

  1. 1Бұхари, «Саум», 25 (тарау басындағы муаллақ хабар).
3199
Кутуб ситтә, № 3199 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنْ لَمْ يَدَعْ قَوْلَ الزُّورِ وَالْعَمَلَ بِهِ، فَلَيْسَ لِلَّهِ تَعَالَى حَاجَةٌ فِي أَنْ يَدَعَ طَعَامَهُ وَشَرَابَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) «Кім жалған сөз бен соған сай ісін тыймаса, оның ішіп-жеуден тыйылуына Алла мұқтаж емес», – дегенін жеткізеді.1

Түсіндірме

1. Хадисті алғаш оқығанда өтірік пен ғайбат сияқты тыйым салынған сөздерді қоймаған адамға оразасын тоқтатуға бұйырғандай көрінуі мүмкін. Ғалымдар мұны өтіріктен сақтандыру деп түсінген.

Ибн Батталдың түсіндіруінше, хадистің көздегені – күнәға барған адамға оразасын тоқтатуды айту емес, оны өтіріктен және соған ұқсас істерден тыю.

«Соған ұқсас істер» дегенге хадистің басқа нұсқаларындағы қосымша сөздер жатады. Кейбірінде надандық, енді бірінде қиянат пен өтірік аталады.

2. Ибн Хажар хадистегі «зур» сөзін жалғандық, надандық пен жөнсіздік деп түсіндіреді.

Ибн Хажар «Алла мұқтаж емес» деген сөздің астарлы мағынасын ашады. Алла еш нәрсеге мұқтаж болмағандықтан, мұндағы сөз оразаның қабыл болуына қатысты айтылған. Ол мұны «Алла оның мұндай оразасын қаламайды» деп түсіндіреді.

Ибн әл-Арабидің түсіндіруінше, хадисте айтылған іске барған адам оразасының сауабынан қағылады. Оразаның сауабы жалған сөз бен оған ілесе жүретін күнәлармен бірге таразыға тартылады.

Бәйдауи оразаның мақсаты ашығумен шектелмейтінін айтады. Ораза нәпсінің құмарын тежеп, жамандыққа итермелейтін нәпсіні тыныштық тапқан нәпсіге айналдыруы керек. Осы мақсат орындалмаса, ораза қабыл болмайды деп түсіндіреді. «Алла мұқтаж емес» деген сөз осы салдарды адамға түсінікті тілмен жеткізеді.

Ибн Хажар Бәйдауидің бұл сөзін ораза сауабының кемуіне қатысты деп ұққанын жазады. Ал оған қарсы пікір айтқандар үлкен күнәлардан тыйылған адамның кіші күнәлары кешірілетінін алға тартқан.

  1. 1Бұхари, «Саум», 8 (№1903), «Әдеп», 51. Әбу Дәуіт, «Саум», №2326. Тирмизи, «Саум», №707.
3200
Кутуб ситтә, № 3200 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا دُعِيَ أَحَدُكُمْ إِلَى طَعَامٍ وَهُوَ صَائِمٌ، فَلْيَقُلْ: إِنِّي صَائِمٌ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) «Қайсыбірің асқа шақырылып, ораза ұстап жүрген болса, “Мен оразамын” десін», – дегенін жеткізеді.1

Түсіндірме

Нәуәуи бұл сөзді өз жағдайын айтып, үзірін жеткізу деп түсіндіреді. Шақырған адам оны түсініп, баруын талап етпесе, бару міндет емес. Үй иесі қайта шақырса, барғаны жөн. Ораза шақыруды қабылдауға бөгет болмайды. Қонаққа барған соң оразалы адам ас ішпей, себебін айта алады. Ал ораза ұстамаған адам асқа қатысады. Бұл айырмашылық сахих хадистерде, шақыру жайлы бөлімде ашық айтылады. Үй иесінің көңіліне тиетін болса, нәпіл ораза ұстаған адамның ауыз ашуы мұстахаб. Ондай жағдай болмаса, оразасын жалғастырғаны жөн. Парыз оразаны ашуға болмайды.

Хадис қажет болғанда намаз оқып немесе басқа нәпіл құлшылық жасап жүргенін айтуға болатынын да көрсетеді. Қажет болмаса, нәпіл құлшылықты жасырын ұстау мұстахаб.

Хадис айналадағы адамдармен ізгі қарым-қатынас жасап, көңіліне қарауға үндейді.

  1. 1Мүслим, «Сиям», №1150. Әбу Дәуіт, «Саум», №2461. Тирмизи, «Саум», №780–781. Ибн Мәжа, «Сиям», №1750.
3201
Кутуб ситтә, № 3201 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ نَزَلَ عَلَى قَوْمٍ فَلَا يَصُومَنَّ تَطَوُّعًا إِلَّا بِإِذْنِهِمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ، وَقَالَ: «هَذَا حَدِيثٌ مُنْكَرٌ، لَا نَعْرِفُ أَحَدًا مِنَ الثِّقَاتِ رَوَى هَذَا الْحَدِيثَ عَنْ هِشَامِ بْنِ عُرْوَةَ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) «Кім бір елге қонаққа түссе, олардың рұқсатынсыз нәпіл ораза ұстамасын», – дегенін жеткізеді.1

Түсіндірме

Хадис қонаққа нәпіл ораза ұстау үшін үй иесінен рұқсат сұрауды ұсынады. Кей хадис ғалымдары мұндағы тыйымды тәнзиһи мәкруһ, яғни харамға жетпейтін құпталмаған амал деп түсіндірген. Рұқсат сұрау – үй иесіне құрметтің белгісі. Әбу әт-Тайибтің айтуынша, қонақ оразасымен үй иесіне салмақ салмауы керек. Өйткені оған сәресі мен ауызашарда бөлек ас әзірлеу қажет болуы мүмкін. Қонақтың үй иесімен бірге ас ішуі мұндай әурені жеңілдетеді. Үй иесінің ыңғайына қарау да қонақ әдебіне жатады.

