وَعَنْ أَبِي مَسْعُودٍ الْبَدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ الْمُسْلِمَ إِذَا أَنْفَقَ عَلَى أَهْلِهِ نَفَقَةً وَهُوَ يَحْتَسِبُهَا كَانَتْ لَهُ صَدَقَةً». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.
Әбу Мәсғуд әл-Бадри (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Мұсылман адам сауабын Алладан үміт етіп, отбасына нәпақа жұмсаса, сол шығыны оған садақа болып жазылады”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Отбасыға жұмсалған қаражаттың садақа саналатыны бірнеше риуаятта айтылады. Олардың кейбірінде «сауап үміт ету» деген тіркес кездеспейді. Көп адам отбасын асырауды табиғи міндеті деп біледі. Мұсылман осы міндетті Алладан сауап үміт етіп атқарса, ол құлшылық мәніне ие болады. Мұһаллаб былай түсіндіреді: «Отбасын асырау ер кісіге міндет екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен. Шариғат парыз нәпақаны садақа деп атау арқылы одан да сауап жазылатынын білдірген. Садақаның сауабын жұрттың бәрі біледі. Адам өзге сауапты істерді көздеп, өз отбасын елеусіз қалдырмауы керек. Әуелі міндетті нәпақаны өтейді, содан кейін нәпіл қайырымдылыққа қаражат бөледі».
2. Хадистегі «нәпақа» сөзі негізгі тұрмыс қажеттерін білдіреді. Жайлылық үшін орынсыз шашылған қаражат садақаға жатпайды. Ысырапқа бой алдырған адам қолында қалғанын да «Отбасыма жұмсайын» деп жұмсап, өзге ізгі істерге қатыса алмай қалуы мүмкін. Ал азық-түлік пен киім-кешекке қажетті мөлшерді айқындап алған адам қалған қаржысын үнемдей алады.
- 1Бұхари, «Нәпақат», 1-тарау, «Иман», 41-тарау (№55). Мүслим, «Зекет», 48-тарау (№1002). Нәсәи, «Зекет», 60-тарау (5/69). Тирмизи, «Бирр», 42-тарау (№1966).