وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: دِينَارٌ أَنْفَقْتَهُ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، وَدِينَارٌ أَنْفَقْتَهُ فِي رَقَبَةٍ، وَدِينَارٌ تَصَدَّقْتَ بِهِ عَلَى مِسْكِينٍ، وَدِينَارٌ أَنْفَقْتَهُ عَلَى أَهْلِكَ أَعْظَمُهَا أَجْرًا الَّذِي أَنْفَقْتَهُ عَلَى أَهْلِكَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) былай деді: “Бір динарды Алла жолына жұмсадың, бір динарды құл азат етуге бердің, бір динарды мұқтаж жанға садақа еттің, тағы бір динарды отбасыңа жұмсадың. Осылардың ішінде сауабы ең молы – отбасыңа жұмсағаның”»1.
Түсіндірме
Бұл хадис отбасы мүшелеріне қаражат жұмсауға үндейді. Отбасы мұқтаждық көріп отырғанда, әуелі соның қажеті өтеледі. Отбасын асырау – парыз, ал өзге қайырымдылыққа қаражат бөлу – мәндүп. Парыз бен нәпіл амалдың сауабы да бірдей болмайды. Адам өзіне қажеттісін өтеген соң, артылғанын басқаларға жұмсай алады. «Бақара» сүресінің 219-аятында «Сенен нені жұмсайтындарын сұрайды. “Қажеттеріңнен артылғанын”, – де» делінген. Нәпақаға жұбайы мен бала-шағасының, мұқтаж болса, қарт ата-анасының азық-түлігі, киім-кешегі мен баспанасы тәрізді негізгі қажеттері кіреді. Бұлардың бәріне ортақ бір мөлшер белгіленбеген. Қоғамның тұрмыс деңгейі мен қалыптасқан ғұрпы ескеріледі. Отбасына қажеттісін ысырапсыз жұмсаған адамның өзге қайырлы істерге де қаражат бөлуге шамасы жетеді. Дәулеттілердің тұрмысына теңелемін деген кісі қайырымдылыққа үлес қосу мүмкіндігінен айырылып қалуы ықтимал.
- 1Мүслим, «Зекет», 39-тарау, №995.