  1. 1Тирмизи, «Саум», №789. Тирмизи хадисті мүнкәр деп бағалаған және оны Һишам ибн Уруадан жеткізген сенімді рауиді білмейтінін айтқан.
3202
Кутуб ситтә, № 3202 · тараудағы реті: 13

وَعَنْ أُمِّ عُمَارَةَ بِنْتِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ دَخَلَ عَلَيْهَا، فَقَدَّمَتْ إِلَيْهِ طَعَامًا، فَقَالَ لَهَا: كُلِي. فَقَالَتْ: إِنِّي صَائِمَةٌ، فَقَالَ: إِنَّ الصَّائِمَ إِذَا أُكِلَ طَعَامُهُ صَلَّتْ عَلَيْهِ الْمَلَائِكَةُ عَلَيْهِمُ السَّلَامُ حَتَّى يَفْرُغُوا». وَفِي رِوَايَةٍ: «الصَّائِمُ إِذَا أَكَلَ عِنْدَهُ الْمَفَاطِيرُ صَلَّتْ عَلَيْهِ الْمَلَائِكَةُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Алла Елшісі (с.а.с.) Үммі Ұмара бинт Кәғбтың (р.а.) үйіне кіргенде, ол ас ұсынды. Алла Елшісі «Өзің де же», – деді. Ол «Мен оразамын», – деп жауап берді. Сонда Алла Елшісі «Ораза ұстаған адамның қасында ас ішілсе, періштелер олар ас ішіп болғанша оразалы адамға дұға етеді», – деген. Өзге нұсқада періштелердің оразалы адамның жанында ораза ұстамағандар ас ішкен кезде оған дұға ететіні айтылған. Тағы бір нұсқада «дастарқандағылар тойғанша» делінген.1

  1. 1Тирмизи, «Саум», №784–786.
3203
Кутуб ситтә, № 3203 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا تَصُمِ الْمَرْأَةُ وَبَعْلُهَا شَاهِدٌ إِلَّا بِإِذْنِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. وَزَادَ أَبُو دَاوُدَ: «فِي غَيْرِ رَمَضَانَ». وَاللَّهُ أَعْلَمُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) «Күйеуі қасында болғанда әйел оның рұқсатынсыз нәпіл ораза ұстамасын», – дегенін жеткізеді.1

Түсіндірме

Хадис күйеуі қасында болғанда әйелдің нәпіл ораза үшін одан рұқсат сұрауына қатысты. Рамазан оразасы үшін мұндай рұқсат қажет емес. Кей риуаяттардағы لَا تَصُومُ الْمَرْأَةُ غَيْرَ رَمَضَانَ «Әйел Рамазаннан өзге уақытта ораза ұстамасын...» деген сөз де осы айырманы көрсетеді. Уақыты тығыз болған басқа міндетті оразалар үшін де рұқсат алу шарт еместігі айтылған.

Көпшілік ғалым осы хадиске сүйеніп, күйеуі қасында болғанда оның рұқсатынсыз нәпіл ораза ұстауға тыйым салынған деп есептейді. Нәуәуи Шәфиғи мәзһабындағы кейбір ғалымдардың мұны мәкруһ санағанын келтіріп, өзі оны тыйым мағынасында түсіндірген.

Нәуәуи Мүслім жинағына жазған түсіндірмесінде бұл тыйымды ерлі-зайыптылардың отбасылық хақымен байланыстырады. Оның пікірінше, күйеуінің жақындасу хақы сол сәтте орындалуы тиіс болғандықтан, нәпіл не кейінге қалдыруға болатын уәжіп ораза оған бөгет болмауы керек. Әйел рұқсатсыз ораза ұстаған кезде ері жақындасуды қаласа, Нәуәуи оны рұқсат деп, әйелдің оразасы бұзылады деп түсіндіреді. Дегенмен күйеуі оразаны бұзуға тартынуы мүмкін. «Күйеуі қасында болғанда» деген сөз күйеуі сапарда болса, әйелге нәпіл ораза ұстауға рұқсат берілетінін білдіреді. Нәуәуидің пікірінше, күйеуі сапардан қайтып келгенде сол хақын талап ете алады. Ал жақындасуға шамасы келмейтіндей ауырған кісінің үкімі сапардағы кісінің үкіміне ұқсас.

Мухаллаб хадистегі тыйымды тәнзиһи мәкруһ деп түсіндірген. Оның пікірінше, бұл тыйым ерлі-зайыптылардың арақатынасына қатысты. Әйел күйеуінің уақытылы орындалуы тиіс хақына кедергі келтірмейтін нәпіл құлшылықты рұқсатсыз да атқара алады. Мухаллаб күйеуі әйелінің бастап қойған құлшылығын бұзуға құқылы емес деп біледі.

Хадис отбасылық хақты сақтаудың нәпіл құлшылықтан бұрын тұратынын көрсетеді. Ғалымдар мұны міндетті амалдың нәпілден бұрын орындалатынына мысал етеді.

  1. 1Бұхари, «Никах», 84, 86. Мүслим, «Зекет», №1026. Әбу Дәуіт, «Саум», №2485. Тирмизи, «Саум», №782. «Рамазаннан басқа уақытта» деген сөз Әбу Дәуіт нұсқасында бар.