وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا دُعِيَ أَحَدُكُمْ إِلَى طَعَامٍ وَهُوَ صَائِمٌ، فَلْيَقُلْ: إِنِّي صَائِمٌ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.
Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) «Қайсыбірің асқа шақырылып, ораза ұстап жүрген болса, “Мен оразамын” десін», – дегенін жеткізеді.1
Түсіндірме
Нәуәуи бұл сөзді өз жағдайын айтып, үзірін жеткізу деп түсіндіреді. Шақырған адам оны түсініп, баруын талап етпесе, бару міндет емес. Үй иесі қайта шақырса, барғаны жөн. Ораза шақыруды қабылдауға бөгет болмайды. Қонаққа барған соң оразалы адам ас ішпей, себебін айта алады. Ал ораза ұстамаған адам асқа қатысады. Бұл айырмашылық сахих хадистерде, шақыру жайлы бөлімде ашық айтылады. Үй иесінің көңіліне тиетін болса, нәпіл ораза ұстаған адамның ауыз ашуы мұстахаб. Ондай жағдай болмаса, оразасын жалғастырғаны жөн. Парыз оразаны ашуға болмайды.
Хадис қажет болғанда намаз оқып немесе басқа нәпіл құлшылық жасап жүргенін айтуға болатынын да көрсетеді. Қажет болмаса, нәпіл құлшылықты жасырын ұстау мұстахаб.
Хадис айналадағы адамдармен ізгі қарым-қатынас жасап, көңіліне қарауға үндейді.
- 1Мүслим, «Сиям», №1150. Әбу Дәуіт, «Саум», №2461. Тирмизи, «Саум», №780–781. Ибн Мәжа, «Сиям», №1750.