وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنْ لَمْ يَدَعْ قَوْلَ الزُّورِ وَالْعَمَلَ بِهِ، فَلَيْسَ لِلَّهِ تَعَالَى حَاجَةٌ فِي أَنْ يَدَعَ طَعَامَهُ وَشَرَابَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) «Кім жалған сөз бен соған сай ісін тыймаса, оның ішіп-жеуден тыйылуына Алла мұқтаж емес», – дегенін жеткізеді.1
Түсіндірме
1. Хадисті алғаш оқығанда өтірік пен ғайбат сияқты тыйым салынған сөздерді қоймаған адамға оразасын тоқтатуға бұйырғандай көрінуі мүмкін. Ғалымдар мұны өтіріктен сақтандыру деп түсінген.
Ибн Батталдың түсіндіруінше, хадистің көздегені – күнәға барған адамға оразасын тоқтатуды айту емес, оны өтіріктен және соған ұқсас істерден тыю.
«Соған ұқсас істер» дегенге хадистің басқа нұсқаларындағы қосымша сөздер жатады. Кейбірінде надандық, енді бірінде қиянат пен өтірік аталады.
2. Ибн Хажар хадистегі «зур» сөзін жалғандық, надандық пен жөнсіздік деп түсіндіреді.
Ибн Хажар «Алла мұқтаж емес» деген сөздің астарлы мағынасын ашады. Алла еш нәрсеге мұқтаж болмағандықтан, мұндағы сөз оразаның қабыл болуына қатысты айтылған. Ол мұны «Алла оның мұндай оразасын қаламайды» деп түсіндіреді.
Ибн әл-Арабидің түсіндіруінше, хадисте айтылған іске барған адам оразасының сауабынан қағылады. Оразаның сауабы жалған сөз бен оған ілесе жүретін күнәлармен бірге таразыға тартылады.
Бәйдауи оразаның мақсаты ашығумен шектелмейтінін айтады. Ораза нәпсінің құмарын тежеп, жамандыққа итермелейтін нәпсіні тыныштық тапқан нәпсіге айналдыруы керек. Осы мақсат орындалмаса, ораза қабыл болмайды деп түсіндіреді. «Алла мұқтаж емес» деген сөз осы салдарды адамға түсінікті тілмен жеткізеді.
Ибн Хажар Бәйдауидің бұл сөзін ораза сауабының кемуіне қатысты деп ұққанын жазады. Ал оған қарсы пікір айтқандар үлкен күнәлардан тыйылған адамның кіші күнәлары кешірілетінін алға тартқан.
- 1Бұхари, «Саум», 8 (№1903), «Әдеп», 51. Әбу Дәуіт, «Саум», №2326. Тирмизи, «Саум», №707.