وَعَنْ حَكِيمٍ بْنِ مُعَاوِيَةَ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: مَا حَقُّ زَوْجَةِ أَحَدِنَا عَلَيْهِ؟ قَالَ: أَنْ تُطْعِمُهَا إِذَا طَعِمْتَ، وَأَنْ تَكْسُوهَا إِذَا اكْتَسَيْتَ، وَلَا تَضْرِبِ الْوَجْهَ، وَلَا تُقَبِّحْ، وَلَا تَهْجُرْ إِلَّا فِي الْبَيْتِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Хаким ибн Муғауия әкесінен (р.а.) жеткізеді: «Уа, Алла Елшісі, әйелдің күйеуіндегі ақысы қандай?» – деп сұрадым. Ол: «Өзің тамақ ішсең, оны да тамақтандыр. Өзің киінсең, оны да киіндір. Бетінен ұрма, қорлама. Бөлектенсең, үйдің ішінде ғана бөлектен», – деді1.
Түсіндірме
1. Алдыңғы хадистегі шектеуге мұнда тағы бір талап қосылады. Алла Елшісі (с.а.с.) әйелдің бетінен ұруға тыйым салған. Ғалымдар мұны әйелдің күйеуіндегі ақыларының бірі ретінде қараған.
2. «Тақбих» сөзі жанға бататын сөз айту, қорлау, балағаттау немесе қарғау дегенді білдіреді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне осылай сөйлеуге дағдыланса, шаңырақтың шырқын бұзып, ажырасуға дейін баруы мүмкін. Оның ауыртпалығы ерге де, әйел мен балаға да тиеді.
3. Үйдің ішінде ғана бөлектену туралы сөз алдыңғы хадистегі төсекті бөлу тіркесін түсіндіреді. Автордың түсіндіруінше, ол бірге тұратын үйдің шегінде, бөлек төсекке немесе басқа бөлмеге жату түрінде болады. Бұл шектеу әйелді үйден қууға немесе ердің үйін тастап кетуіне жол бермейді. Құранды тәпсірлеуімен танылған Ибн Аббас (р.а.) мұны бір төсекте теріс қарап, сөйлеспей жату деп түсіндірген.
- 1Әбу Дәуіт, «Неке», 42 (2142, 2143, 2144).