عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ عَبْدٌ فَبَايَعَ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى الْهِجْرَةِ، وَلَمْ يَشْعُرْ أَنَّهُ عَبْدٌ. فَجَاءَ سَيِّدُهُ يُرِيدُهُ، فَقَالَ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بِعْنِيهِ. فَاشْتَرَاهُ مِنْهُ بِعَبْدَيْنِ أَسْوَدَيْنِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, һижрет етуге серт берді. Алла елшісі оның құл екенін білмеді. Кейін иесі оны алып кетуге келді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) “Оны маған сат” деп, әлгі кісіні қара нәсілді екі құлға айырбастап сатып алды»1.
Түсіндірме
Шархта әлгі құл иесінің мұсылман болуы ықтимал делінеді. Мүслімнің нұсқасына қарағанда, осы оқиғадан кейін Алла елшісі (с.а.с.) серт беруге келгендерден құл ма, басы азат па деп сұрап отырған. Автор мұны һижретке серт берген кісіге сол сертін орындауға мүмкіндік беру үшін Пайғамбардың (с.а.с.) оны сатып алып, бұрынғы иесінің билігінен шығарғанымен түсіндіреді.
Ғалымдар осы риуаятты сол дәуірде бір құлды екі құлға қолма-қол айырбастауға рұқсат болғанының дәлелі деп түсіндірген. Нәуәуи құл иесі де, айырбасқа берілген екі адам да мұсылман болуы ықтимал дейді. Оның уәжі бойынша, мұсылман құлды мұсылман емес адамға сатуға рұқсат етілмеген. Дегенмен Нәуәуи құл иесінің немесе айырбасқа берілген екі адамның мұсылман болмауы мүмкін екенін де ескерткен.
Автор бұл оқиғаны біртекті заттардың тең емес айырбасына рұқсат етілген жағдайлардың бірі деп көрсетеді. Нәуәуи құлдық дәуіріндегі осындай мәміледе құны тең не әртүрлі болса да, бір құлды екеуіне қолма-қол айырбастауға ғалымдар бірауыздан рұқсат бергенін жазады. Ал екі тараптың бірі өз өтемін кейін беретін айырбас туралы пікірлер әртүрлі. Шафиғи мен ғалымдардың көпшілігі оны рұқсат деп санаған, Әбу Ханифа мен куфалық ғалымдар рұқсат етпеген.
Автор осы үкімді мал айырбасына да қатыстырады.
- 1Мүслим, «Мусақат», №1602. Тирмизи, «Сияр», №1596. Әбу Дәуіт, «Сауда-саттық», №3358. Нәсәи, «Бәйғат», №4184, «Сауда-саттық», №4621. Ибн Мәжа, «Жиһад», №2869.